Спорт

Әйгерім Сәттібаева сенімді ақтады

Моңғолия астанасы Ұлан-Батыр қаласында «World Boxing» ұйымының ұйымдастыруымен өтіп жатқан ересектер арасындағы бокстан Азия чемпионаты аяқталуға жақын. 30 наурыз күні шымылдығы түрілген байрақты бәсекеде құрлықтың ең үздік былғары қолғап шеберлері өзара бақ сынауда.

Жартылай финалдық бәсекелердің қорытындысы бойынша отандастарымыздың бірнешеуі алтын медаль үшін таласатын ақтық сынға жолдама алса, бірқатары қола жүлдені қанағат тұтып, жарыс жолын аяқтады.

6 сәуір күні ел құрамасынан алғашқы болып рингке көтерілген Бақыт Сейдіш (70 келі) өзінің жоғары дайындығын көрсетті. Ол жартылай финалда қытайлық Алимир Абудуреймумен кездесіп, қарсыласының әрбір қадамын қалт жібермеді. Бақыттың жылдамдығы мен қарымта шабуылдағы дәлдігі төрешілердің жоғары бағасына ие болып, нәтижесінде 5:0 есебімен айқын жеңіске жетті. Енді жерлесіміз финалда әлем кубогының иегері, үндістандық Арундхати Чаудхаримен Азия біріншілігінің бас жүлдесін сарапқа салмақ.

Ал Валентина Хальзова 75 келіге дейінгі салмақта сынға түсті. Бұрымды боксшымыз қытайлық Бао Цзыимен жұдырықтасты. Алғашқы екі раундта Валентина басымдық танытқанымен, үшінші раундта ереже бұзуы оның ұпайына кері әсер етті. Осылайша Қытай спортшысы финалға өтіп, Валентина Хальзова чемпионатты қола медальмен аяқтады. Сонымен қатар 55 келідегі Махмұд Сабырхан мен жарыс қожайыны Билгуунсайхан Хархуумен кездесті. Махмұд үш раунд бойы белсенділік танытып, қарсыласын қыспаққа алғанымен, төрешілер шешімімен моңғолиялық боксшының мерейі үстем болды.

Десе де жеңісті жолды Надежда Рябец пен Дина Исламбекова сәтті жалғастырды. 80 келі салмақ дәрежесінде Надежда үндістандық Пужа Ранимен күш сынасты. Ол алғашқы раундта қарсыласына есе жібергенімен, соңғы раундта жеңісті жұлып алды. Енді финалда Рухшона Парпиевамен жұдырықтасады. Ал Дина Исламбекова өзбекстандық Олтиной Сотимбоевамен кездесіп, басымдық танытты. Дина үндістандық Альфия Патанмен алтын жүлдені сарапқа салмақ.

Ерлер арасында Төрехан Сабырхан 70 келіде қытайлық Ван Пэйченді екі раундтың ішінде үш рет нокдаунға түсіріп, жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтады. Оның финалдағы қарсыласы – тәжірибелі иорданиялық Зейяд Ишаиш. Ағайынды Оралбайлар да жанкүйерлердің сеніміне селкеу түсірмеді. Айбек Оралбай Түрікменстан өкілін қапы қалдырса, Нұрбек Оралбай моңғолиялық Бариахан Доржды 5:0 есебімен тізе бүктірді. Сондай-ақ Сабыржан Аққалықов та жартылай финалда моңғолиялық боксшыны нокдаунға жіберіп, финалға жолдама алды.

Чемпионаттың ең жарқын сәттерінің бірі – Әйгерім Сәттібаеваның қола медаль иеленуі. Жерлесіміз ширек финалда халықаралық «Странджа кубогының» жеңімпазы өзбекстандық Сабина Бобокуловамен қолғап түйістірді. Тартысты өткен кездесудің алғашқы раундында қарсыласына есе жібергенімен, қалған екі кезеңде жігер танытқан Әйгерім айқын басымдықпен жеңіске жетіп, жартылай финалға жолдама алды. Ал келесі кезеңде Әйгерім Сәттібаева моңғолиялық қарсыласы Энх-Амгаланмен кездесті. Әттеген-айы, жерлесіміз әділетсіздіктің құрбаны болып, жарысты ерте аяқтауға мәжбүр болды. Үш раундтың қорытындысы бойынша моңғолиялық боксшы 5:0 есебімен жеңіске жетті.

Айта кетерлігі, Әйгерім Сәттібаева бокс әлеміне 2004 жылы қадам басып, бүгінде үлкен жетістіктерге жеткен спортшы. Ол – бес баланың анасы әрі 2025 жылғы Қазақстан чемпионы, сонымен қатар 2024 жылғы Азия біріншілігінің қола жүлдегері. Оның жары Олжас Сәттібаев та 2015 жылғы Азия чемпионы және 2016 жылғы Олимпиада ойындарының қатысушысы ретінде елге танымал. Әйгерімнің бұл жолғы жеңісі оның кәсіби деңгейінің жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Жалпы Азия чемпионаты алғаш рет 1963 жылы Тайландтың Бангкок қаласында өткен. Құрлықтық додада талай қазақ боксшысының бағы жанған. Ал биылғы дүбірлі додаға жалпы 20 спортшымыз қатысты. Азия чемпионатының ақтық сындары 9-10 сәуір күндері өтеді.

Нұрбақыт ТҰТҚЫШБЕКОВ