Елді елең еткізген ерекше акция
Тараз қаласында «Тоқта да ойлан» акциясы өтіп, облыстық полиция департаментінің қызметкерлері жол ережесін бұзудың салдары туралы ерекше әдіспен ескертті. Акцияның мақсаты – азаматтардың назарын жол қауіпсіздігіне аудару және жылдамдықты асыру, салғырттық немесе қарапайым жол ережелерін сақтамаудың салдары қандай болатынын көрнекі түрде көрсету.
Акция аясында қаланың орталық көшелеріне жол көлік оқиғаларынан қираған автокөліктер мен мопедтер қойылды. Іс-шараға жас жол инспекторларының қатысуы ерекше әсер сыйлады. Оқушылар полиция қызметкерлеріне жол қозғалысы ережелерін түсіндіруге көмектесіп қана қоймай, жүргізушілерді сақ болуға шақырды.

94 МОПЕД АЙЫППҰЛ ТҰРАҒЫНА ҚОЙЫЛДЫ
Облыста 1-4 сәуір аралығында жүргізушілердің тәртібін арттыру және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында «Мотокөлік» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті.
Рейд барысында бір күннің ішінде 240 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Әсіресе мотокөлікті мас күйде басқару деректеріне ерекше назар аударылып, 3 жүрг і зуші жауапкершілікке тартылды.
Осындай жағдайдың бірі Жуалы ауданында тіркелді. Полиция қызметкерлері мемлекеттік тіркеу нөмірі жоқ скутерді тоқтатқан. Тексеру барысында көлік құралының белгіленген тәртіппен тіркелмегені, ал 26 жастағы жүргізушінің куәлігі жоқ екені және алкогольдік мас күйде болғаны анықталды. Сот шешімімен оған 20 тәулікке әкімшілік қамауға алу жазасы тағайындалды.
Сонымен қатар тіркелмеген мопедтерді басқарғаны үшін 38 жүргізуші, ал жүргізуші куәлігі болмағаны үшін тағы 33 адам жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, мотокөлікті басқару кезінде ұялы телефон пайдаланудың 23 дерегі анықталды.
Іс-шара аясында 94 мопед арнайы айыппұл тұрағына қойылды.

ЖОЛ ЖҮРУ ЕРЕЖЕЛЕРІ БАРШАҒА ОРТАҚ
Шу ауданында бейнебақылау камералары арқылы той кортежін ұйымдастырып, жол ережелерін өрескел бұзған жүргізушілер анықталды.
Көлік қозғалысы көп үлкен жолда бірнеше автокөлік ережелерді елемей, бірін бірі басып озуға тырысқан. Кейбір азаматтар көлік терезесінен шығып, айқайлап, қауіпсіздік талаптарын мүлдем сақтамаған. Мұндай әрекеттерімен өзге жүргізушілердің өміріне қауіп төндірген.
Полиция жедел түрде «BMW», «Toyota Camry», «Mersedes», «Mitsubishi» көліктерінің жүргізушілерін анықтап, әкімшілік жауапкершілікке тартты. Көліктер арнайы айыптұраққа қойылды.

ҚОҚЫС ТАСТАП, ЖАУАПКЕРШІЛІККЕ ТАРТЫЛДЫ
Облыста тазалық талаптарын бұзып, қоғамдық орындарды ластаушыларды анықтау жұмыстары күшейтілді. Полиция қызметкерлері профилактикалық рейдтер өткізіп, бейнебақылау камераларының көмегімен заңсыз әрекеттерді анықтауда.
Жыл басынан бері белгіленбеген орындарға қоқыс тастаудың 145 дерегі тіркелген. Барлық құқық бұзушылар анықталып, тиісті әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Мәселен, кейбір азаматтар көлік ішінде отырып темекі тұқылын сыртқа лақтырса, енді бірі тұрмыстық қалдықтарды кез келген жерге төгіп кеткен.
Қазіргі таңда мұндай әрекеттердің алдын алу бағытында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Айжан ӨЗБЕКОВА