Экология

Су ресурстары және ирригация министрлігі «Қазсушар» РМК филиалдарына 130 мотоцикл табыстады

Техникалық паркті жаңарту мақсатында Су ресурстары және ирригация министрлігі «Қазсушар» РМК филиалдарына қозғалтқыш көлемі 250 текше сантиметр болатын 130 мотоцикл табыстады, деп хабарлайды arainfo.kz

Жаңа техника кәсіпорынның 12 филиалы арасында бөлінді. Ақмола филиалына - 1 мотоцикл, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Жетісу филиалдарының әрқайсысына 5 мотоциклден, Батыс Қазақстан және Павлодар облыстарындағы филиалдарға - 6 мотоциклден берілді. Шығыс Қазақстан филиалына - 11, Абай облысы бойынша филиалға - 12, «Д. Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы» филиалына - 20, Түркістан филиалына - 25, Жамбыл филиалына 29 мотоцикл тапсырылды.

Жаңа техника учаскелер арасында жедел қозғалуы үшін су реттеушілерге берілді. Бұл жұмыс міндеттеріне жедел әрекет етуге, сондай-ақ суды бөлу мен гидротехникалық нысандардың тұрақты жұмысын бақылауды тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Жаңа техникамен қамтамасыз етілген қызметкерлердің бірі - «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалына қарасты Жиенбет өндірістік бөлімшесінің жас маманы Айдын Жолдас.

Жаңа мотоцикл алған мамандардың бір бөлігі бұрын маусымдық жұмысшылар болған. Енді олар тұрақты жұмыспен қамтылды.

«Жалақымыз екі есе өсті. Сол үшін министрлікке алғыс білдіремін. Бұрын біз маусымдық жұмыс істеп, жылына алты ай ғана еңбек ететінбіз. Қазір тұрақты жұмыспен қамтылып, жыл бойы еңбек етеміз, жалақымызды тұрақты түрде алып, еңбек демалысына да шығамыз», - деді «Қазсушар» РМК Түркістан филиалының су реттеушісі Пердехан Абзақұлов.

Еске салсақ, былтыр «Қазсушар» РМК-ның техникалық паркі 27%-ға жаңартылып, бұл техника жалдау шығындарын 85%-ға, ал жөндеу шығындарын екі есе қысқартуға мүмкіндік берді.