Заң

Қоғамдық бақылау ма, әлде жеке өмірге қол сұғу ма?

Елімізде қоғамдық қауіпсіздікті күшейту мақсатында жаңа қызмет түрі пайда болды. Енді тәртіп бұзған немесе заңға қайшы әрекет жасаған азаматтарды тек полиция ғана емес, қарапайым тұрғындар да анықтай алады. Бұл үшін арнайы қоғамдық көмекшілер институты құрылып, белсенді азаматтарға ынталандыру шаралары да қарастырылған.

«Полицияның қоғамдық көмекшісі» жобасы қоғам қауіпсіздігінің сенімді тірегі саналады. Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екені белгілі. Осы бағытта елімізде тиімді жүзеге асырылып келе жатқан бастамалардың бірі – дәл осы жоба. Аталған жоба азаматтарды құқық қорғау қызметіне тарту арқылы құқықбұзушылықтардың алдын алуға, қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға және полиция мен халық арасындағы байланысты күшейтуге бағытталған.

Бүгінгі таңда облыстық полиция департаментінде «Полицияның қоғамдық көмекшісі» қатарында 313 азамат қызмет атқаруда. Бұл – қоғам белсенділерінің құқықтық тәртіпті сақтауға деген жоғары жауапкершілігінің айқын көрінісі.

Қоғамдық көмекшілердің негізгі міндеттері – қоғамдық тәртіпті сақтауға жәрдемдесу, құқықбұзушылықтардың алдын алу және профилактикалық жұмыстарға қатысу, полиция қызметкерлерімен бірге рейдтік іс-шараларға араласу, сондай-ақ күмәнді жағдайлар мен құқыққа қарсы әрекеттер туралы жедел ақпарат беру. Сонымен қатар оларға белгілі бір құқықтар да берілген. Яғни қоғамдық тәртіпті сақтау кезінде полиция қызметкерлеріне көмек көрсетуге, құқықбұзушылық фактілері туралы ақпаратты тиісті органдарға жеткізуге, алдын алу шараларына қатысуға және құқықтық насихат жұмыстарын жүргізуге құқылы.

Жобаға қатысушылар арнайы іріктеу арқылы қабылданады. Үміткерлерге қойылатын негізгі талаптар – 18 жасқа толған, әрекетке қабілетті азамат болуы, сотталмаған және құқықбұзушылықтар бойынша жағымсыз деректерінің болмауы, қоғамдық жұмыстарға белсенділігі мен жауапкершілігінің жоғары болуы, сондай-ақ моральдық-психологиялық тұрғыдан тұрақтылығы. Іріктеу барысында кандидаттардың жеке қасиеттеріне, қоғамдағы беделіне және құқықтық сауаттылығына ерекше мән беріледі.

Қоғамдық көмекшілердің еңбегі елеусіз қалмайды. Оларды ынталандыру мақсатында алғыс хаттар мен грамоталар табысталады, ведомстволық марапаттарға ұсынылады, қоғамдық және жергілікті деңгейде көтермелеу шаралары қарастырылады, белсенділері бұқаралық ақпарат құралдарында насихатталады. Бұл өз кезегінде азаматтардың белсенділігін арттырып, жобаға деген қызығушылықты күшейтеді.

Жобаның нәтижесі де жаман емес. Азаматтардың полицияға деген сенімі нығайып, құқық қорғау саласында ашықтық пен өзара іс-қимыл мәдениеті қалыптасуда. Қоғамдық көмекшілердің қатысуымен көптеген құқықбұзушылықтың жолы кесіліп, профилактикалық жұмыстардың тиімділігі артты.

Облыстық полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Әлішер Қалышевтың айтуынша, «Полицияның қоғамдық көмекшісі» – қоғам мен полиция арасындағы алтын көпір. Бұл жоба азаматтық жауапкершілікті арттырып қана қоймай, ел ішіндегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаруда. Осындай бастамалардың арқасында «Қауіпсіз қоғам» қағидаты нақты іске асуда.

Дегенмен қоғамдық көмекшілердің жұмысына қатысты қоғамның пікірі әртүрлі. Кейбірі бұл бастаманы қолдаса, енді бірі жобаны әлі де жетілдіру керек деп есептейді. Әсіресе олардың кейбір әрекеттері қоғамда сұрақ тудырып отыр.

Ал зейнеткер Бақыт Айханова қоғамдық көмекшілер полиция қызметкерлерінің жұмысын айтарлықтай жеңілдететінін айтады. Әсіресе мерекелік іс-шаралар мен көпшілік жиналатын орындарда қоғамдық тәртіпті сақтауда олардың көмегі зор деп есептейді.

Расында да бүгінгі күні бұл мәселе тек құқықтық емес, әлеуметтік-психологиялық тұрғыдан да өзекті болып отыр. Қоғамдық қауіпсіздік пен жеке еркіндік арасындағы тепе-теңдік сақталуы тиіс. Егер бұл шекара бұзылса, қоғамда сенімсіздік пайда болып, адамдар өздерін үнемі бақылауда жүргендей сезінуі мүмкін. Сондықтан бұл бастаманың тиімділігі тек құқықбұзушылықтардың алдын алумен емес, сонымен қатар азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтаумен де өлшенуі тиіс. Алайда оның болашағы қоғамдық сенімге тікелей байланысты. Егер көмек пен бақылау арасындағы белгілі шекара сақталса, бұл жоба шынымен де қауіпсіз қоғам қалыптастыруға үлкен үлес қоса алады. Ал керісінше жағдайда қоғамда күмән мен наразылық туындатуы әбден мүмкін.

Айжан ӨЗБЕКОВА