Брифинг

Мал ауруларына қарсы күрес күшейді

Т.Рысқұлов ауданында ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар жүйелі түрде атқарылуда. Биыл сала мамандары аса қауіпті 8 жұқпалы ауруға қарсы екпе жұмыстарын жүргізіпті. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Т.Рысқұлов аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Ғабидин Әшімбеков айтты.

Бөлімнің негізгі қызметі – аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу, диагностикалау, вакцинациялау, малдан алынатын тамақ өнімдері мен шикізаттардың адам өміріне қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Спикердің сөзінше, осы жылы жануарлардың аса қауіпті ауруларына қарсы ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар жоспарға сәйкес тиісті деңгейде орындалуда.

Бөлім басшысының айтуынша, аудандағы 15 ауылдық округтің он екісінде ветеринариялық бекет бар. Олар екпе егу, емдеу орындарымен қамтылған. Солардың үшеуі әкімшілік ғимаратта орналасқан.

Ал мал өлекселерін тастайтын 3 биотермиялық «Беккари» шұңқыры Ақбұлақ, Құлан, Өрнек ауылдық округтеріне тиесілі. Осы жылы тағы бесеуін салу жоспарланған.

Сонымен бірге елді мекендерде 27 Сібір жарасы ошағының көмінділері орналасқан. Ол жерлер ветеринариялық талаптарға сәйкес қоршалған, бетондалған, тақтайшаларында аурудың тіркелген жылы мен айы жазылған. Тұрақты түрде тоқсан сайын дезинфекциялау жұмыстары жүргізіліп отырады.

Нұрбақыт ТҰТҚЫШБЕКОВ