35-ке дейінгі азаматтар жастар санатына енуі мүмкін
35-ке дейінгі азаматтар жастар санатына енуі мүмкін
Тек 2000 жылдан бастап әр жылдары «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясаты туралы» заң жобасын әзірлеу, қарау, түзету енгізу секілді жұмыстары жүргізіле отырып, ұсынылған заң жобасы көңілден шыққаннан кейін, яғни 2004 жылдың жазында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңға қол қойылды. Бұдан кейінгі әр жылдарда Жастар саясаты туралы тұжырымдама, арнайы бағдарлама қабылдау іске асырыла отырып, жер-жерде жастар орталықтары, ауылдық жерде жастармен жұмыс істейтін штаттар ашылып, жастар жұмыспен қамтылып, нәтижесінде олар қоғамның қозғаушы күшіне айналды. 2015 жылдың ақпан айында «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» жаңа заң күшіне енді. Қабылданған бұл заң шын мәнінде жастар мүддесі үшін жұмыс істей бастады. Қазір ел жастары рақатын көріп отырған «Серпін-2050», «Дипломмен ауылға», «Жасыл ел», Жастар практикасы, Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім, «Жас кәсіпкер», «Бастау Бизнес» және баспаналы болуға мүмкіндік беретін түрлі бағдарламалар мен мемлекеттік гранттар елімізде жастар саясатының жүйелі жүзеге асуының жемісі. Осыдан 3-4 жыл бұрын қоғамда мемлекеттен жеңілдік алу мүмкіндіктерін арттыру үшін жастардың 29 жас мөлшерін 35 жасқа дейін ұзарту мәселесі қозғалып, кейіннен бұл тақырыпты ел ағалары биік мінберде қайта қозғай қоймағаннан кейін жұрт бұл ұсынысты «айтылған жерінде қалып қойдыға» балап жүрген. Сөйтсек, бұл мәселе ұмыт қалмаған екен. Жақында Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында жастар санатын 35 жасқа дейін ұзартуға мүмкіндік беретін және басқа да жаңашылдығы бар заң жобасы қабылданған еді. Бұл жаңалық қазір көпшіліктің айдарынан жел естіріп тұр. Өйткені бұған дейін аталған заң аясында мемлекет тарапынан түрлі жеңілдіктер мен мүмкіндіктерге жасы 14-пен 29-ға дейінгі жастар қол жеткізсе, енді аталған заң жобасын Сенат мақұлдап, «Жастар саясаты туралы» Заңға өзгеріс енетін болса, жасы 29-дан асқан 35 жасқа дейінгі азаматтар қосылмақ. Облыста жастар санатына жататын 242 мың 943 азамат бар болса, олардың саны еселенетін күн жақын қалды. Осы орайда біз «Жастар рухы» жастар қанатының облыстық филиалының атқарушы хатшысы, облыстық мәслихаттың депутаты Уәлихан Болатбекпен тілдесіп, заңға енетін соңғы өзгерістер өңір жастарына қандай артықшылық беретінін сұраған едік. – Негізі халықаралық деңгейде, яғни көптеген мемлекетте 35 жасқа дейінгі азаматтар жастардың санатына енгізілген. Тіпті кейбір мемлекетте нәресте туылғаннан бастап жастар санатына жатқызылса, тағы бір елдерде жастар санатының шегі 40 жас болып бекітілген. Еліміздің жастар шегінің ұзартылуына осы мәселе де себеп болып отыр. Екіншіден, елімізде көптеген жастар мектеп бітіру, жоғары оқу орнын тәмамдау, жұмысқа тұру, отбасын құру күйбеңімен жүргенде жасы 29-дан асып кетіп, мемлекет беретін мүмкіндіктен қағылып қалып жүр. Ішінара ипотекаға баспана беретін қаржы ұйымдары жастардың баспанамен қамтылуында 35-ке дейінгілерге мүмкіндік бергені секілді жеңілдіктер болмаса, негізінен 29-дан кейін азаматтар жастар санатынан шығып қалуда. Жастар санатының шекті жасының ұзаруына басты себеп осы. Негізінде бұл заң жобасы тек жастар санатының шегін ұзартуды ғана қамтымаған. Мәселен, біздің облыс берген екі ұсыныс еніп отыр. Оның бірі – Жастар ресурстық орталығының әр ауылдық округте жұмыс істейтін мамандарына статус беру. Өйткені ол бір жерде штатта нұсқаушы деп көрсетілсе, тағы бір жерде кеңесші делініп жүр. Сонымен қоса олар «Дипломмен – ауылға!» секілді бағдарламаларға жас маман ретінде іліге алмауда. Одан бөлек айлықақысы да төмен. Заң қабылданса жастарға шарапаты тиерлік осындай игіліктері көп, – деді У.Болатбек Жасы 32-ден асып, жастар санатынан шығып қалған жігіттің бірі – Ақжан Ахметов. Десе де ол Жуалы ауданы, Шақпақ ауылдық округінің жастар ісі жөніндегі нұсқаушысы болып еңбек етіп жүр. – Жалақымыздың мардымсыз екені рас, әйтсе де осы жұмысты ауыл жастарының жағдайын көтеру үшін айлықақысы аз демей-ақ еңбек еттік. Енді орнымды босатсам деген ниетпен жастарға жаны ашитын бір жігітті арамыздан тәрбиелеп жатырмын. Жастар санатының шегі ұзартылатыны жасы 35-ке дейінгі көптеген өрендерді қуантуда. Себебі 14-тен 35-ке дейін жастар мемлекет тарапынан жасалатын көмекті пайдалануына мүмкіндік көп болмақ. Қазір біздің ауылдық округте 4 345 тұрғын бар болса, оның ішінде 900-дейі жасы 29-ға дейінгі жастар. Оның ішінде 45-і кәсіпкер болса, оншақтысы ірі бизнеспен айналысады. Олардың кейбірінің кәсіп ашып, ісі өрге домалауына жастарға қатысты бағдарламалардың тигізген көмегі көп, – деді ол. Бүгінгі жастардың денінің көзі ашық әрі қоғамдық-саяси мәселелерге келгенде белсенділігі де жоғары. Ал жастары енжарлық танытпай, қай істе болмасын жалындап тұрса, мұндай мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны бәсеңдемейді. Осыны ескерген мемлекетіміз бүгінде жастар саясатына шындап көңіл бөле бастады. Жоғарыда аталған жаңа заң жобасы осы сөзіміздің айғағы.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ