Жастар

Тараздық оқушылар тағы да топ жарды

Жақында Астана қаласында «INFOMATRIX Asia – 2026» халықаралық байқауы өтіп, білім бәсекесінде облыс намысын қорғаған Тараз қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары артылған сенім үдесінен шыға білді. Байқауға 10-нан аса алыс-жақын шетелден 250-ге жуық команда қатысты.

Жарыс жасанды интеллект, стартап жобалар мен робототехника сынды болашақтың маңызды бағыттарын қамтығандықтан қатысушыларға қойылатын талап та, бәсекелестік деңгейі де жоғары болды.

Инновациялық технологияларға негізделген байқаудың «AI Programming» бағытында бақ сынаған Дінмұхаммед Ынтықбай мен Арнұр Артықбайдан құралған «Axel» командасы екінші орынды иеленді. Мирлан Жусамбаевтың жетекшілігімен дайындалған бұл жоба қазылар алқасын жасанды интеллектіні қолданудағы ерекше шешімдерімен тәнті етті. Оқушылардың алгоритмдік ойлау қабілеті мен бағдарламалау тілдерін меңгерудегі шеберлігі халықаралық деңгейдегі сарапшылар тарапынан лайықты бағасын алды.

Сондай-ақ «Applied Science» бағытында Диана Ошан мен Аружан Айдарханның «Ventrix» командасы үшінші орынға табан тіреді. Ерболат Қасқырбаевтың жетекшілігімен әзірленген ғылыми жұмыс қолданбалы ғылымның өзекті мәселелерін шешуге бағытталған.

Аталған халықаралық жетістіктер білім беру жүйесіндегі жобалық оқыту әдістемесі мен STEM бағытына басымдық берудің заңды нәтижесі деп тануға болады. Оқушылар тек академиялық біліммен шектелмей, өз идеяларын жүзеге асыру жолында күрделі инженерлік және технологиялық кедергілерді еңсеруді үйренді.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ