«SERPIN WAY 2.0» керуені Жамбылға келді
Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті екінші жыл қатарынан еліміздің оңтүстік өңірлерін қамтитын «SERPIN WAY» бірегей ақпараттық-насихат жобасын жүзеге асыруда. Былтыр алғаш рет қолға алынған бастама өзінің тиімділігін дәлелдеп, нәтижесінде оңтүстік облыстардан 130-ға жуық студент Солтүстік Қазақстанға оқуға аттанған болатын.
Биылғы «SERPIN WAY 2.0» керуені ауқымын кеңейтіп, сапалық жаңа кезеңге көтерілді. Жаңа бағыт 14 қала мен 16 ауылдық елді мекенді, аудан орталықтарын қамтып отыр.
Аталған керуен Петропавл қаласынан 31 наурыз күні сапарға шықты. 23 күнге созылатын экспедиция барысында университет оқытушылары, студенттер мен қызметкерлер, қоғам қайраткерлері және қалалық мансап орталығының өкілдерінен құралған топ Қазақстан бойынша 6 мың шақырымнан астам жол жүріп өтеді. Керуен Қарағанды, Жетісу, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан және Ақтөбе облыстарын аралап, жергілікті әкімдік өкілдерімен, мектеп бітіруші түлектермен және олардың ата-аналарымен кездесулер өткізуде.
Жоба аясындағы ақпараттық топ бірер күн бұрын облысымызға арнайы ат басын бұрып, Қордай, Т.Рысқұлов, Меркі аудандарында кәсіби бағдар беру жұмыстарын жүргізді. Кездесулер барысында жобаның мақсаты мен мемлекеттік бағдарламаның артықшылықтары егжей-тегжейлі түсіндірілді. Сондай-ақ университет өкілдері болашақ талапкерлерге оқу орны ұсынатын мүмкіндіктер мен мемлекеттік жеңілдіктер туралы ақпарат берді.
Сапардың финалдық кездесуі кеше Тараз қаласындағы №69 мектепте ұйымдастырылды. Оқушылар мен ата-аналарға арналған іс-шараға танымал блогер Бурахан Даханов қатысып, жастарға Солтүстік өңірдің көпшілік біле бермейтін танымдық қырларын баяндады.
«SERPIN WAY 2.0» жобасының жетекшілерінің бірі, университеттің маркетинг бөлімінің басшысы Олжас Мұхтардың айтуынша, бұл сапар ректор Ербол Исақаевтың бастамасымен қолға алынып, Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылып отыр. Керуен Жамбыл жеріне табан тірегенге дейін 9 өңірді аралап үлгерген. Енді Түркістан мен Қызылорда облыстарына баруды жоспарлауда.
«SERPIN WAY 2.0» керуенінің сапары 23 сәуірге дейін жалғасады.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ