Әлеумет

Шаруалар шегірткеден қорқады

Өсімдік зиянкестерімен күрес бір сәтке де тоқтамауы тиіс, әрі ол дер кезінде жүргізілуі керек. Оның ішінде шегіртке күбіршегі қай жерде бар екенін анықтау аса маңызды. Себебі жайылымға дейін отап тастайтын зиянкестің осы түрі егіс алқаптарына ауыз салса, мәселе сол кезде ушығады.

Меркі ауданындағы Ақтоған ауылы шаруалары зиянкестердің кесірінен өнім ала алмай қалудан қорқады. ҚР Фермерлер қауымдастығы Меркі ауданы бойынша филиалының төрағасы Тасқын Аташевтің айтуынша, былтыр шегірткемен күрес уақытынан кеш жүргізілген және зиянкесті жою әдісі көңілге қонымсыз.

Фермер көтерген мәселе жетегімен біз ҚР АШМ АӨК МИК облыстық аумақтық инспекциясына бардық. Онда бізді аталған мекеменің өсімдіктерді қорғау бөлімінің басшысы Сәбит Жүсіпов қарсы алып, ол өз шындығын жайып салды.

Маманның айтуынша, өткен жылы облыс бойынша 117 930 гектар алқапқа республикалық бюджет есебінен химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу болжамдалып, оның 35 200 гектарына әуе ұшақтарымен, 69 609 гектарына жерүсті бүріккіш техникалармен, 2 821 гектарына арнайы бүріккіш дрондар арқылы өңдеу жұмыстары жүргізіліпті. Оның ішінде Марокко шегірткесіне қарсы 26 434 гектарға, италиялық прус шегірткесіне қарсы 57 508 гектарға және құрғақшылыққа орай қосымша 10 300 гектарға, азиялық шегірткеге қарсы барлығы 23 688 гектарға жерүсті бүріккіштерімен, әуе ұшақ тәсілімен, дрондармен өңдеу жұмысы жүргізілген. Үйірлі шегірткелерге қарсы фитосанитариялық іс-шараларды жүргізуге барлығы 36 арнайы бүріккіш техника жұмылдырылыпты. Оның ішінде 2 ұшақ, 31 жерүсті бүріккіш және 3 дрон бар.

Биыл шегіртке тектес зиянкестерге, яғни ерекше қауіпті зиянды организмдерге қарсы күресу іс-шараларын сапалы және тиянақты атқару мақсатында аталған аумақтық инспекция тарапынан аудан әкімдеріне хат жолданыпты. Онда үйірлі шегірткелерге қарсы штаб құру туралы және химиялық өңдеу жұмыстары кезінде әр ауылдық округтерде жұмыс тобын құрып, инспекция мамандарымен бірігіп жұмыс істеу керектігі ескертілген екен. Аса қауіпті зиянды организмдерге қарсы фитосанитариялық шараларды үйлестіру мақсатында облыс әкімінің өкімімен облыстық штаб құрылған, 16 ақпан күні облыс әкімінің орынбасарымен бірінші штаб отырысы өтіп, барлық аудан әкімдерімен бірқатар мекемеге хаттамалық тапсырмалар беріліпті.

Біз көтерген мәселе – шаруа мен жауапты мекемелер арасындағы түсініспеушілікке қатысты түйткіл. Дегенмен маманның айтуынша, өңірде шегірткеге қарсы күрес жұмыстары жоспарға сай әрі белгіленген технологиялық талаптар аясында жүргізілуде. Зиянкестердің таралуы мүмкін аумақтар тұрақты бақылауға алынып, химиялық өңдеу шаралары жыл сайын дер кезінде жүзеге асуда. Арнайы техника мен препараттар да жеткілікті деңгейде жұмылдырылуда. Биыл да зиянкестердің ошағын анықтауда мониторинг жұмысы барынша күшейтілген, алдын алу шаралары жалғаса бермек. Мәселен, дүйсенбі күні фитосанитарлық іс шараларды жүргізуге жұмылдырылатын техниканың дайындығын тексеру мақсатында облыс әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабектің, тиісті мамандар және жергілікті әкімшілік өкілдерінің қатысуымен үлкен семинар кеңес өтті. Сол жерде қолда бар техникалар аудан-ауданға бөлінді.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ