Брифинг

Орталық қызметінің оң нәтижесі

Өңірлік коммуникациялар қызметінде баспасөз конференциясы өтіп, онда облыстық жобалық басқару және цифрландыру орталығының басшысы Гүлпара Ташенова саладағы атқарылып жатқан жұмыстар жайын баяндады. Сондай-ақ спикер БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Жалпы орталық екі бағытта жұмыс істейді. Біріншісі – облыстың цифрландыру жобаларын іске асыру мен үйлестіру, екіншісі – мемлекеттік секторға жобалық басқаруды енгізу және дамыту.

Баяндамашының сөзінше, аймақта «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту», «Қолжетімді интернет», «Келешек мектептері» секілді ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Мәселен, Шу және Талас аудандарында көпсалалы орталық ауруханаларға күрделі жөндеу, қосымша нысандар салу жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Ал «Қолжетімді интернет» жобасы аясында Меркі, Жуалы, Т.Рысқұлов, Қордай және Мойынқұм аудандарында антенналық діңгектер орнатылуда.

Бір айта кетерлігі, өңірдегі жобалардың орындалуы «Bitrix» платформасына енгізілген. Өткен жылы 393 жоба басталса, оның 253-і сәтті аяқталып, 140-ы осы жылға өтпелі деп танылған. Гүлпара Алашбайқызының айтуынша, республика бойынша облысымыз мемлекеттік қызметте жобалық басқару қағидаларын қолдану рейтингінде алғашқы орындарға тұрақты түрде ие болып отыр.

Бүгінде облыстың мемлекеттік қызметшілері арасында 257 маман біліктілігін арттырып, заманауи басқару стандарттарын меңгерген. Алдағы уақытта бірыңғай ақпараттық жүйеге жасанды интеллект элементтерін қосу жоспарлануда.

Н.МҰСАТИЛЛАҰЛЫ