«Қарызсыз қоғам»: 38 689 адам құқықтық көмек алды
Көпшілікке ортақ түйткілдердің түйінін тарқату, халықтың мұң-мұқтажына құлақ түру, жергілікті жердегі маңызы бар мәселелерді дер кезінде шешу халық қалаулыларының назарынан тыс қалмайды. Осы бағыттағы жұмыстарды ширату мақсатында кеше «AMANAT» партиясының Тараз қалалық мәслихатындағы депутаттық фракция отырысы өтті.
Жиында партияның сайлауалды бағдарламасы аясында ерекше қажеттіліктері бар адамдарға қолдау көрсету барысы, партияның өңірлік сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі жол картасының орындалуы мен жетістіктері сөз болды. «Ауыл аманаты», «Жер аманаты», «Қарызсыз қоғам» және тағы басқа жобалардың жергілікті жердегі нәтижелері, сондай-ақ мәслихат депутаттарының халық алдындағы есептік кездесулер кестесін бекіту және өткізу форматы түсіндірілді. Сондай-ақ мемлекеттік органдарға жолданған депутаттық сауалдардың сапасы мен олардың орындалу деңгейі талқыланды. Сонымен бірге тұрғындардан түскен талап-тілектердің орындалуы және жаңа өтініштерді жинақтау мәселесі де тілге тиек етілді.
Отырыста сөз алған фракция мүшесі әрі «Қарызсыз қоғам» жобасының өңірлік үйлестірушісі Алтынай Молдашева атқарылып жатқан жұмыстар жайлы баяндама жасады.
Бұдан бөлек Тараз қаласы әкімінің орынбасары Ұлана Сламбекова, партияның облыстық филиалы төрағасының орынбасары Уәлихан Болатбек, фракция мүшесі Марат Жұманқұлов сөз сөйледі. Депутаттар баяндамашыларға сауалдарын жолдап, жауабын алды.
Басқосу қорытындысында ұсыныстар мен жауаптар хаттамаға енгізіліп, оның орындалуы фракцияның бақылауында болатыны айтылды.
Нұрбақыт ТҰТҚЫШБЕКОВ