Брифинг

Мемлекеттік басқару академиясына құжат қабылдау басталды

1 сәуірден бастап Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына 2026-2027 оқу жылына құжат қабылдау басталды. Академияға түсудің талабы мен тәртібі қандай? Осы және өзге де ақпараттарды өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыс бойынша филиалының директоры Мәлік Асанов егжей-тегжейлі баяндады.

Мәлік Назымбекұлының айтуынша, оқу орнында магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша оқуға құжаттарды қабылдау «admission. apa.kz» ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Биыл үміткерлер 1 сәуірден бастап 1 маусымға дейін тіркеліп, өтініш бере алады. Яғни құжат қабылдау үдерісі 2 ай ғана жүзеге асырылады. Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша магистратураға 200-ге жуық талапкерді, докторантураға 12 адамды қабылдау жоспарланып отыр екен. Бұрын магистратураға тек 120 грант бөлінсе, осы жылы мемлекеттік грант саны артқан. Сондай-ақ үміткерлердің функционалдық еңбек өтілін анықтау бойынша арнайы комиссия құрылмақ. Жаңа оқу жылына құжаттар 12 емес, 15 білім бағдарламасы бойынша қабылданады.

Баяндамашының айтуынша, академияға оқуға түсу үшін үміткерлер электрондық форматта мемлекеттік органның жолдамасын және жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін дайындауы тиіс. Оған қоса жоғары білім туралы құжаттың сканерленген нұсқасы қосымшасымен бірге жүктеледі. Мемлекеттік тілді білу деңгейі В1-ден төмен емес екенін растайтын «QAZAQ RESMI TEST» немесе «ҚАЗТЕСТ» сертификаты міндетті саналады екен. Докторантура мен «Халықаралық қатынастар» немесе «Мемлекеттік саясат» магистратурасына ниеттілер ағылшын тілін білу деңгейін растайтын халықаралық сертификатты ұсынуы қажет. Мемлекеттік қызметшілер кадр қызметі растаған қызметтік тізімді өткізсе, өзге үміткерлер еңбек қызметін растайтын құжатты және басшылық лауазымдағы өтілін көрсетуі шарт. Функционалдық өтіл талап етілетін бағдарламалар үшін лауазымдық нұсқаулық пен құрылымдық бөлімше туралы ереже қоса беріледі. Докторантураға тапсырушылар зерттеу жұмысы жоспарының жобасын әзірлеуі керек. Барлық құжаттар электрондық цифрлық қолтаңбамен расталған өтініш арқылы қабылданады.

Мемлекеттік тапсырыстан бөлек, өзге қаржы көздері бойынша оқуға түсушілер жинаған балдары мен комиссияның сараптамалық бағалауына сәйкес іріктелетінін айта кеткен жөн.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ