Жеке бренд жетістікке жетелей ме?
Бүгінде елімізде кәсіпкерлік саласы қарқынды дамуда. Заман ағымына сай жаңа бағыттар, тың идеялар пайда болып, бизнес жүргізудің тәсілдері де өзгеруде. Мәселен, кейінгі жылдары кәсіпкерлік нысандарына иесінің аты-жөнін беру үрдісі белең алып келеді.
Бұл, бір жағынан, кәсіпкердің өз есімін брендке айналдыруы, танымал болуға ұмтылысы сияқты көрінеді. Ал екінші жағынан, көпшіліктің көкейінде «атың шықпаса, жер өрте» дегеннің кері емес пе деген сұрақ та туындайтыны жасырын емес.
Осы мәселенің заңдық және қоғамдық қырын тарқату үшін біз облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының бас маманы Гүлнұр Әмірбековамен тілдестік.
Демек, заң тұрғысынан қарағанда кәсіп иесінің өз аты-жөнін бизнесіне беруіне ешқандай кедергі жоқ. Ал қоғам бұл құбылысты қалай қабылдайды?
Ал бұл мәселеге бизнес және маркетинг тұрғысынан қарасақ, көпшіліктің пікірі мүлде өзгеше. Тараздық сату эксперті Айниль Әбуалы жеке брендтің маңыздылығын ерекше атап өтеді.
Айниль айтқандай, брендке немесе бизнеске өз есімін беру дәстүрі ертеден қалыптасқан. Көптеген әлемге танымал компаниялар өз атауын негізін қалаушылардың аты-жөнінен алған.
Мысалы, француз сәнгері Ив Сен-Лоран құрған «Yves Saint Laurent» сән әлеміне үлкен жаңалық әкеліп, әйелдерге арналған уни стилін енгізді. Ал Луи Вюиттон негізін қалаған «Louis Vuitton» бастапқыда жол сөмкелерімен танылып, бүгінде сән индустриясының алыбына айналды.
Ал Хуго Фердинанд Босс құрған «Hugo Boss» алғашында жұмыс киімдерін тіксе, кейін классикалық стиль мен хош иістерімен танылды. Ал италиялық Пьетро Барилья негізін қалаған «Barilla» шағын наубайханадан әлемдік макарон өнімдері нарығына шықты.
Сол сияқты Анри Нестле құрған «Nestlé» балалар тағамынан бастап, ірі корпорацияға айналса, Луиджи Лавацца негізін қалаған «Lavazza» – бүгінде әлемге әйгілі кофе өндіруші.
Неміс инженері Роберт Бош құрған «Robert Bosch GmbH» пен америкалық Генри Джон Хайнц негізін қалаған «Heinz» де өз есімдерін әлемдік брендке айналдырған табысты кәсіп иелерінің қатарында.
Осылайша көптеген танымал брендтердің атауы – олардың негізін қалаушылардың есімі арқылы тарихта сақталған мұра.
Байқағанымыздай, кәсіпке өз атын беру – біреулер үшін артық даңғойлық болып көрінсе, енді біреулер үшін тиімді маркетингтік стратегия. Заң тұрғысынан еш кедергі жоқ, ал қоғамда бұл тенденцияны екі түрлі қабылдайды. Біреу мақтаса, біреу даттайды. Дегенмен, уақыт көрсеткендей, қазіргі нарықта сенім мен танымалдық – ең құнды капитал. Ал оны қалыптастырудың бір жолы – өз есіміңді брендке айналдыру.
Айжан ӨЗБЕКОВА