Ертегі тыңдап өскен ұрпақ есті болады
«Ерте, ерте, ертеде...» деген дауыс немесе тіркес сізге де таныс шығар. Бұл – қазақ ауыз әдебиетінің ажырамас бөлігі, қайнары болған көп ертегінің алғашқы сөзі. Бұрын радиодан жоспарлы уақытын асыға күтіп, өткізіп алсақ қапаланып, ертегі айтқан дауысқа құлақ түруші едік. Мектеп кітапханасынан «Ер Төстік» сынды ертегілермен қатар, «Етік киген мысық» сынды әлемдік туындыларды алып оқитынбыз. Ал бала кезімізде үлкендер құлағымызға құятын. Біз сол арқылы қиялымызға қанат бітіріп, ерекше күй кешуші едік.
Өкініштісі сол, қазір аңыз-ертегісін айтып, санаға сәуле құятын үлкендердің қатары сиреп, баланы ата-ана емес, телефон мен әлеуметтік желі тәрбиелеп жатыр.
Өнегелі өмірінде ертегіні насихаттауға аянбай еңбек еткен Гүлсім Сариева халық ауыз әдебиетінің кәусар бұлағымен сусындап өскен баланың жандүниесі рухани бай, ой-санасы кең, қиялы ұшқыр болып өсетінін айтады.
Сәт сайын өсетін батыр немесе шешендігімен талай тығырықтан шығатын ділмар, бойындағы айрықша күш-қуатымен жауды жайратқан қаһармандар ертегінің де, аңыздың да басты кейіпкерлері болған. Баланың санасына сәуле құйып, қиялына қанат бітіретін осындай ауыз әдебиетінің үлгісі әлемде кең сұранысқа ие. «Сұлу мен құбыжық», «Ұйқыдағы ару» сынды қанша рет тамашаласаң да жалықпайтын әлемдік ертегілер кинофильм, мультфильм ретінде таспаланды. Әлі күнге қалың көпшіліктің назарында. Ал «Алдар көсе» десе, елең етпейтін қазақ жоқ шығар, сірә. Ертегісін тыңдап, анимациялық еңбекті де, киноны да сан мәрте тамашаладық қой.
Ал бүгінде жас ата-аналар балалары жыласа, телефон беріп құтылады. Дегенмен ізгілердің ізімен жүріп, салиқалылардың соқпағынан жаңылмай келе жатқан жас отбасылар да бар. Тараз қаласының тұрғыны, жас ана Сымбат Сұлтанмен тілдескенімізде ол жас сәбиіне жұбайы екеуі құрсақтағы күнінен ертегі айтып келе жатқандарын жеткізді.
Осы тұста біз Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының «Дәстүр және өнер» бөлімінің меңгерушісі Назым Қожамарға хабарласып, пікірін білуді жөн санадық. Ол халық ауыз әдебиетінің ұрпақ тәрбиесіндегі маңызын тарқатып айтып берді.
Ұлттық болмысымызды технологияның тегеурініне таптатпай, керісінше, жандандыра білу – біздің жарқын болашағымыздың кепілі. Бұл ретте қазыналы көркем әдебиетіміздің, аңыз бен ертегінің орны айрықша. Демек, өз құндылығымызды дәріптеп, көздің қарашығындай сақтау азаматтық абыройымызды асқақтататын іс болмақ.
Нұрбақыт МҰСАТИЛЛАҰЛЫ