Әлеумет

Үміт оты сөнбейді

Тараз қаласындағы №5 арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығына бас сұққан адамның айналасына зер салып, өзгеше атмосфераны сезінетіндігі ақиқат. 2014 жылы іргетасы қаланған мекеме содан бері талай жанға үміт сыйлап, қамқорлықтың шынайы мекеніне айналып келеді.

Мұнда қызмет алушыларға сегіз бағыт бойынша кешенді қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-құқықтық, әлеуметтік-педагогикалық және әлеуметтік-экономикалық қызметтер жүйелі түрде ұйымдастырылған. Орталық тәулік бойы тоқтаусыз жұмыс істейтін стационарлық үлгіде қызмет көрсетіп, әрбір жанның өмір сапасын жақсартуды басты мақсат етеді.

Мекемеде қызмет алушылар жасына, жынысына, диагнозына және психологиялық үйлесімділігіне қарай арнайы бөлімдерге орналастырылады. Орталықта атының өзінен жылылық сезілетін «Үміт», «Жаншуақ», «Ізгілік», «Мейірім», «Қарлығаш», «Шапағат», «Ақниет», «Паллиатив», «Оқшаулау» деп аталатын бөлімдер бар. Арнайы бөлімдерде әрбір жанға деген жанашырлықтың, үміттің, қамқорлықтың үлгісі көрініс тапқан.

Бүгінде орталықта 548 қызмет алушы бар. Оның ішінде 345-і ер-азамат, 203-і әйел. Ұлттық құрамы да алуан түрлі. Бұл орталықтың көпұлтты қоғамдағы татулық пен бірлікті сақтаудағы маңызын айқындай түседі. Жылы ұядай мекенге жаңадан қабылданған әрбір қызмет алушы алдымен қабылдау бөлімінде 14 күн бақылаудан өтеді. Осы уақыт ішінде оның денсаулығы, психологиялық жағдайы, жеке ерекшеліктері жан-жақты зерттеліп, кейін тиісті бөлімге орналастырылып, жеке жұмыс жоспары жасалады.

Сондай-ақ қызмет алушылар әлеуметтік-экономикалық қызмет аясында заңды жәрдемақылары мен төлемдерін уақытылы алып тұрады. Ал әлеуметтік құқықтық қызмет арқылы олардың құқықтары қорғалып, қажетті заңгерлік көмек көрсетіледі. Орталыққа қайырылғандардың әрқайсысының бөлмесінде үміттің шырағы жарқырайды. Қызметкерлер әрбір жанның жандүниесін түсінуге, қолдау көрсетуге ұмтылады.

Адам жанына жылу сыйлап, үміт сәулесін қайта тұтататын бұл шаңырақта әрбір жанға деген ықылас пен шынайы мейірім терең сезіледі. Мұнда атқарылған әрбір іс, төгілген әрбір маңдай тер тағдыр талқысына түскен жандардың өміріне жарық түсірген шапағаттың нышаны іспетті. Орталық қызметкерлерінің қызмет алушыларға жасап отырған қамқорлығы көмескі тартқан үміттің шоғын қайта үрлеп, ертеңге деген сенімін оятары анық.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ