Қоғам

Childfree: баласыз бақыт қона ма?

«Естімеген елде көп» дегендей, жаһандану үдерісімен бірге жанымызға жат саналатын жаңа ұғымдарға құлағымыз үйрене бастағандай. Соның бірі– кейінгі кезде жиі талқыланып жүрген «Childfree» сөзі. Түсінікті етіп айтсақ, бұл – саналы түрде бала сүюден бас тартқан адамдардың өмірлік ұстанымы. Бәзбіреулер үшін бала еркіндігін ұрлап, қолбайлау болады екен. Мұндай көзқарас туралы алғаш естігенде жағамызды ұстағанымыз жасырын емес. Өйткені, қазақ қоғамында бала – отбасының шамшырағы, ұрпақ жалғастығының кепілі.

Иә, халқымыздың дәстүрлі дүниетанымында баланы көздің нұрына теңеп, отбасының бақытына балайды. «Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» деп түсіндіреді. Осыдан-ақ ата анасының алпыс екі тамырын идіріп, жан жүрегін елжіретіп дүние есігін ашқан шақалаққа деген ата-ананың шексіз махаббатын сезесің. Бала – бауыр етің екенін ұғасың. Алайда уақыт өзгерген сайын адамдардың өмірге деген көзқарасы да түрленіп келеді. Кейбір жандар өз өмірінің мәнін баладан емес, жеке дамуынан, мансаптан немесе шығармашылықтан тауып жүр. Мысалы, біреу саяхаттауды армандайды. Енді біреу ғылымға ден қояды, одан басқалары тыныш, жауапкершіліксіз өмірді қалайды. Мұндай адамдар үшін еркіндік пен жеке кеңістік аса маңызды.

Расында, «сhildfree» болудың себептері әртүрлі. Соңынан ұрпақ қалғанын қаламайтындар моральдық немесе материалдық тұрғыдан дайын емес екенін сезінгендіктен осы қадамға барады. Әлемдегі әлеуметтік, экологиялық мәселелерге алаңдап, дүниеге жаңа өмір әкелуден бас тартатындардың тамыры тереңде. Өз денсаулығына немесе психологиялық жай күйіне байланысты осындай шешім қабылдайтындар да кездеседі. Қоғам кейде мұндай адамдарды түсінбей, сынап жатады. Алайда әр адамның өмірі – өз қолында. Әркімнің өз таңдауы бар.

Қазақы ортада бұл ұғым әлі де толық қабылдана қойған жоқ. Үлкендер жағы көбіне артында ұрпағы қалу керек деп есептейді. Бұл – ғасырлар бойы қалыптасқан құндылықтың көрінісі. Дегенмен жастар арасында пікір алшақтығы байқалады. Осылайша қоғамда екі түрлі дүниетаным қатар өмір сүріп келеді. Ең бастысы – әр адамның өз таңдауына құрметпен қарау. Өмірдің мәні әркім үшін әрқалай. Біреу оны ұрпағынан тапса, біреу өз жолынан табады. Ал шынайы бақыт өз жүрегің қалаған өмірді сүруде жатыр.

Осы орайда біз Тараз қаласында тұратын «сhildfree» үрдісін таңдаған екі бірдей жанмен тілдескен едік. «Олар неге бұл жолды таңдады? Балалы болу оларға несімен ұнамайды?» деген сынды сұрақтарды алға тарттық. 

Айару – екінші топ мүгедектігі бар әйел. Ол өзінің баланы неге сүйгісі келмейтінін былай түсіндірді:

Ал Талас ауданында туып-өскен Марат болса, биыл 48-ге толды. Ол өзінің неге бала сүйгісі келмейтінін айтқанда терең ойға шомып, ауыр күрсінді. Марат «сhildfree» болуға итермелеген киер киім, ішер асқа қол жеткізе алмаған ауыр кезеңдерді басынан кешірген балалық шағының салдары екенін жасырмады.

«Childfree» ұғымы бүгінгі қоғамдағы күрделі әрі сан қырлы құбылыстардың бірі. Ол тек бала сүюден бас тарту ғана емес, адамның өмірге, жауапкершілікке, жеке бостандығына, кейде денсаулығына байланысты өрбиді. Қоғамдағы кейбір жандар үшін бақыттың өлшемі ұрпақпен ғана шектелмейді, олар өз жолын, өз мәнін басқа арналардан табуға ұмтылады. Біреулер үшін еркіндік пен тыныштық маңызды болса, енді біреулер үшін шығармашылық, білім немесе жеке даму алдыңғы қатарға шығады. Ал енді кейбіреулерге психологиялық күйзеліс әсер еткені белгілі.

Айару мен Мараттың өмірлік таңдауы – осы көзқарастың айқын дәлелі. Айарудың денсаулығына байланысты қабылдаған шешімі әлсіздік емес, керісінше, үлкен жауапкершіліктің белгісі. Ол өз мүмкіндігін шынайы бағалап, болашақ баланың тағдырына немқұрайды қарамайтынын көрсетті. Ал Мараттың балалық шағында көрген ауыр тұрмыс, жоқшылық пен жетіспеушілік оның өмірге деген көзқарасын түбегейлі өзгертті. Ол өз басынан өткен қиындықтарды қайталағысы келмей, саналы түрде бала сүюден бас тартты. Бұл жерде әр адамның шешімі оның жеке тәжірибесі мен ішкі жандүниесіне тығыз байланысты екенін аңғарамыз.

Қазақ қоғамында мұндай таңдау әлі де толық қабылдана қоймағанымен, уақыт өте келе сан алуан түсінік қалыптасып келе жатыр. Өйткені өмірдің жалғыз ғана дұрыс үлгісі жоқ. Әр адам өз бақытының кілтін әртүрлі іздеп, әртүрлі жолмен табады. Сол таңдаудың ішіндегі ең асылы әрі маңыздысы – өз таңдауыңа адал болу және өзгелердің де шешіміне құрметпен қарау. Шынайы бақыт қоғамның қалыптастырған қағидаларына ғана бағыну емес, өз жүрегің қалаған өмірді саналы түрде сүре білу шығар. Қалай десек те, адам тағдыры әртүрлі екенін біле тұра, біздің ұлт үшін өмірдің ең үлкен мәндерінің бірі – ұрпақ жалғасы. Сол себепті бала сүйіп, оның болашағына жарық сыйлау – жүрек жылуын арттыратын ең асыл қазынаның бірі болып қала бермек.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ