Өнерпаз өрендер олимпиададан олжалы оралды
М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің студенттері Астана және Алматы қалаларында өткен XVIII республикалық пәндік олимпиадада жоғары нәтижелерге қол жеткізді.
Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған ең талантты жастар бақ сынаған интеллектуалдық додада білім ордасының намысын қорғаған «Театр режиссурасы және актерлік өнер», сондай-ақ «Хореография» мамандықтарының білім алушылары кәсіби шеберліктерін дәлелдеп, жүлделі орындарды иеленді. Атап айтқанда, «Сахна қозғалысы» және «Сахна сайысы» пәндері бойынша «Пластикалық қойылым» номинациясында «Маугли» қойылымымен 3-курс студенттері Жанат Сүйіндік пен Ақнұр Ошақбай ІІ дәрежелі дипломға ие болды. Сонымен қатар «Театр режиссурасы» пәні бойынша 2-курс студенті Олжас Әуесхан «Құдайдың балалары» туындысынан үзінді ұсынып, режиссерлік шешімдерінің сонылығымен ІІ орынға табан тіреді. «Драматургиялық шығармалардан монолог» номинациясында 3-курс студенті Үміт Төрежан ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды.
Ал «Хореография» білім беру бағдарламасы бойынша «Томирис» командасы өздерінің үйлесімді биі мен сахналық мәдениетін көрсетіп, жүлделі ІІІ орынды қанжығаларына байлады. Сонымен бірге «Мәдени-тынығу жұмысы» бағыты бойынша да студенттер «Мәдени-тынығу жұмысындағы жасанды интеллект: жаңа модельдер мен болашақ» атты жобасын сәтті қорғап шықты. Бұл бағытта университет намысын қорғаған «Өнер лабораториясы» командасы ғылыми және шығармашылық ізденістері үшін ІІІ орынға лайық деп танылды.
Сондай-ақ олимпиада аясында қазылар алқасының құрамында болып, жас таланттарды кәсіби деңгейде даярлауға қажырлы еңбек сіңірген университет оқытушысы Айгүл Қабиқызы арнайы алғыс хатпен марапатталды.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ