«Айша бибі» – жаңа мүмкіндік алаңы
М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының «Айша бибі» әйелдер көшбасшылық мектебінің ресми ашылу салтанаты өтті.
Іс-шараға партияның облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов, Әйелдер қанатының мүшелері, «Әйел аманаты» жобасы аясында іріктелген 100-ге жуық әйел, облыстық және қалалық мәслихаттың депутаттары, университеттің профессор-оқытушылар құрамы, қоғам қайраткерлері мен ардагерлер қатысты.
Жиын барысында әйелдердің көшбасшылық қабілеттерін дамыту, олардың басқару үдерістеріне белсенді араласуын қамтамасыз ету және өңірлік деңгейде бәсекеге қабілетті кадрлар пулын қалыптастыру мәселелері кеңінен қозғалды.
Салтанатты жиынды «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов ашты.
Жиында сөз алған М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің басқарма төрағасы – ректоры Ләззат Еркінбаева да бастаманың жемісті болатынына сенім білдірді.
Іс-шара барысында «Айша бибі» әйелдер көшбасшылық мектебін бірлесіп жүзеге асыру туралы ынтымақтастық меморандумына қол қою рәсімі өтті.
Келесі кезекте көшбасшылық мектебінің оқу модульдері таныстырылды. Онда көшбасшылықтың теориялық негіздері, жеке даму, тиімді коммуникация, шешім қабылдау және қоғамдық белсенділік бағыттары қамтылатыны айтылды. Сонымен қатар тәжірибелік тапсырмалар арқылы қатысушылардың алған білімдерін нақты өмірде қолдану дағдыларын қалыптастыру көзделгені атап өтілді.
Жиында облыстық мәслихаттың депутаты Айгүл Акшалова «Әр әйел – әлеуетті көшбасшы» тақырыбында сөз сөйлеп, өз тәжірибесімен бөлісті. Сондай-ақ Байзақ ауданы, Бәйтерек ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Қарлығаш Исақова да көшбасшылықтың мәні мен жауапкершілігі туралы ой қозғады. Спикерлердің мазмұнды әрі жігерлендіретін сөздері қатысушыларға ерекше әсер қалдырды.
Іс-шара соңында қатысушыларға алғашқы оқу модулінің басталғаны хабарланып, М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің өкілі, психология ғылымдарының кандидаты Шолпан Тұрдалиеваның жүргізуімен «Көшбасшылық негіздері» тақырыбында сабақ өтті.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ