Махаббат – адам өміріндегі мәңгілік құндылық
«Мың жұлдызы болса да, байқамайсың басқаны, Бір жұлдыздан тұрады шаңырақтың аспаны!» – деп Қадыр Мырза Әлі жырлағандай, айналаңда мың жақының жүрсе де жаныңды бір-ақ адам жылытады. Тіпті мұңайтып, қуантатын да сол. Сол бір ғана адам үшін өмір сүріп, бір ғана жан үшін өмірін қиғандар да бар. Бұл кіршіксіз сезімнің соңынан кеткендер өз ғашығының ешқандай қателігін көрмей қалатын – зағип, кемшілігін байқамай қалатын – меңіреу, жамандығын естімей қалатын – саңырауға айналады. Яғни махаббат деген мейірім мен сүйіспеншілікке ғана тұнып тұрған шексіз сезім.
Қазақтың жауһар жырларында дәл осындай кіршіксіз сезімнің ізі сайрап жатыр. Соның бірі «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» дастанындағы қос ғашықтың тағдыры. Қозы мен Баянның махаббаты бесіктен басталып, жүрекпен жалғасқан тағдырлы байланыс еді. Олар бір бірін көрмей тұрып-ақ жанымен танып, өмірін бір арнаға тоғыстырды. Бірақ тағдырдың қатал желі олардың бақытын шайқалтпай қоймады. Қара ниетті қызғаныш пен пендешілік қос ғашықтың жолына тосқауыл болды. Сонда да Қозының Баянға деген адалдығы мен Баянның сертке беріктігі кешегі күннен бүгінге жеткен мәңгілік үлгі болып қалды. Олардың махаббаты ажалдан да биік, уақыттан да ұзақ ғұмыр кешті.
Ал Еңлік пен Кебек махаббат үшін қоғамның қатал заңдарына қарсы шықты. Олар үшін сезім еркіндіктің ең биік шыңы еді. Қос жүрек бір-бірін таңдағанда бүкіл әлемге қарсы тұруға дайын болды. Алайда сол батылдық олардың тағдырын трагедияға айналдырды. Дегенмен олардың махаббаты жеңілген жоқ. Ұрпақ санасында азаттық пен адалдықтың символы болып сақталды.
Осындай дастандардан бір ғана жанға деген адалдықтың қандай құдіретке ие екенін сезініп өстік. Бір ғана адам үшін өмір сүру – жүректің шынайы таңдауы. Ол таңдауда есеп те, пайда да болмайды, болған да емес. Тек таза сезім мен шексіз сенім ғана бар. Сол сенім адамды биікке жетелеп, рухын асқақтатады. Өміріне шуақ құйып, нәрлендіреді. Әр күнін қуанышқа бөлейді. Сол жанның ғана күлкісі жанарыңа жарық сыйлайды, мұңы жүрегіңе салмақ түсіреді.
Қазақ даласының кең тынысын кернеген мұңлы бір әуен бар, ол – «Құсни-Қорлан» әні. Сол әннің әрбір иірімінде тағдырдың жазылмаған жыры жатыр. Бұл – Естай Беркімбайұлы мен Қорланның қосыла алмаған, бірақ өшпеген махаббатының үні. Естай сүйіктісін алғаш көрген сәттен-ақ жандүниесі өзгеріп сала береді. Ол қыздың жүзі таң шапағындай нұрлы, үні сыңғырлаған бұлақтай таза еді. Сол сұлулыққа, сол тазалыққа ғашық болған Естай жүрегін еріксіз соған байлап қояды.
Қорлан өз дәуірінің салт-дәстүріне тәуелді еді. Ол басқа біреуге ұзатылып кетеді. Сол сағыныш әнге айналып, Естайдың «Құсни-Қорлан» әні дүниеге келеді. Кейін Қорлан өз немересін қасына шақыртып алып, әнді сырт көзден тасаланып, үнсіз ғана тыңдайды екен. Ән әуені көтерілген сайын ол көз жасына ерік беріп, ішіндегі бүкіл сағыныш пен өкінішті сыртқа шығаратын болған. Ал Естай ақын 72-ге келіп, тіршілікпен қоштасар шағында аласұрып, жан досы Нұрлыбекті іздепті. Екі күндік қашық жерде тұратын Нұрлыбек аттан құлап, аяғын сындырып алғанына қарамастан, арбаға жамбастай жатып жеткен екен. Сонда Естай әбден жұқарып, тозуға айналған сұқ саусағындағы жүзігін көрсетіп: «Сүйегіме кіретін қарттарға ескерт. Мына жүзікті жарты ғасыр қолымнан тастамай келгенімді білесің. Ендеше қалған ғасырларда да саусағымда жарқырап жатсын... Ұлы сезімін кішкене жүзігіне сыйдырған қайран Қорланым-ай!» – деп ағыл-тегіл жылапты.
Кейде қосыла алмаған махаббаттың өзі ең таза, ең биік күйінде сақталады. Тарихта аты қалған осы тағдыр иелері – соның дәлелі. Олардың қосыла алмағаны жеңіліс емес, керісінше, махаббаттың мәңгілікке айналған сәті сияқты. Бүгінгі күні де ешқандай қиындықтарға қарамай бақытқа қол жеткізген жұптар аз емес. Солардың бірі – Бақдәулет пен Құралай. Бақдәулет жол апатына түсіп, өмірі күрт өзгергеннен кейін арбаға таңылып қалады. Сол сәттен бастап болашағы бұлыңғыр болып көрінсе де өмірге деген құштарлығын жоғалтпады. Қиын күндердің бірінде оның жолы Құралаймен тоғысты. Ару қыз жігіттің семіп қалған аяқ-қолдарына емес, оның ішкі әлеміне мән береді. Сол сәттен-ақ жүрегі таңдаған сал жігітке демеу болады. Олар өмірдің ауыртпалығын бірге еңсеріп келеді. Шаңырақ көтерді. Бүгінде бір қыз тәрбиелеп отырған отбасы махаббаттың бар екенін дәлелдеп берді. Сөйтіп, Құралай мен Бақдәулеттің махаббаты үміт пен адалдықтың символы ретінде жүректерге жол тапты.
Қазіргі заманның заманауи махаббат хикаялары қоғамның әртүрлі пікірін тудырса да, шынайы сезім бәрінен биік тұратынын дәлелдеп келеді. Осындай оқиғалардың бірі ретінде әнші Ерке Есмахан мен өнер иесі Райымбек Бақтыгерейдің арасындағы тағдыр жолы жиі айтылады. Әнші қыз өмірдің талай сынағын көріп, ана ретінде де, әйел ретінде де үлкен жауапкершілік арқалаған болатын. Ал Райымбек 14 жас кіші болса да оның жандүниесін түсініп, шынайы қолдау көрсетті. Олардың таныстығы біртіндеп сыйластық пен сенімге ұласып, терең сезімге айналды. Бұл жұп та қоғамның сыны мен күдігіне қарамастан шаңырақ көтеріп, балалы шағалы болды. Осылайша олар махаббат тек сезім емес, жауапкершілік пен адалдықтың көрінісі екенін айқындай түсті.
Махаббат – адам жүрегіндегі ең терең сезімнің бірі. Ол уақыт пен кеңістікті, қиындық пен кедергіні жеңуге қабілетті күш ретінде өмір сүріп келеді. Кейде ол қуаныш әкелсе, кейде сынақ арқылы шыңдай түседі. Махаббат бар жерде үміт те, сенім де бірге жүргеніне талай мәрте куә болып жүрміз. Ол адамды биік мақсаттарға жетелеп, өмірге деген құштарлығын арттырады. Сондықтан махаббат ешқашан жасқа, жағдайға немесе қиындыққа бағынбайды. Ол ұлт, жыныс, жағдайға қарамастан жүректерді біріктіріп, кез келген тағдырды тоғыстыратын қасиетті күш. Сол себепті махаббат адамзат өміріндегі мәңгілік әрі ең қымбат құндылық болып қала береді.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ