«Толғанай, Толғанай, сен болсаң болғаны-ай»
Бастапқыда бәрі қарапайым таныс тықтан басталады. Бір-бірін тану, мінез-құлқын байқау, ортақ дүниелерді табу – осының бәрі қарым-қатынастың негізін қалайды. Уақыт өте келе сенім қалыптасады. Сол сенім екі адамды жақындатып, бір-біріне арқа сүйей алатын деңгейге жеткізеді.
Қиын сәттерде бірге болу, бірін-бірі түсіне білу, тыңдай алу – махаббаттың шынайылығын көрсететін негізгі белгілердің бірі. Осындай қарапайым, бірақ маңызды әрекеттер арқылы ғана сезім беки түсіп, қарым-қатынас тереңдейді.
Жұбайым Толғанаймен танысуымыздың өзі қызық. Ол көршіміздің бөлесі болатын.
Жұмыстан бас алмай, жеке өміріме уақыт бөлуге мұршам болмай жүргенін көрген анам мені үйлендіруді өз қолына алған болатын. Бір күні анам «осындай қыз бар, танысып көр» деп қазіргі келіншегімнің нөмірін берген еді.
Бірақ аса мән бермей, ұмытып кетіппін. Арада біраз уақыт өткен соң ғана есіме түсіп, Толғанаймен сөйлесіп көруге белді бекем будым. Алғашында жұбайымның «WhatsApp» нөміріне жаздым, жауап ала алмадым. «Instagram» желісіне жаздым, жауап жоқ. Тіпті «TikTok» парақшасына дейін жаздым, бәрібір жауап болмады. Сөйтіп, келіншегім бес айдай «назданып» жүрді. Кейін барып көңілін тауып, ақыры сөйлесіп кеттік.
Алғаш рет 2024 жылдың 29 желтоқсанында кездестік. Мен Таразда, ал Толғанай Алматы облысының Қарғалы ауылында тұрады. Толғанайды қатты көргім келгені соншалық, сол ауылға арнайы барып жолықтым. Бір көргеннен ұнаттым. Көп созбай, сол кездесуден кейін-ақ үйлену туралы шешім қабылдадық. Арада бір ай өткенде ата-баба дәстүрімен құлағына сырға салып қойдық. Бұрынғының жолымен, көпті дүрліктірмей, барлығын өзара келісіп жасадық.
18 сәуір күні шаңырақ көтердік. Биыл жеке отбасы болып, отау құрғанымызға бір жыл толады. Біз ұзақ уақыт қыз-жігіт болып жүрген жоқпыз, бар болғаны бір-ақ рет кездесіп, содан кейін нақты шешімге келдік.
Толғанайымның қатты ұнаған қасиеті – шынайылығы. Ішінде сақтап қалмай, бәрін тіке айтады. Ал өзім сәл жайбасарлаумын, кейде жалқаулығым да бар. Ол керісінше – еңбекқор, жинақы. Осы жағынан бір-бірімізді толықтырып тұрмыз.
Қазір Алла қаласа, ең қуанышты сәттердің бірін күтіп отырмыз. Келесі айда тұңғышымыз дүниеге келеді. Соған дайындалып, үлкен жауапкершілікті сезініп жүрміз.
Медеу МЫРЗАТАЙ,
облыстық жастар ресурстық орталығы
директорының орынбасары