Дөрекі жүргізушілер неге көбейіп кетті?
Такси қызметі қолжетімді болғалы бері халықтың күнделікті өмірінде оның орны айтарлықтай артты. Қазір көпшілік үшін такси уақытты үнемдейтін, ыңғайлы әрі жылдам жетудің ең тиімді жолына айналды. Бар болғаны телефон арқылы тапсырыс беріп, қажет жеріңе еш қиындықсыз жетесің.
Адамдар асығыс кезде немесе шаршаған сәтте қоғамдық көлікті күткісі келмейді. Ал такси дәл осы сәтте қажеттілікті өтейді, артық аялдамасыз, тікелей бағытпен апарады, өз уақытыңды өзің жоспарлауға мүмкіндік береді. Әсіресе балалармен жүргенде, ауыр зат көтергенде немесе ауа райы қолайсыз болғанда таксидің пайдасы одан сайын сезіледі.
Сонымен қатар қазіргі жүйенің тағы бір ыңғайлылығы – ашықтық. Қандай көлік келе жатыр, жүргізуші кім, қанша уақытта жетеді, барлығы көз алдыңда тұрады. Бұл, бір жағынан, қауіпсіздік пен сенімді арттырады. Адам өз уақытын жоспарлап, қай кезде көлік келіп, қай кезде діттеген орнында болатынын нақты біледі.
Алайда осының барлығына қарамастан салада әлі де шешімін таппаған мәселелер жоқ емес. Өкінішке қарай, бүгінде такси қызметінде жұмыс істейтін кейбір жүргізушілердің клиентпен қарым-қатынасы көңіл көншітпейді. Кейде өзіңе дөрекі сөйлеп, «дікеңдеп» жауап беру, тіпті орынсыз талап қойып, қысым көрсету жағдайлары кездесіп жатады. Мұндай әрекеттер жалпы қызметтің деңгейіне көлеңке түсіреді.
Өкініштісі, бұл жағдайлар жиілеп бара жатқандай әсер қалдырады. Адам такси шақырғанда жай ғана бір жерге жетуді ойлайды, ал кейде жол бойы жүйкеңе тиетін жағдайларға тап боласың. Әрине, бұл қызмет сапасына деген сенімді азайтып қана қоймай, әйел адамдардың өз өмірін шамадан тыс уайымдауына әкеледі.
Такси қызметі қаншалықты дамыса да, ең бастысы, адам факторын ұмытпау керек. Жүргізуші тек көлік айдаушы емес, қызмет көрсетуші маман. Сондықтан қарапайым сыпайылық, мәдениетті қарым-қатынас, тұтынушыға деген құрмет әрқашан бірінші орында болуы тиіс. Сонда ғана бұл қызмет, расында, қолайлы әрі сенімді бола алады.
Осындай такси жүргізушілерінің тарапынан болатын дөрекі әрекеттерге ұқсас жағдай танысым Айсәуле Бейсеннің де басынан өткен еді. Ол бұл жағдайды жылы жауып қоя салғанымен, көңілінде жағымсыз әсер алып қалғанын жасырмады.
Осы ретте біз онлайн платформа арқылы қызмет көрсетіп жүрген такси жүргізушілерінің жолаушылар жайлы ойын білуге тырыстық. Біз пікірлескен такси жүргізушісі Атажан Беков өз сөзінде мәселеге біржақты қарауға болмайтынын жеткізді.
Такси қызметі – сырт көзге қарапайым көрінгенімен, ішінде үлкен еңбек пен сабырды талап ететін сала. Жолаушылардың бірі еңбегіңді бағалап, ризашылығын білдірсе, керісінше, кейбіреулері төлемей кетіп немесе орынсыз баға қойып, көңіліңді түсіреді. Осындай қарама-қайшы жағдайлар бұл жұмыстың оңай еместігін көрсетеді.
Дегенмен бұл жұмыс көптеген адам үшін күнкөрістің негізгі көзі. Уақыт өте келе шаршау білінсе де, бұрынғыдай ұзақ жұмыс істеу қиындаса да жауапкершілік бәрінен жоғары тұрады. Жолаушы да, жүргізуші де адам екенін ұмытпай, қарапайым сыйластық танытса, мұндай қызмет әлдеқайда сапалы әрі жайлы болар еді. Өйткені кез келген еңбектің артында адам тағдыры, отбасының жағдайы тұрғанын ескеру – қоғамдағы түсіністік пен мәдениеттің белгісі.
Сымбат ҚУАНЫШ