Саңырауқұлақ саудасында сұрақ көп
Адам баласы жаратылғалы табиғатпен етене жақын өмір сүріп келеді. Байырғы ата-бабаларымыз секілді азығымызды аңшылық, терімшілік арқылы айыратын дәуірді баяғыда-ақ артқа тастағанбыз. Солай дей тұра күнделікті қорегіміздің басым бөлігі жеміс-жидек пен өсімдік екенін жоққа шығара алмаймыз. Тіпті жиі тұтынатын дәмдеуіштер мен көкөніс, жеміс жидектер де сол табиғат-ананың бай қазынасынан алынады. Әсіресе әр халықтың ас мәзірінде ерекше орын алар саңырауқұлақтардың жөні бөлек.
Ғылыми деректерге сүйенсек, саңырауқұлақтар – ыдыратушылар. Олар өлі өсімдіктер мен жануар қалдықтарын ыдыратып, топырақты құнарландырады. Сонымен қатар кейбір саңырауқұлақтар ағаштардың тамырымен симбиоз құрып, олардың өсуіне көмектеседі. Бұл орманның саулығын сақтауда өте маңызды.
Ал көктем туып, жаз шыққанда, яғни бүгінгі тілмен айтсақ, «трендте» көш бастап, сұраныс артатын өсімдік – саңырауқұлақ. Табиғаттың баурайында, тал түбінде самсап өсетін бұл өскінге құмар жандар саны жылдан-жылға артып келеді. Десе де көбіне саңырауқұлақтар улы болып келеді. Ал оның жеуге жарамды түрлеріне ақ саңырауқұлақ, қозықұйрық, арышқұлақ, қайыңқұлақ және түлкішек жатады екен.
Қазір саңырауқұлақ саудасы нағыз қызып тұрған шақ. Десе де бұл өнімді жинаудың да, саудалаудың да өзіндік заңдылықтары мен талаптары бар. Жалпы бағаның жай-күйін және сауданың қалай жүріп жатқанын білмек мақсатта бірнеше базарды аралап қайтқан едік. Алдымен жолымыз Рысқұлов көшесінің бойындағы шағын базарға түсті. Осы жердегі сөрелерге қозықұйрық секілді өнімдерін тізген саудагерлермен тілдесіп, жағдайды бағамдап көрдік. Алайда сатушылардың көбі ашылып сөйлесуге ықылас танытпай, аты-жөндерін айтудан бас тартты. Соған қарамастан, базардағы тіршілік пен өнімге деген сұраныстың деңгейі бірден байқалады. Алған бетімізден қайтпай, сұрағымызға жауап беруге келіскен сатушыларға жолығып, өзімізге қажетті мәліметтерді ала алдық. Саудагерлердің сөзінше, оларға өнімді Мойынқұм, Жуалы сынды аудандар мен жылыжайда өсірілген саңыруқұлақтарды арнайы тасымалдаушылар жеткізеді. Күніне 2-3 қорап қабылдап алады екен. Келісін 2 000 теңгеден жоғары алып, 2 500-4 000 теңге аралығында сатылымға шығарады. Ал күнделікті 5-6 келі немесе одан да көп мөлшерде сатылып кететін көрінеді. Үш жылдан бері саудамен айналысып жүрген Мұрат Сапаровпен тілдескенімізде саңырауқұлақты биыл бірінші мәрте сатып жатқанын айтты. Аталған маусымдық жеңсік асты алып-сатудың пайдасы бар екенін де жасырмады. Өйткені нарықта саңырауқұлаққа сұраныс жоғары, тіпті күннен-күнге қозықұйрық іздеген адамның саны да артып келеді.
Мұнан соң «Қайқармет» базарын да шолып шыққанды жөн көрдік. Мұнда да баға сол шамада. Бірақ бір саудагер тау қозықұйрығының келісі 4 000, ал құм саңырауқұлағының келісі 2 500 теңге екенін айтты.
Ал тұтынушылардың ойын білмекке Қаратау қаласының тұрғыны Жүсіп Мұқашевпен тілдескен болатынбыз.
Егер жұрт иен даладан қап-қап қозықұйрық теріп, оны көтерме бағамен өткізіп жүрген болса, бұл қаншалықты заңды? Осы ой жетегімен облыстық адвокаттар алқасының адвокаты Гүлмира Ширановаға хабарластық. Маман азаматтарды заңнан аттамауға шақырды.
Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының деректеріне сүйенсек, облыстық мәслихаттың 2015 жылғы 25 маусымдағы шешіміне сәйкес бір адамға тек үш келі саңырауқұлақ теруге рұқсат етіледі. Мекеменің бас маманы Гүлмира Жабағиева заң аясындағы тәртіпті айтып берді.
Табиғатты қорғау әрі аялау – адам баласының міндеті. Сөз басында айтқанымыздай, біз қоршаған ортамен тығыз байланыста өмір сүреміз. Демек, оны қорғап, сақтай білу – өзіміз үшін маңызды іс. Саңырауқұлақ жеймін немесе пайдаға кенелемін деп жүргенде сан соғып жүрмесек игі.
Нұрбақыт МҰСАТИЛЛАҰЛЫ