Жастардың жігерін жаныған – «Жастар рухы»
Жастарды бір мақсатқа біріктіріп, олардың өмірлік бағытын айқындауда «Жастар рухы» ұйымының орны ерекше. Рухтас ұл-қыздар осы ұйымда жүріп, яғни студенттік шағында-ақ мансап жолын қалыптастырып, қоғамдық маңызды істерге араласып, тәжірибе жинақтап жүр. Оның ішінде біздің облыстағы жастардың атқарып жатқан ауқымды істері мен тың бастамалары көңіл қуантады. Өңірдегі жастар қозғалысының бүгінгі тыныс-тіршілігі мен алдағы жоспарлары туралы «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Ерғали Әбуғалимен сұхбаттасқан едік.
– Ерғали Рүстемұлы, «Жастар рухы» ұйымының қоғамдағы нақты миссиясы қандай және сіздер ұстанатын басты идеологиялық бағыттарды қалай айқындар едіңіз? Сұхбатымызды осыдан бастасақ.
– Бүгінде «Жастар рухы» – еліміздің түкпір-түкпіріндегі 100 мыңнан астам еріктінің, білімге құштар студенттің, жаңашыл маманның басын біріктіретін үлкен күш. Біздің басты миссиямыз – жастардың белсенділігін арттырып қана қоймай, олардың бойындағы отансүйгіштік сезімді нақты іспен дәлелдейтін орта қалыптастыру. Көбіне сырт көзге біз сансыз іс-шара өткізетін қозғалыс секілді көрінуіміз мүмкін, бірақ оның астарында үлкен идеологиялық жұмыс жатыр. Бүгінде ұйым белсенді жас буынның қабілетін ұштап, әлеуетін ашатын бірегей даму платформасына айналды деп айта аламын.
Ұйым еріктілер қозғалысын жүйелеп, жастардың өзекті мәселелерін биік мінберлерде батыл көтеру арқылы қоғамдық процестерге тікелей ықпал етіп келеді. Мемлекеттік жастар саясатының бастауында тұрып, оның қалыптасуына айтарлықтай үлес қосуы құрылымның ел өміріндегі стратегиялық маңыздылығын көрсетеді.
Қазіргі таңда «Жастар рухы» ауқымды әлеуметтік, экологиялық және мәдени жобалардың негізгі қозғаушы күші саналады. Қайырымдылық іс-шаралар мен игі бастамаларды жүзеге асыра отырып, ұйым еліміздің жастар қозғалысындағы ең басты тірекке айналды. Жастардың мүддесін қорғау мен ұлттық құндылықтарды дәріптеу жолындағы бұл еңбек – жарқын болашақтың берік іргетасы.
– Осы ұйымдағы қызметіңіз барысында өңірдегі жастар саясатына қандай жаңа леп, соны серпін қоса алдым деп есептейсіз? Сіздің тікелей бастамаңызбен жүзеге асып, жастар өміріне елеулі өзгеріс әкелген айтулы жобаларыңызды атап өтсеңіз.
– Биыл «Жастар рухында» еңбек етіп келе жатқаныма тура 7 жыл толыпты. Осы уақыт ішінде өңір жастарымен бірге талай белестерді бағындырып, қиындығы мен қуанышы мол кезеңдерді бірге еңсердік.
Еліміз бастан өткерген әрбір сындарлы сәтте біздің белсенділер әрдайым алдыңғы шептен табылды. Мәселен, пандемия кезінде еріктілер нағыз қаһармандықтың үлгісін көрсетті. Олар күндіз-түні тынбай жұмыс істеп, мұқтаж жандарға көмек қолын созды. Алмағайып уақытта оқшауланған отбасыларға, қауіпті аймақта жүрген дәрігерлер мен тәртіп сақшыларына азық-түлік пен гигиеналық заттарды тасып, бір жыл бойы халықтың алғысын алдық. Сол кездегі үйлестіру жұмыстары маған үлкен жауапкершілікті сезіндірді.

Төтенше жағдайлар кезіндегі жұмысымыз бөлек бір әңгіме. Арыстағы, Байзақтағы жарылыстар, Мақтааралдағы су тасқыны мен Екібастұздағы апат кезінде жамбылдық жастар ешқашан шетте қалған емес. Тіпті жеке өмірімдегі ең маңызды сәт – шаңырақ көтерген кезімде де жұмысты бірінші орынға қоюға тура келді. 2022 жылдың тамызында үйлендім, ал тура бір айдан кейін Қостанайда орман өрті тұтанды. Жас келіншегімді үйде қалдырып, Жамбыл жұртшылығы жинаған 80 тонна көмекті 4 күн жол жүріп, Әулиекөлге жеткіздім. Бұл менің ғана емес, біздің ұйымның әрбір мүшесінің бойындағы «аманатқа адалдық» деген қасиеттің көрінісі. Осындай сәттер жастардың бойындағы нағыз қайсар мінезді қалыптастырады деп сенемін.
– Өткен жылдың қорытындысына көз жүгіртсек, нақты деректер не дейді? «Жастар рухының» облыстық деңгейдегі ең ірі жеңістері мен мақтанышпен айта алатын жетістіктері қандай? Ресми статистиканың артында қандай шынайы нәтижелер тұр?
– Өткен жыл тың жобалар мен ауқымды республикалық іс-шараларға толы берекелі кезең болды. Соның ішінде Алматы мен Қызылорда арасын жалғаған «Таза Қазақстан» роад-эстафетасының маңызы айрықша. Бұл эко-керуен Жамбыл облысының 6 ауданы мен Тараз қаласын қамтып, 500 шақырымнан астам жолды жүріп өтті. Нәтижесінде «Жастар рухының» белсенділері мен еріктілері табиғатты қорғау жолында жұдырықтай жұмылып, 60 тонна қоқыс шығарды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялауы жастар саясатына жаңа серпін берді. Осы бастама аясында «AMANAT» партиясының Жамбыл облыстық филиалы мен «Жастар рухы» жастар қанаты «Қазфосфат» зауытында 300-ден астам жас маманның басын қосқан «Жұмысшы жастар аманаты» форумын ұйымдастырды. Бұл шара еңбек адамының мәртебесін ұлықтап, кәсіби біліктілікті насихаттаудың жарқын үлгісіне айналды.
Жыл соңындағы республикалық «Рухтастар» сыйлығының марапаттау рәсімінде жамбылдық жастардың қажырлы еңбегі лайықты бағасын алды. Шынар Тоқтамыс жетекшілік ететін «Жастар рухының» Тараз қалалық бөлімшесі республика бойынша «Үздік бөлімше» номинациясын жеңіп алса, Қарақат Тұрсынқан «Белсенді рухтас» атанып, қоғамдық жұмыстардағы ерен еңбегі үшін марапатталды. Бұл жетістіктерді тек жекелеген тұлғалардың емес, тұтас өңір жастарының ортақ жеңісі деп білеміз.
– Жастар саясатын іске асыруда даңғазалық пен бос ұраннан гөрі шынайы қолдау маңыздырақ. Өрендеріміз сіздердің ұйымнан қандай нақты көмек немесе игілік көріп отыр? Идеясы бар, бірақ мүмкіндігі шектеулі жастарға жол ашу тетіктері қалай жұмыс істейді?
– Студент атанған жастың алдында әрдайым «Қайда барсам, қалай дамысам?» деген сұрақ тұрады. Біз сол жастар үшін ең қолайлы даму ортасына айналдық. Бүгінде біз 6 мыңнан аса жамбылдық жастың басын біріктіріп отырмыз. Жобалардың ерекшелігі – олар әр жастың қызығушылығына бейімделген. Мәселен, «Ардагерді ардақтайық» жобасы арқылы қариялардың батасын алса, «Таза Қазақстан» акциясына қатысып, қоршаған ортаны қорғауға үлес қосады.
Біз тек іс-шарамен шектелмейміз, жастардың біліміне инвестиция саламыз. Жыл бойы белсенді болған ең үздік балаларды республикалық деңгейдегі жазғы лагерьлерге жіберіп, демалысын ұйымдастырамыз. Ал саяси бағытта өзін көргісі келетіндер үшін Астана қаласында өтетін «Жас көшбасшылар» платформасы – таптырмас мүмкіндік. Мұнда олар мемлекеттік деңгейдегі спикерлерден дәріс алып, басқарушылық қабілеттерін шыңдайды. Яғни біз мүмкіндігі шектеулі, бірақ талабы таудай жастардың жолындағы кедергілерді алып тастайтын үлкен күшпіз.
– Бүгінгі жастар арасындағы ең өзекті мәселе ретінде нені атар едіңіз? Бұл мәселелермен күресте ұйым қандай кешенді әрі батыл амалдарды қолға алып жатыр?
– Өкінішке қарай, қазіргі жастар арасындағы ең қауіпті дерт – есірткіге тәуелділік пен лудомания екені ешкімге жасырын емес. Зиянды әдеттер – қоғамның ашық жарасы. «Жастар рухы» бұл мәселені шешуге өз үлесін қосып келеді. Мәселен, «Есірткіге жол жоқ» акциясы аясында өткен жылдың өзінде 100-ден астам синтетикалық есірткіні жарнамалайтын граффитилерді өшірдік. Сондай-ақ есірткі саудалайтын телеграм-каналдардың тізімін құзырлы органдарға тапсырып, олардың бұғатталуына тікелей үлес қостық.
Әрине, бұл әрекеттер мәселені толық шешпейтінін түсінеміз. Бірақ біздің қолымыздан не келеді деп отыра бермей, әрбір жарнаманы өшіру арқылы бір жасты болса да қауіпті кеселдің құрығынан арашалап қалсақ, соның өзі – біз үшін үлкен нәтиже. Осы бағыттағы кешенді жұмыстың бір бөлшегі ретінде «Таза бейсенбі», «Қауіпсіз қала» сияқты жобаларымыз да жүзеге асуда.
– Соңғы кездері қоғамда вандализм мен экологиялық мәдениетсіздік мәселелері жиі талқылануда. Осы орайда жамбылдық жастардың тарихи ескерткіштерді қорғау мен табиғатты аялаудағы азаматтық ұстанымына қандай баға бересіз?
– Өкініштісі сол, біздің тарихи-мәдени орындарымызды аралау барысында жастардың мәдениетсіздігіне жиі тап боламыз. Ескерткіштерге жазу, сындыру, айналаны қоқысқа толтыру – мәдениетсіздіктің көрінісі ғана емес, өз тарихыңа деген қиянат. Сондықтан біз «Вандализмге жол жоқ» акциясын тұрақты түрде өткізіп келеміз.
Ұйым белсенділері «Тектұрмас» кесенесі, «Төрткүл» керуен сарайы сияқты тарихи орындарды ретке келтіріп, вандализм әрекеттерін жоюмен айналысады. Бірақ біздің басты мақсатымыз – тазалау ғана емес, жастардың санасына «Бабадан қалған мұраға қиянат жасама» деген ұғымды ұялату. Вандализмнің қылмыс екенін, оның артында заң алдындағы жауапкершілік тұрғанын түсіндіріп келеміз. Тарихын қадірлемеген ұрпақ болашағын құра алмайды.
– Сөз соңында биылға жоспарланған жобалар жайлы айта кетсеңіз...
– Осы жыл біз үшін айрықша маңызға ие. Ең алдымен, еліміздің Тәуелсіздігіне 35 жыл толып отыр. Сондай-ақ биылғы жылдың Халықаралық волонтерлер жылы болып жариялануы «Жастар рухы» ұйымының жұмысына жаңа серпін берді. Біздің негізгі мақсатымыз – осы қос айтулы оқиғаны ұштастыра отырып, жастар арасында отансүйгіштік құндылықтарын дәріптеу және еріктілер қозғалысын сапалы жаңа деңгейге көтеру.
Жоспарлаған жобалардың барлығы дерлік қоғамдық келісімді нығайтуға және әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға бағытталған. Тәуелсіздіктің 35 жылдығы аясында тарихи танымды арттыратын бастамаларды қолға алсақ, Халықаралық волонтерлер жылы шеңберінде мұқтаж жандарға көмек көрсету, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қайырымдылық шараларын жүйелі түрде жүргізуді көздеп отырмыз. Біз үшін саннан гөрі сапа маңызды, сондықтан әрбір бастамамыз жастардың бойындағы жасампаздық рухты оятып, еліміздің гүлденуіне нақты үлес қосатын болады.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан
Ақтоты ЖАҢАБАЙ