179 мың талапкер наурыз айындағы ҰБТ-ны тапсырды
2026 жылғы наурыз айындағы ҰБТ-ға 179 мыңға жуық адам қатысты. Талапкерлердің 75%-ы тестілеуді қазақ тілінде, 25%-ы орыс тілінде, ал 157 адам ағылшын тілінде тапсырды, деп хабарлайды arainfo.kz
Талапкерлердің 70%-ы шекті балл жинады. Бес пән бойынша орташа балл 66-ны құрады. Ең жоғары нәтиже – 140 балл.
Атырау облысының түлегі Кенесова Жазира төрт пән бойынша 90 балл жинады. Сонымен қатар ол ҚАЗТЕСТ сертификатын пайдаланып, «Қазақ тілі» пәні бойынша балдарын конвертациялады. Осылайша, Кенесова Жазираның жалпы нәтижесі 140 балл болды.
Талапкерлер тест тапсырмаларының мазмұны бойынша тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға беру құқығына ие. Техникалық себептер бойынша апелляция тестілеу барысында қабылданады. Бұл жолы 31 мыңнан астам өтініш қабылданып, олардың ішінде 17 бірегей тест тапсырмасына қатысты өтініштер қанағаттандырылды. Республикалық комиссия өз жұмысын аяқтады. Талапкерлердің сертификаттары жеке кабинетте қолжетімді.
Тестке қатысушылардың басым бөлігі «Математика–Физика» пәндер комбинациясын таңдаған – 18,7%. «Биология–Химия» пәндерін 16,5% талапкер таңдады. Сондай-ақ топ-3 қатарына талапкерлердің 10,3%-ы таңдаған «Шығармашылық емтихан» комбинациясы кірді.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлер үшін қолайлы жағдай жасалып, ҰБТ-ға 408 адам қатысты.
ҰБТ өткізу барысында 264 ереже бұзушылық анықталды. 130 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып кірмек болғаны үшін тестілеуден шеттетілді. Тағы 134 адам тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Басқа адамның орнына кіру фактілері тіркелген жоқ.
2026 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда ҰБТ нәтижелері жойылады.