Спорт

Татами шебері Қарағандыда топ жарды

Қарағанды қаласында дзюдодан 2011-2012 жылдары туған жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өз мәресіне жетті.

Еліміздің 17 облысы мен 3 мегаполисінен жиналған 20 команда бақ сынаған айтулы додада облысымыздың намысын №41 облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері лайықты қорғады. +63 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Аяла Аманкелді алты бірдей қарсыласын айқын басымдықпен жеңіп, жарыстың бас жүлдесін иеленді.

Сондай-ақ 63 келі салмақта өнер көрсеткен Аяна Бақытжанқызы да ел чемпионатында топ жару үшін аянып қалмады. Жүлделі үшінші орын үшін болған шешуші белдесуде қарсыласына есе жібергенімен, Аяна спорттағы болашағы жарқын екенін көрсете білді.

Жасөспірімдерді дүбірлі додаға дзюдодан Қазақстан Республикасының спорт шебері, білікті жаттықтырушы Аңсар Төлебаев баптаған.

Жамбылдық өрендердің бұл жетістігі – спорт мектебі мен жаттықтырушы еңбегінің жемісі.

Нұрбақыт ТҰТҚЫШБЕКОВ