Таза Қазақстан

Қордайлықтар жаппай сенбілікке шықты

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы мен көктемгі санитарлық тазалық айлығы аясында жақында Қордай ауданында ауқымды сенбілік өтті.

Игі іс-шара барысында мекеме қызметкерлері, әлеуметтік сала мамандары мен белсенді азаматтар Қордай ауылынан Отар стансасының аумағына дейінгі автожол жиегін қоқыстан арылтып, қураған ағаштарды кесті, шөп шауып, айналаны ретке келтіру жұмыстарын жүргізді. Акцияға қатысушылар үшін қоршаған орта мен ел игілігі жолындағы ортақ істің маңызын ұғыну, азаматтық жауапкершілікті арттыру, сондай-ақ экологиялық сана мен мәдениетті қалыптастырып, нығайту басты орында тұрды.

Ортақ іске ауданның барлық ауылдық округтерінен жиналған қордайлықтар бір кісідей атсалысты. Аудандық коммуналдық шаруашылық кәсіпорны, жол пайдалану мекемесі және ауылдық округтер бұл жұмысқа қажетті техникаларды толықтай жұмылдырды. Сенбілікке жалпы 40 техника, соның ішінде «HOWO» жүк көліктері мен тракторлар тартылып, тазалық жұмыстарына қолдау көрсетті.

Осылайша Қордай жұртшылығы жалпыұлттық шараға бір үйдің баласындай қатысып, ынтымақ-бірліктің, туған жерге деген жанашырлықтың жарқын үлгісін тағы бір мәрте паш етті.

Тазалық – халқымыздың мәдениеті мен парасатының өлшемі. Әрбір саналы азамат өзі тұратын өңірдің тазалығына бейжай қарамай, оны күтіп ұстауға күш салуы тиіс. Елді жұмылдырып, қоршаған ортаны ретке келтіруге бағытталған мұндай ауқымды шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын таба бермек.

Шолпан САБАНОВА,
журналист,
Қордай ауданы