Үздік бастауыш кәсіподақ ұйымы анықталды
Облыстық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының ұйымдастыруымен «Бақытты болашақ» оқушылар сарайының акт залында «Үздік бастауыш кәсіподақ ұйымы – 2026» облыстық байқауының ақтық кезеңі өтті. Іс-шараға аудандық және қалалық кезеңде үздік деп танылған 12 бастауыш кәсіподақ ұйымы қатысты.
Байқаудың мақсаты бастауыш кәсіподақ ұйымдарының қызметін жандандыру, олардың жұмысының тиімділігін арттыру, еңбек ұжымдарындағы беделін нығайту және озық тәжірибелерін тарату болды.
Ашылу салтанатында облыстық кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары Бахтияр Қараулов, «АMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов және облыстық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков құттықтау сөз сөйлеп, командаларға сәттілік тіледі.
Байқау бірнеше кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде қатысушылар өз ұйымдарының қызметін сипаттайтын құжаттар мен жетістіктерін ұсынса, екінші кезеңде кәсіби және көшбасшылық қабілеттерін жан-жақты көрсетуге мүмкіндік алды. Сайыс барысында қатысушылар еңбек және салалық заңнамалар бойынша тест тапсырып, кәсіподақ қызметіне арналған бейнероликтерін таныстырды. Сонымен қатар командалар «Біз кәсіподақ мүшесіміз, себебі…» тақырыбында өз ұйымының үздік тәжірибелерімен бөлісті.
Қорытынды кезеңде қатысушылар құқықтық жағдаяттарды шешу арқылы өз білімдері мен тәжірибелерін дәлелдеді. Сайыс қорытындысы бойынша Тараз қаласынан қатысқан №40 гимназияның бастауыш кәсіподақ ұйымы бас жүлдені иеленіп, «Үздік кәсіподақ ұйымы» атанды. Бірінші орынға Қордай ауданының «Техникалық шығармашылық және кәсіби білім беру орталығының» бастауыш кәсіподақ ұйымы ие болса, екінші орынға Шу ауданынан қатысқан М.Әуезов атындағы орта мектеп ұжымы лайық деп танылды. Үшінші орынды Мойынқұм ауданынан қатысқан Жамбыл атындағы мектеп гимназияның бастауыш кәсіподақ ұйымы еншіледі. Қалған командалар арнайы тағайындалған номинацияларға ие болды.
Сымбат ҚУАНЫШ