Білім

Мектеп бітіру іс-шараларын өткізу талаптары нақтыланды

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту және Ішкі істер министрліктері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, орта білім беру ұйымдарында бітіру кештерін өткізу тәртібіне қатысты талаптарды нақтылады. Осыған байланысты арнайы бірлескен бұйрық қабылданатын болады, деп хабарлайды arainfo.kz

Қабылданған шаралар білім алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, олардың құқықтарын қорғауға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.

Аттестаттарды табыстау рәсімі тек білім беру ұйымдарының ғимараттарында ұйымдастырылады.

Білім алушылардан, олардың ата-аналарынан немесе заңды өкілдерінен ақша қаражатын және өзге де материалдық құндылықтарды жинауға қатаң тыйым салынады.

Сондай-ақ, белгіленген талаптарға сәйкес бітіру кештерін білім беру ұйымдарынан тыс жерлерде өткізуге жол берілмейді.

Жергілікті атқарушы органдарға қаржылық шығындарды қажет етпейтін тәрбиелік және мәдени-ағартушылық іс-шараларды ұйымдастыру, сондай-ақ түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды.

Ішкі істер органдарына құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және білім алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тиісті шаралар қабылдау жүктелді.