Мәдениет

Жастар жырлайды

Өлеңсүйер қауым үшін жамбылдық бір топ жігерлі жастарының жалынды жырларын назарларыңызға ұсынып отырмыз...

Өз-өзімді жігерлеу

Бір сәтке мынау өмірге қара,
Бақыт құсы ма кеп қонбас?
Таусылса сынақ, көңілге дауа,
Ойын мен күлкі сеп болмас.

Арманың келмей алуан күткен,
Көрсең де өмір ауырын.
Жеңілген білсең балуан біткен,
Жер иіскегенде жауырын.

Тағдырың саған тәлімгер болмас,
Қатеңнен үлгі ал ендеше.
Жүрегің сенің жауынгер болмас,
Сынаққа шыдас бермесе.

Еңсеңді тік ет қара да елге,
Еркін қыл көңіл асауды.
Басыңды көтер, сабаңа кел де,
Күйзелерсің-ау қашанғы.

Адам өз-өзін көп алдайды екен,
Қиындықтарды көп көрген.
Тағдырды ешкім жеңе алмайды екен,
Сынақтарынан өткенмен.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ

 

Мұң мезгіл

Арманшыл едім –
Адалдық күтер бәрінен.
Үміттің нұры шашылып тұрар әрінен.
Білмеймін, қашан жаңылдым екен абайсыз
Тағдырдың мінсіз, мөп-мөлдір бала әнінен?!

Сенгіштеу едім –
Көп еді тіпті сырласым.
Білмеппін ғой бәрінің мәңгі тұрмасын.
Қай сәттен бастап сенімнен қалдым ажырап,
Сенде де сондай белгісіздік пе, құрдасым?!

Кешірімді едім –
Бәріне кеңдік танытар.
Күлімдегенге көңіл түймесін ағытар.
Кекшілдік қашан тұрақтап алды, білмеймін!?
Тіршіліктің мынау мағынасы жоқ, мәні тар.

Мейірімді едім –
Елжірер жаны жатқа да.
Жанашырлықтан таңбаланушы еді жас жара.
Тым нәзік, ерке жүрегім қазір қайда екен?
Тасқа айналдырып жіберді ме екен тас қала?!

Ғалия АБЫЛАЙ

 

Білмеймін...

Білмеймін, беймезгіл шақтағы осым не?!
Кеудені шымшыған секілді бөтен ой.
Көңілде бір өксік еп-еркек басыммен,
Жүректер жынысқа бөлінбейді екен ғой.

Түсті ме әлде еске қым-қуыт өткен күн,
Қараймын өзіме өзімше таңғалып.
Мен әлде біреуді сағындым көктегі,
Көкке ұшып кетуге сәл қалып.

Санамды сан ойға сан мәрте жеңдірем,
Басынған көп күмән күдікпен.
Тағы да жылаған жанарды көрдім мен,
Сол шығар жасымды түрткен.

Сынбағам меселім мүжіліп қайтқанда,
Жымысқы өмірді осынша сүйдім бе?
Жыладым...еркекше!
... ешкімге айтпаңдар,
(Кофе ғой көңілді күйдірген...)

Нұрболат АМАНБЕК

 

Менің мұзым

Қарашы анау шатырдың мұзы қандай!
Қарашы оның мөп-мөлдір жүзі қандай!
Тек ұшынан бір тамшы тама алмай тұр,
Сен де менен жүрсің бе үзіле алмай?

Мұзға үңілу, білмеймін, ермегім бе?
Мөлдір тамшы, үзіле көрме мүлде.
Дәл осындай тамшы бар қыз жүректе,
Дәл осындай мұз бар-ау ер көңілде…

Қимай-қимай қараумен тегі мен де,
Көндім тамшы, дірілдеп, тебірен де.
Үзілсең, үзіле ғой, менің мұзым —
Сен тамған тұсқа құлар ерігенде.

Шамиль НЕСІПБАЙ