Жамбыл жаңалықтары

«Жарық сәуе» жанды жылытады

Айтыс ақыны мен жазба ақын бір терінің пұшпағын илегенімен, екеуі де сөз өнерінің иесі болғанымен жүретін жолы, салған сүрлеуі бөлек. Бірі айтар ойын халыққа табан астында жеткізсе, екіншісі елге түйсіктің дегенін ой елегінен өткізіп, саралап, салмақтап барып ұсынады. Сол үшін де жазба ақындардың жыры қағазға түскенде қожырамай, көзі түскен адамның жанын тебірентеді, сезімін қозғайды.

Біз білетін Шорабек Айдаровтың есімі қазақ халқына айтыс арқылы кеңінен танылғанымен, ең әуелі, ол өз шығармашылығын поэзиядан бастаған. Талас ауданының түкпірінде жатқан, ақын-жазушылардың елі саналатын Амангелді ауылынан шыққан Ш.Айдаров әдебиетті сүйетін, сөз қадірін білетін аға буынның арасында жүріп, ел ішіндегі ақындар мектебінен өтті, қанатын қатайтты. Саналы ғұмырындағы еңбек жолы да оны салиқалы ортамен, мәдениет, өнер саласымен тоғыстырды. Тумысынан талант, ақындық дарыны тамырында бүлкілдеген ол айтыс ақындарының республикалық, халықаралық жыр додаларында облыс намысы үшін талай олжа салды. Артынан бірнеше шәкірт ертті. Сынаптай сырғыған уақыт бізбен санассын ба? Сөйткен Шөкең шау тартпаса да уақыт ағымымен қариялыққа бет бұрды, ата көргендер үшін абыз ақсақалға айналды. Былтыр 70 жасқа толған мерейтойы туған жері Талас ауданында, өзі туып-өскен ауылда аталып өтіп, елі қолынан келгенінше құрметтеді. Игіліктің ерте-кеші жоқ, жазып жатқан кітабы биыл «Жарық сәуе» деген атпен жарық көрген екен. Бір данасы қолымызға тиіп, парақтап отырғанда ойға шомдық. Сөйтіп, шайырдың өз туындысына жанашырлықпен қарайтынын, асқан еңбекқорлығын, ұқыптылығын, оқырманның обалына қалмайтындай құнды дүние ұсынуға барынша тырысқанын аңғардық. Бұл қазақтың басынан елдің еңсесін түсіретін, балапан басымен, тұрымтай тұсымен кеткен талай заман өткен. Сондай күндерде жүрегін жарып, кеудесінен көкке ұшқан жырларының бірін де шашау шығармай сақтаған-ақ екен. Себебі бұл – шайырдың тұңғыш жыр жинағы. Аталған кітапқа Шорабек Бәтейұлының жетпіс жасқа дейінгі, яғни жылдар бойы көрген баққаны, өмірден түйгені оқырманға пенделіктен аулақ ой өлшеммен ұсынылған екен. Ел өзіне керегін саралап, таңдап ала жатар. Ал мен үшін қай өлеңін алып қарасақ та артық-кемі жоқ, құйрық-жалы күзелген керқұладай көрінді. Ең бастысы, «Жарық сәуе» – тұнған тәрбие, теңдесіз тағылым.

Кеше Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында ақынның аталған жыр жинағының тұсауы кесілді. Жиында облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов сөз алып, облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің құттықтау хатын оқып берді. Құттықтау хатта: «Құрметті Шорабек Бәтейұлы! Сізді «Жарық сәуе» атты жаңа кітабыңыздың жарық көруімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл туынды – сіздің ұзақ жылғы шығармашылық еңбегіңіздің, рухани ізденісіңіз бен төккен теріңіздің жемісі. Әдебиет әлеміне жол тартқан бұл жаңа еңбек оқырман жүрегінен орын алып, ұлттық руханиятымыздың көкжиегін кеңейте түсетініне кәміл сенемін. Кітаптың мазмұны терең ойға жетелейтін, тағылымы мол, рухани құндылығы жоғары дүние екені даусыз.

Сіз айтыс өнерінде талай мәрте сөз додасының саңлағы ретінде көрініп, ел құрметіне бөлендіңіз. Төл өнеріміздің туын биікке көтеріп, абыройын асырудағы еңбегіңіз ерекше. Сонымен қатар жас ақындарды баулып, шәкірт тәрбиелеу жолындағы ұстаздық өнегеңіз – кейінгі буын үшін үлкен мектеп.

Алдағы уақытта да шабытыңыз толастамай, қаламыңыздан туған әрбір шығарма оқырманның ыстық ықыласына бөлене берсін. Шығармашылық табыстарыңыз еселеніп, ұлттық әдебиетіміздің дамуына қосар үлесіңіз арта берсін. Сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыңызға амандық, шығармашылық шаттық пен бақ-береке тілеймін!», – делінген.

Облыс әкімінің құттықтауын жеткізгеннен кейін Серік Жақсылықұлы Ш.Айдаровтың иығына шапан жауып, кеудесіне «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін тақты.

Бұдан кейін «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының төрағасы Дүйсенәлі Бықыбаев ақынға деген ақжарма тілегін арнады.

Салтанатты жиында Тараз қаласы әкімінің кеңесшісі Нұрдос Сембек шаһар басшысы Бақытжан Орынбековтің құттықтау хатын жеткізді. Аталған хатта ақын шығармашылығына жоғары баға беріліп, «Жарық сәуе» жинағы оқырманның рухани әлемін байытатын құнды еңбек екені айрықша аталған.

Жиында Шорабек Бәтейұлына да сөз беріліп, автор кітаптың не себепті «Жарық сәуе» деп аталғанына тоқталды. Аталған әдеби-сазды кешті ұйымдастырушыларға, өзіне қолдау көрсеткен ағайынға, дос-жаранға алғысын білдірді.

– 13 жасымнан өлең жаза бастадым. «Жарық сәуе» – менің тұңғыш жыр жинағым, бұған дейін кітабым шықпаған екен. Өйткені 70 жасқа дейін кітап шығаруға аса құлқым болмай келді. Шынымды айтсам, мен үзеңгілес, замандас, дос болған ақындар менен бір бас жоғары болған екен. Мысалы, Серік Томанов екеуміз дос болдық. Екеуміз бәсекелес болдық, бірақ бақталас болған жоқпыз. Қайта бір-бірімізге қайрат беріп, шығармашылық жолымызда бір-бірімізге септігімізді тигіздік. Сол сияқты кейін Мұхамеджан Тазабековпен бірге жүрдім, Серік Қалиевпен де бірге болдым. Осындай талантты ақындардың барлығы менен бір бас биік тұрған еді. Олардың жинақтары оқырманға жол тартқанда осындай таланттардың қатарында кітап шығаруға ұялыппын. Осылайша кітап шығаруды аса құнттай қойған жоқпын.

Енді мына кітабымның атын «Жарық сәуе» деп қойдым. Көпшілік оны «Жарық сәуле» деп түсінеді. Бірақ «сәуе» мен «сәуленің» мағынасы екі түрлі. Сәуле – ол табиғи ұғым, ал сәуе – рухани ұғым. «Сәуе деген не?» дейтін болсақ, осы жерде маған ҚазҰУ-да сабақ берген Қоянбек Ахметов ағам отыр. Сол кісіден кезінде «Сәуе деген не?» деп сұрап едім, «Оның мағынасы мейір, шапағат» деді. 

Біздің алдымызда Таластан шыққан Нарша Қашағанов есімді ақын болды. Сол ең алғаш анасына арнаған өлеңін радиодан оқыған кезде:

«Қуана бер, сен, тегі,
Ойла бүгін той деп бір.
Апатайым, тентегің,
Радиодан сөйлеп тұр.
Ұлың едім көп сенген,
Көрмеген оттан именіп.
Жігіттікке жетсем де,
Саған сәуем тимеді», – дейді.

Одан бөлек қазақта «Ер болсаң, елге сәуең тисін» деген сөз бар. Демек, «сәуе» деген сөз жақсылық деген мағына береді. Осы кітабымның атын «Жарық сәуе» деп қойғаныма қатты қуанамын. Себебі «сәуе» сөзі біздің сөздік қорымыздан шығып барады. Мақсатым – соны оқырманның есіне салу. Ақындық мұрат деген бар. Менің ақындық мұратым – егер халқыма, жұртыма пайдамды тигізсем, бақыттымын! – деді.

Өңірдің зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, мәдениет және өнер қайраткерлері қатысқан рухани кеште тілек-ниет сөзін халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы, прокуратура саласының ардагері Әбиірбек Қонысбаев секілді азаматтар жалғап, екеуі жаңа жыр жинақтың тұсауын кесті. Кеш барысында жас айтыскер ақын Інжу Жаңабай кеш иесіне деген арнауын айтып, жұртшылыққа музыкалық бағдарлама ұсынылды.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ