Білікті мамандар даярлау – басты міндет
Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыс әкімдігі білім басқармасына қарасты техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту орталығының директоры Айбар Сапарғалидың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Баяндамашы орталықтың атқарған жұмыстары туралы есеп беріп, алдағы жоба-жоспарлармен таныстырды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде еңбек қоғамын қалыптастыру, жастарды кәсіптік бағытқа бейімдеу және білікті жұмысшы кадрларды даярлау мәселелеріне ерекше назар аударып келеді. Президенттің тапсырмасына сәйкес 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланып, бұл бастама қоғамда еңбекқорлық пен кәсібилікті дәріптеудің маңызды қадамына айналды. Осы бағытта орталық өңірдегі техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының әлеуетін арттыру бойынша жүйелі жұмыстар атқарыпты. Атап айтқанда, білім беру ұйымдарына әдістемелік және ақпараттық қолдау көрсету, педагогтар мен басқарушы кадрлардың кәсіби құзыреттілігін арттыру, инновациялық білім беру тәжірибелерін енгізу және тарату, еңбек нарығының сұранысына сай мамандар даярлау сапасын жақсарту бағыттарында нақты іс-шаралар жүзеге асырылған.
Білім сапасы педагогтың кәсіби біліктілігіне тікелей байланысты. Осы ретте колледждердің инженер-педагогтарының біліктілігін арттыру мақсатында 2025 жылы 299 педагог, 17 басшылық құрам арнайы курстан өтіпті. Ал 2026 жылға арналған жоспарға сәйкес, «Talap» коммерциялық емес акционерлік қоғамы арқылы 31 басшы және олардың орынбасарлары, сондай-ақ 321 педагог қызметкердің біліктілігін арттыру көзделуде.
Баяндамашының айтуынша, бүгінгі таңда техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 28 864 студент білім алуда, оның 21 342-сі мемлекеттік тапсырыс негізінде оқиды. Биылғы оқу жылында 9 салаға сәйкес 65 мамандық бойынша 6 720 талапкер мемлекеттік тапсырыс негізінде оқуға түсіпті. Ал мақсатты мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде 117 кәсіпорынның сұранысына сәйкес 570 талапкер оқуға қабылданған.
Жасанды интеллект технологияларын білім беру процесіне енгізу – қазіргі заман талабы. Осыған орай өңір колледждерінде цифрлық құзыреттіліктерді дамыту, білім алушылардың IT және AI салаларына қызығушылығын арттыру, сондай-ақ педагогтардың цифрлық сауаттылығын жетілдіру бағытында кешенді іс-шаралар дайындалыпты. Осы орайда Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің, облыс әкімдігі цифрландыру және архивтер, білім басқармаларының бастамасымен Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің базасында жасанды интеллект пен бағдарламалау мамандарын даярлауға арналған «Tomorrow School» заманауи зертханасын ашу жоспарланып отыр.
Орталық директорының сөзіне сүйенсек, бұл бастамалар болашақ мамандардың бәсекеге қабілеттілігін арттырып қана қоймай, өңірдің цифрлық экономикасын дамытуға да өз үлесін қосады.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ