Спорт

Әлем чемпионатына қатысатын командалар анықталды

11 маусым мен 19 шілде аралығында АҚШ, Канада, Мексика елдерінде өтетін футболдан әлем чемпионатында бақ сынайтын барлық 48 команда анықталды.

Әлем чемпионатында өнер көрсететін құрамалар 12 себетке бөлінген. А тобында Мексика, Чехия, Оңтүстік Африка және Оңтүстік Корея, В тобында Канада, Қатар, Швейцария және Босния және Герцеговина бақ сынайды. С тобы Бразилия, Марокко, Гаити және Шотландиядан құралса, D тобында АҚШ, Парагвай, Аустралия және Түркия, ал Е тобында Германия, Кюрасао, Кот-д'Ивуар және Эквадор өнер көрсетеді. F тобында Нидерланд, Жапония, Тунис және Швеция бар.

Сондай-ақ G тобына Бельгия, Мысыр, Иран және Жаңа Зеландия, сондай-ақ H тобына Испания, Кабо-Верде, Сауд Арабиясы және Уругвай топтасқан. І тобында Франция, Сенегал, Ирак және Норвегия, J тобында Аргентина, Алжир, Аустрия және Иордания бәсекелеседі. К тобы Португалия, Конго, Өзбекстан және Колумбиядан тұрса, соңғы L тобында Англия, Хорватия, Гана және Панама құрамалары жинақталған.

Іріктеу турнирінің басты сенсациясы деп Италия құрамасының жолдамаға иелік ете алмағанын айтса болады. «Төрт дүркін әлем чемпионы» деген атағы бар даңқты команда шешуші ойында Босния мен Герцеговинаға есе жіберді. Бұл – «Скуадра Адзурраның» қатарынан үшінші мәрте әлемдік доп додасынан шет қалуы. Ал Өзбекстан, Иордания, Кабо-Верде, Кюрасао мундиальға алғаш рет қатысқалы отыр.

Нұрбақыт ТҰТҚЫШБЕКОВ