Жамбыл жаңалықтары

Сұлутөрде сылдыр қақты бұлақтар

Облысымызда экологиялық мәдениетті қалыптастыру және табиғатты қорғау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы ретте кеше Т.Рысқұлов ауданы, Құлан ауылындағы Сұлутөр тауының бөктерінде «Мөлдір бұлақ» акциясы өтті.

Іс-шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Бағлан Қазиев, аудан әкімі Ернар Есіркепов, сондай-ақ аудандық қоғамдық және ардагерлер кеңестерінің төрағалары мен белсенді жастар қатысты.

Акцияның басты мақсаты – бұлақ көздерін ашу, өзен-көл жағалауларын тазарту және тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті арттыру.

Облыс әкімі Ербол Шырақпайұлы өз сөзінде мұндай бастамалардың маңыздылығына ерекше тоқталды. Аймақ басшысының айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясындағы «Мөлдір бұлақ» акциясы өңірде кеңінен қолдау тауып отыр.

Мұнан кейін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қожахан Бижанов сөз алып, көпшілікке ақ батасын беріп, табиғатты аялау әр азаматтың парызы екенін атап өтті.

Акция барысында қатысушылар бұлақ көздерін ашып, айналасын абаттандырды. Іс-шараға жастар да белсенді қатысты.

Еріктілердің бірі Мағжан Дәкен акцияның жастар үшін маңызы зор екенін жеткізді.

Жалпы жыл басынан бері өңірде өткізілген экологиялық акцияларға 18 мыңнан аса адам және 850-ге жуық кәсіпорын мен мекеме қатысқан. Нәтижесінде 45,8 мыңнан аса жасыл желек отырғызылып, 1,8 мың шақырым көше жолдары тазаланған. Сонымен қатар 410 шақырым арық жүйелері мен каналдар ретке келтіріліп, 72,4 мың шаршы метр саябақтар мен скверлер аумағы абаттандырылды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 1,8 мың тоннадан астам күл-қоқыс шығарылған.

Мұндай ауқымды шаралар өңірде экологиялық мәдениеттің қалыптасуына, табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға және қоршаған ортаны қорғауға деген жауапкершілікті арттыруға зор үлес қосуда.

Айжан ӨЗБЕКОВА