Телефонға телміру де тәуелділік
Қазіргі заманды ұялы телефонсыз елестету өте қиын. Таң атқаннан түн ортасы ауғанға дейін көпшілігіміз телефонды қолымыздан тастамаймыз. Әсіресе жастар арасында телефонға тәуелділік күн өткен сайын күшейіп барады. Телефонды үздіксіз қолдану қалыпты жағдай сияқты көрінгенімен, салдары өте күрделі мәселелерге алып келуі әбден мүмкін.
Негізі ғаламтордың пайдасы көп екені сөзсіз. Интернет арқылы біз керекті ақпаратымызды аламыз, сабақты да соның көмегімен оқимыз, басқа да жаңашылдықтарды үйренеміз. Бірақ мәселе интернеттің өзінде емес, оны қалай пайдаланатынымызда. Қазіргі жастардың көпшілігі телефонды білім алу үшін емес, ойындар ойнап, әлеуметтік желілерде уақыт өткізу үшін қолданады.
Соңғы жылдары балалар мен жасөспірімдер арасында түрлі онлайн ойындар ерекше танымал болып кетті. Оның ішінде «Free Fire», «Among Us» сияқты ойындарды сағаттап ойнайтын балалар аз емес. Көп жағдайда олардың бұл ойындарға беріліп кететіні сонша, тіпті тамақ ішуді, сабақ оқуды, ата-анасының айтқанын тыңдауды да ұмытып кетеді. Бір ғана ойынды «тағы бір раунд ойнаймын» деп бірнеше сағаттың қалай өтіп кеткенін байқамай қалатындар жетіп артылады. Соның салдарынан үй тапсырмасы орындалмайды, кітап оқуға, спортқа, тіпті отбасы мүшелерімен сөйлесуге уақыт қалмайды. Осы мәселеге қатысты Қазақстандағы тәжірибелі офтальмолог, «Oscar Clinic» клиникасының дәрігері Асқар Алтынбекұлынан пікір алған едік. Ол жастар мен балаларда көру проблемаларының көбеюіне телефон мен гаджеттерді ұзақ қолданудың әсері бар екенін сөз етті.
Телефондағы ойындардың зияны – олардың бала психологиясына кері әсер етуінде. Кейбір ойындарда атыс шабыс, бір-бірін алдау, қарсыласты жою сияқты әрекеттер көрініс табады. Мұндай көріністерді ұзақ уақыт бойы көріп өскен бала агрессивті немесе шектен тыс тұйық болып кетеді екен. Сонымен қатар ойынға тәуелді болған бала шынайы өмірден алыстап, виртуалды әлемді шынайы өмірден маңыздырақ көре бастайтын көрінеді.
Телефонға тәуелділіктің денсаулыққа осы тектес тигізер зияны көп. Сонымен қатар түнде кеш ұйықтау да балалардың жүйке жүйесіне кері әсер етеді. Таңертең сабаққа ұйқысы қанбай келген оқушының зейіні төмен болады, бұл оның оқу үлгеріміне де кері әсер етеді.
Бұрынғы кезде балалар бос уақытында кітап оқып, далада ойнап, спортпен айналысатын. Ал қазіргі таңда олардың көпшілігі бос уақытын телефонға жұмсайды. Бұл жағдай тек ата-аналарды ғана емес, бүкіл қоғамды алаңдатуы тиіс. Себебі бүгінгі жастар – ертеңгі елдің болашағы. Әрине, барлық кінәні тек балаларға артып қою дұрыс емес. Ата-аналар да баласының телефонды қалай, қанша уақыт қолданатынын бақылауы керек. Сонымен қатар мектептерде де оқушыларға интернеттің пайдасы мен зияны туралы түсіндіру жұмыстары жиі жүргізілгені жөн.
Жалпы телефон мен интернеттен толықтай бас тарту мүмкін емес. Бірақ оны орнымен пайдалану – әр адамның өз жауапкершілігі. Жастар уақытын тек ойын мен әлеуметтік желіге емес, өз дамуына, білімге, спортқа және шынайы өмірдегі қарым-қатынасқа көбірек бөлгені дұрыс. Әр жас өз уақытын дұрыс бағалап, виртуалды әлем мен шынайы өмірдің арасындағы тепе теңдікті сақтай білуі керек.
Аяулым РАХЫМБЕК,
М.Х.Дулати атындағы
Тараз университетінің 4-курс студенті