Түркістан облысының тәжірибесі енгізілуде
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың тапсырмасына сәйкес «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының өкілдері Түркістан облысына жұмыс сапарымен барды. Тапсырма аясында алдағы уақытта Түркістан облысындағы шағын өндірістік парктерді құру тәжірибесін еліміздің басқа өңірлерінде қолдану жоспарлануда.
Делегация құрамында «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның қызметкерлерімен қатар, Қаржы министрлігінен, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінен, сондай-ақ барлық өңірлердің әкімдіктерінен келген 40-тан аса өкіл болды.
Сапар барысында қатысушылар Түркістан облысындағы бірқатар шағын өнеркәсіптік аймақтардың жұмысымен танысты. Атап айтқанда, «Сауран», «Ескі Иқан», «Иассы», «Дәморда», «Қарашық» және «Түркістан» индустриалды аймақтары, сондай-ақ арнайы экономикалық аймақ пен «Turkistan Textile» тоқыма кластері қамтылды.
Делегацияға ұсынылған жобалар қатарында сэндвич панельдер, тамшылатып суару жүйелері, жиһаз, өндірістік тоңазытқыштар, ішкі есіктер және полиэтилен өнімдерін шығаратын кәсіпорындар бар. Бұл өндірістер өңір экономикасының әртараптануына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етуде.
Айта кетейік, облыста 2025 жылы жалпы аумағы 40 000 шаршы метрді құрайтын 3 шағын өнеркәсіптік аймақ іске қосылды. Қазіргі таңда бұл аймақтарда шыңдалған шыны, есік және фиброцемент плиталарын өндіру жолға қойылған. Сонымен қатар сутегі асқын тотығына арналған ыдыстар, пластик және полимер құбырлар, тұрмыстық химия өнімдері мен тамшылатып суару жүйелерін шығару жобалары жүзеге асырылуда.
Сала мамандарының пікірінше, Түркістан облысының тәжірибесі басқа өңірлер үшін тиімді модель және алдағы уақытта кеңінен қолданылатын болады.
Айжан ӨЗБЕКОВА