«Ұстаз жолы» оқырманға жол тартты
Жуырда Сарыкемер ауылындағы Кенен Әзірбаев атындағы балалар саз мектебінің мәжіліс залында облыстың және Байзақ ауданының Құрметті ардагері, ардагер ұстаз Ниязхан Бейсеновтың «Ұстаз жолы» атты кітабының тұсаукесері өтті.
Іс-шараға аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Айбек Әжібаев, облыстық «Аq jol» және «АR-AI» газеттерінің бас редакторлары Оралхан Дәуіт пен Тұрсынбек Сұлтанбеков, бір топ ардагер, сондай-ақ автордың ұл-қыздары қатысты.
Рухани кешті ақын, сазгер Қасқырбай Нарбатыров жүргізіп, Ниязхан Тоқтамысұлының өмір жолы, ұстаздық қызметі жөнінде мол мағлұмат берді. Бұдан кейін Түймекент ауылдық ардагерлер кеңесінің мүшесі Жомарт Мұхамеджанов сөз алып, ардагер ұстаздың ұрпақ тәрбиесіндегі еңбегін ерекше атап өтті.
Іс-шара барысында ардагердің шәкірттері де сөз алып, естеліктерімен бөлісті. Атап айтқанда, аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Өсер Нұрбаев пен аудандық билер кеңесінің төрағасы Исағали Сәлімбаев ұстаздың еңбекқорлығы мен мамандығына деген адалдығына тоқталды.
Сондай-ақ жиында автордың бауыры Өсима Жакешева ағасының кітабына шолу жасап, иығына зерделі шапан жапты. Ал тұңғыш ұлы Бақытжан мен қызы Толқын әкелеріне деген жылы лебіздерін білдірді. Түймекент орта мектебінің директоры Қуат Төкбергенов ұжым атынан сый-сияпатын табыстады.
Кітаптың тұсауы кесілген соң жиналғандарға жаңа еңбек тарту етілді.
Сонымен қатар кеш иесінің қызы Жанар домбырамен халық әндерін орындаса, немересі Ахмедияр Дәулетұлы Мұқағалидың «Бақыт деген не өзі?» өлеңін мәнерлеп оқыды.
Іс-шараны Кенен Әзірбаев атындағы балалар саз мектебінің өнерпаздары ән мен күймен көркемдеп, кештің сәнін келтірді.
Сымбат ҚУАНЫШ