Үйленуге қалай ұсыныс жасаған дұрыс?
Қазіргі жігіттер сүйіктісіне ұсыныс жасауға үлкен жауапкершілікпен қарайды. Бірі романтикалық кеш, енді бірі достарының көмегімен флешмоб ұйымдастырып, көпшілік алдында тосынсый жасайды. Тағы бірі табиғат аясында, ерекше локацияда немесе ортақ естеліктерімен байланысты жерде ұсынысын білдіріп, сол сәттің мәнін арттыра түсуге ұмтылады.
Арнайы мерекелерді ұйымдастырумен айналысатын Аңсар Төлеуханов заман талабына сай, яғни қазір ұсыныс жасаудың да форматы өзгеріп жатқанын, өзі де осы уақытқа дейін біраз жұптың бақытты сәттерінің куәгері болғанын айтады.
Иә, бүгінде қыздар ұсыныс жасау сәтінің әдемі, ерекше, есте қаларлықтай болғанын қалайды. Қазір бұл қалыпты нәрсеге айналды. Ал бұрын бәрі басқаша еді. Сөз салу деген ұғым болмады деуге болады. Көбіне ата-ананың келісімімен немесе алып қашумен аяқталатын. Арнайы дайындық, әдемі сөз, салтанат, романтика деген жоқтың қасы.
Біздің бұл ойымызды аяулы жар, ардақты ана, ұлағатты ұстаз Айша Ермекқызы да қолдап, көтеріп отырған мәселемізге қатысты пікірін білдірді.
Қызығы, тұрмысқа шығатыны алдын ала белгілі болса да бойжеткендер дәл осы ұсыныс жасау сәтін ерекше күтеді. Тараз қаласының тұрғыны Көркем Әлдибектің айтуынша, бұл – тек «иә» деп жауап беру емес, қарым-қатынастың жаңа кезеңіне өтудің символикалық белгісі.
Ал Ержігіт Назар есімді кейіпкеріміз алаулатып жалаулатып ұсыныс жасауға қарсы екенін, бұл тек еріккендердің ермегі деп есептейтінін жеткізді.
Әңгіме үйлену тақырыбына ойысқанда адамдардың пікірі де әралуан болып келеді. Әркім өз түсінігімен қарайды. Бірі «салтанаттың керегі жоқ, бастысы – екі жастың бақыты» деп санаса, енді бірі, керісінше, сол сәтті ерекше етіп өткізгісі келеді. Ал сіз қалай ойлайсыз, құрметті оқырман!
Сымбат ҚУАНЫШ