Тауарды таңбалау қатаң талап етіледі
Акцизделетін тауарлар нарығында көлеңкелі экономикаға жол беріліп, тауарлардың заңсыз айналым көлемі айтарлықтай жоғарылағаны белгілі. Мәселен, 2023-2025 жылдары Қазақстанда 8,3 миллиард теңгеге жуық темекі өнімін заңсыз әкелу әрекеттері анықталған. Ал бір ғана тексеру барысында 12,8 миллиард теңгенің заңсыз темекі өнімі тәркіленген. Кей өңірлерде жыл басынан бері 3,4 миллион қораптан астам контрафакт өнім айналымнан алынып, миллиардтаған теңгенің тауары жойылған.
Мұндай заңсыздықтың алдын алуда тауарларды таңбалау жүйесі енгізіліп, алғашқы нәтижелерін бере бастады. Ресми деректерге сүйенсек, темекі өнімдері бойынша заңсыз айналым 35,8 миллион долларға қысқарған. Ең бастысы – бюджетке түсетін түсім артқан. Атап айтқанда, тек темекі саласының өзінде салық көлемі 121 пайызға өсіп, 35,6 миллиард теңге қосымша кіріс кірген.
Жақында облыстық кәсіпкерлік палатасында тауарларды таңбалаудың талаптары мен маңызы өңір кәсіпкерлеріне жете түсіндірілді. Онда тауарларды міндетті таңбалау және қадағалау мәселелері жан-жақты талқыланды.
Жиын барысында сөз алған облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің акциздерді әкімшілендіру бөлімінің басшысы Бекжан Қадырбек таңбалау жүйесінің тек техникалық рәсім емес, экономиканың ашықтығын қамтамасыз ететін маңызды құрал екенін атап өтті. Кездесуде мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлер үшін өзекті сұрақтар көтеріліп, келелі мәселелер кеңінен әңгімеленді. Ол Қазақстанда тауарларды міндетті таңбалау жүйесі кезең-кезеңімен енгізіліп жатқанын айтады. Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің 2024 жылғы 27 қыркүйектегі №343-НҚ бұйрығына сәйкес алты тауар тобы таңбалауға жатқызылған. Олардың қатарында темекі өнімдері, аяқкиім, дәрілік заттар, киім, сыра өнімдері және мотор майлары бар. Әсіресе темекі өнімдері бойынша енгізілген жүйе өз тиімділігін дәлелдеген. Қазіргі таңда таңбалау және қадағалау ақпараттық жүйесінде темекі өнімдеріне 6,5 миллиардтан астам код тіркелген. Бұл жүйенің ауқымы мен оның нарықтағы заңсыз айналымды азайтудағы нақты нәтижесін көрсетеді.
Маманның айтуынша, заманауи жүйелер бизнес процестерін жеңілдетіп, тиімділікті арттырады. Ал «Naqty оnim» сияқты халықтық бақылау сервистері арқылы тұтынушылар да өнімді тексере алады.
Сөз етіліп отырған тауарларды қадағалау жүйесін қолданысқа толық енгізу 2027 жылға дейін кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Келер жылдан бастап тауар қозғалысын толық қамтитын қадағалау жүйесі ырғақты жұмыс істейтін болады.
Жиында атап өтілгендей, таңбалау жүйесі практикада қарапайым жұмыс істейді. Тауар сатылған кезде оның арнайы коды 2D-сканер арқылы оқылып, ақпарат бірден жүйеге түседі. Бұл процестің ашықтығын қамтамасыз етіп, нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 175-бабының 5-тармағына сәйкес таңбаланған тауарларды бөлшек саудада өткізу тек сәйкестендіру кодын оқу арқылы жүзеге асырылуы тиіс. Сонымен қатар бұл код фискалдық чекте міндетті түрде көрсетіледі.
Ал Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 284-бабына сәйкес бақылау кассалық чекте міндетті деректердің көрсетілмеуі ескертуге, ал қайталанған жағдайда айыппұл салуға әкеліп соғады. Айыппұл мөлшері кәсіпкерлік субъектінің көлеміне байланысты белгіленеді екен.
Жалпы тауарларды таңбалау жүйесі – нарықтың ашықтығын қамтамасыз ететін, заңсыз айналымды азайтатын және тұтынушы құқығын қорғайтын тиімді құрал. Бұл бастама адал кәсіпкерлер үшін тең жағдай қалыптастырып қана қоймай, ел экономикасының тұрақты дамуына да оң ықпал етеді. Міне, осындай мол мағлұмат берілген іс-шараны ұйымдастыруға қолдау көрсеткен облыстық кәсіпкерлер палатасына қатысушылар ризашылығын білдірді.
Фатима САЛИЕВА,
М.Х.Дулати атындағы
Тараз университетінің 4-курс студенті