«Ғаламды сүйдім ғаламат сұлу қалпында»...
Қазақты жамандама, қазақ бала,
Халық қой қазақ деген аз-ақ қана!
Мәңгілік ай астында, жер үстінде,
Қазақтың жанашыры – қазақ қана! – деп жан жүрегімен жырлаған қазақтың аяулы ақыны Күләш Ахметова тірі болғанда 80 жасқа толып, ел-жұрты тойлап жатар еді. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары-ақ өлең өлкесіне өзіндік үнімен атойлатып келген Күләш Ділдәқызының азан шақырып қойған аты – Гүлбахрам. Бірақ халқы Күләш деп атап кетті. Әкесі Ділдәнің азан шақырып қойған аты Сағаділдә болатын. Ең алғаш мектепке барғанда «Ахметов Сағаділдә» болып жазылғанымен, ауылдық кеңестің хатшысы есімін Ділдә деп өзгертіп жіберіпті. Күләштің анасының аты – Бекзада. Ол кісі ақылды, келісті, өнерлі адам болыпты.
Күләштің кіндік қаны тамған жер осы күнгі қырғыз жеріндегі Кировка деп аталатын ауыл болған. Ол жаққа өткен ғасырдың отызыншы жылдары, яғни қазақ жерін жалмаған ашаршылық кезінде ең әуелі Ділдәнің әкесі Кәдірбек жұмыс іздеп кетіп, содан оралмаған. Әйелі Бекзада мен анасы Молша (оның азан шақырып қойған есімі – Монша) үшеуі 1952 жылға дейін қырғыз жерінде тұрып, сол жылы Қазақстанға, Үшаралға оралған. Күләштің анасы Бекзада қызының жасы сегізге толар толмастан кенеттен жабысқан өкпе ауруынан көз жұмған. Сөйтіп, Күләш пен інісі Бақтиярды әжесі Молша мейіріміне бөлеп өсіріпті. Әжесі жайлы Күләш:
Сылдыр-сылдыр қамысқа сырғам түсті, жар-жар-ау.
Сырласпаған жат елге апам түсті, жар-жар-ау.
Апамды ойлап қабырғам қайысады, жар-жар-ау,
Қолымдағы қос жүзік майысады, жар-жар-ау, – деген ескі әуенді құйқылжытып айтушы еді, – деп еске алады.
Кейіннен анасы Бекзаданың жаңа бастаған шілтерін аяқтай алмағанына өкініп:
Бәрін сенсіз басымнан өткеремін.
Неткен сұмдық!
Көз жасын төкті өлеңім.
Ақ шанамен ақ қарда кеткен едің,
Содан бері ақпанды жек көремін! – деп өзегі өртене жырлапты.
Дегенмен қаны мен жаны тектіліктен жаратылған Күләш сынған жоқ. Әжесі мен анасының әлдиін жалғастырып, өшпес өлеңге айналдырды. Сөйтіп, өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының басында-ақ:
Бекзада кетті-ау бел асып,
Беліне белбеу жарасып.
Жаутаңдаған қос мұңлық,
Артында қалды-ау адасып, – деп күңіренген Күләш тағдырдың сынағына мойымады. Жақсылардың мейірімі мен шуағына шомылып, нәзік жырларын қағазға түсіріп, жүрегін өлеңмен нұрландырды.
Міне, сол ақын Күләшті өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының басында ата-бабасының туған мекені Үшарал жұрты «ақын қызымыз» деп таныды. Мен де 1962 жылдан бастап ауылдағы орта мектепте бірге оқып, әпкелі-інідей араласып кеткен едік. Оның биязы мінезі, мақпал үні, адам жатырқамас ақ пейілі кімді де болса мойындатпай қоймайтын. Бауырмалдығы, кісілігі таңғалдырарлықтай ерекше еді. Тоғызыншы сыныптан соң Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласындағы медициналық училищені бітіріп, мейірбике мамандығын алған Күләшпен рухани дос болып кеттім. Екеуміз Үшарал ауылының №1 ферма деп аталатын елді мекенінде көрші тұрып, қолымыз қалт етсе болды, жарыса өлең оқушы едік.
Жалпы менің шығармашылықтағы ұстаздарым, ең әуелі, Керімбай ағай мен Күләш болды десем, артық айтқаным емес.
Сол бір қарапайым, шуақты күндер жайлы ақын өзінің «Ауылды аңсағанда» деген өлеңінде былай деп жырлайды:
Сағынып мені өзіне тағы кетті алып,
Өлеңнен өзге дүние түгел шет қалып.
Ақ таңнан тұрып, аттанып кеткім келеді,
Сәл самал жұтып, сағымды белді бетке алып.
Тегінде, талай ақын туған жері жайлы тебіреніп жыр жазады. Бірақ Күләштай шын сүйіп, ғашық жүрекпен жырлайтындар некен-саяқ па дерсің. Сонау алпысыншы жылдары Қазақ ұлттық университетінде оқып жүрген ақын қыз ішкі сырын, ауылға деген сағынышын:
Қайтарсың, қалқам, ауылға,
Асықтыруда күндер шын.
Сұраған досқа, бауырға,
Үлбіреген дүниеден
Үйлесім іздеп жүр дерсің, – деп өлеңмен жеткізіп, өксігін басады.
1965 жылы Жамбыл медициналық училищесінің екінші курсында оқып жүргенде Күләштің сол кездегі облыстық «Еңбек туы» (қазіргі «AQ JOL») газетіне бірнеше өлеңі шығып, жүрегі жарылардай қуанғанына куә болған жанның бірі мен едім. Сонда әкесі Ділдәнің ауылдың бас қосқан отырысында «Менің Күләшім Ұлбикедей ұлы ақын болады» деп мақтанғанын құлағымен естіген жанның да бірі менмін. Тәңірім аузына салған екен, Күләштің өзі пір тұтқан Ұлбикеден асып, атағы алысқа кеткені және рас. Ақынның «Ұлбикенің соңғы тілегі» деген монологында жазған:
Жолы ауыр ақынның мұратының,
Мен кетермін, алармын, сірә, тыным,
Қаларсыңдар мойындап,
Тіршіліктің
Зұлымдық пен пәктіктен тұратынын.
Мен өмірден барамын ерте кетіп,
Жүрерсіздер өткенді ертегі етіп.
Ақырғы рет адамнан өтінемін,
Ақындарын өтуді еркелетіп, – деген жыр жолдары кімге де болса ой саларлық сөз емес пе?!
Жетпісінші жылдары «Ақ гүлім» деген жыр жинағымен өлең өлкесіне өзіндік өрнек салып үлгерген Күләш ақынға қазақтың классик ақындарының бірі Әбділдә Тәжібаевтың «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетіне «Күләш Ахметова – ақын» деп айқара бетке мақала жазып, оның поэзиясын жоғары бағалап, ақ батасын бергені – хас талантты мойындаудың белгісі. Көп кешікпей өзі жұмыс істейтін «Жалын» баспасынан «Жасыл жағалау» атты жаңа кітабы жарық көріп, ол жайлы да қазақтың тағы бір ұлы тұлғасы Ғәбит Мүсірепов шын ниетімен батасын беріп, ақ жол тілеуі де ақынды қанаттандырғаны айдан анық.
Күләштің құдіреттілігі – ол не жазса да, нені жазса да суреткерлік көрсетуінде. Оның өлеңдерінде құрғақ теңеу, бос сөз, боркемік ой жоқ. Өлеңінің әр жолында тағдыр жатыр. Ой жатыр. Түйін жатыр. Ол табиғатқа ғашық, сезімге адал. Мысалы, оның «Жапырақ жаздың жүрегі» деген өлеңінде мынандай жолдар бар:
Жапырақтар, әртүрлі ән құрарсыңдар,
Алдарыңда әртүрлі тұрар сындар.
Нәзіктерім, сендермен сырласайын,
Менің нәзік жанымды ұғарсыңдар.
Ұғарсыңдар, ұғу да, тану да арман.
Жасарыңдар, жасқанбай жауын, қардан
Дайын тұру қажет-ақ барлық сынға,
Қорықпаңдар салқыннан, дауылдардан.
Тіршілікте боран да, құйын да бар,
Қайдан сенің түсінсін күйіңді олар.
Ылғи жақсы болуды тілегенмен,
Ылғи жақсы боп қалу қиын болар...
Ақын табиғаттың тамырын дөп басып, адамдарды ойландырады.
Қаламгер адам, ең алдымен, халықтың жүрегінен орын алуы қажет. Некрасов айтпақшы: «Ақын болу шарт емес, азамат болу міндетің». Күләш та қоғам өмірінен тыс қалған емес. Оның өмірдің жақсы-жаманын, түзуі мен қисығын, кемшілігі мен кеңістігін көре білетіндігі де ғажап. Қаншама жыр жинақтарын оқысам да мен Күләштің біреулерді марапаттап, қошеметтеп, жарамсақтанып жыр жазғанын көрген емеспін. Сонау қылышынан қан тамып тұрған қызыл империяның кезінде ол «Ғасыр қасіреті» деген толғау жазды. Онда кеңестік билік орнағалы бергі қазақтың көрген қорлығы мен зорлығын айнытпай жырлады.
Шындығы мен сұмдығы сұрыпталды,
Рухты алды, жоқшылық ырықты алды.
Үңірейген үй қалды жан орнында,
Мал орнында жүген мен құрық қалды.
Кім ойлаған болар деп қиын мұндай,
Илікпеген басты да иілдірді-ай.
Есін алып, айырды иманынан,
Тәңірге де, дінге де сыйындырмай! – дей келе:
Дария жоқ жататын толып ағып,
Жылдан-жылға жүдейді қорық анық.
Орып алып орманды жер бетінен,
Жер астының мұнайын сорып алып, – дейді ашынып.
Ойлап отырсам, қазағымның көрмегені, басынан кешпегені жоқ екен. Тәңірдің қалауымен қазақ елі Тәуелсіздігін жариялаған соң ғана толық азаттықтың таңы атты.
Сондықтан ақын Күләш:
Таң келеді.
Бойында қанша нұр бар!
Сәлден кейін толқиды сал сағымдар,
Жылт-жылт етіп ойнайды барша құмдар.
Отандастар!
Отанның жаңа таңын
Ерте оянып, қуанып қарсы алыңдар!
Қайырлы таң! – деп тебіренеді. Сосын:
Ұшқан құстай асығып самғайды уақыт,
Адамдарды таңдантып, мәңгі ойлантып.
Зуылдаған ғасырда өз далаң мен
Өз Отаның болғаны қандай бақыт! – деп түйіндейді.
Ақын халқымен мың жасайды. Сондықтан Күләштің:
Халқым аман болсын деп көзімді іліп,
Халқым аман болсын деп оянамын, – деуінде ұлы жүректің аналық тілегі жатыр.
Күләш Ахметова – халықтың да, мемлекеттің де құрметіне бөленген жан. Ол жас күнінен-ақ «Жастар сыйлығының лауреаты» атағын иеленді. Кемел шағында Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды.
Сөйтіп, бағы мен бабы қатар келіскен ақын артына өшпес мұра қалдырып, өткен жылы мәңгілік мекеніне кетті.
Күләштің 1996 жылы шыққан «Күн шыққанда күліп оян» деген кітабына жазған алғысөзінде қазақтың данышпандарының бірі Әбіш Кекілбаев былай деп ағынан жарылыпты:
«Ақын деген бақытты халық. Тәңірдің өзімен жарысып, әлемді қайта жаратады. Тәңірден де асырып, жамандықты білмейтін, тек жақсылықтан ғана тұратын жарастықты әлем жаратуға тырысады. Өлеңінде тірілген сондай ізгілік әлеміне өзі ғана елігіп қоймай, өзгелерді де еліктіреді. Өлеңіндегі өмірдегідей әділетті, пәктілікті, адалдықты, рақымдылық пен мейірбандықты аңсатады. Оны аңсайтын адам өзі зұлым, нәмәрт, пасық бола алмайды. Сөйтіп, табиғат жаратқан, әлеумет жаратқан әлемге шын ақын, шын өлең мысқалдап болса да жақсылық дарытып, жайдарландыра түседі.
Күләш – сондай ақын. Күләштің қаламынан тек сондай ғана өлең туады. Оның өзінің де өңінде ылғи күлкі, көзінде нұр тұратыны сияқты, өлеңі де – ылғи шуақты, мейірбан, биязы.
Естиярланып, елге танылып, жау исініп, дос сүйсініп, жұрт мойындап, әлеумет қолдап, халқың риза болғанда құлағыңа жететін қауқылдасқан қауымның «Ә, бәрекелдісіндей» аса мейірімді.
Күннің нұрындай, гүлдің әріндей, нанның дәміндей, сүттің өңіндей, бөбектің иісіндей емірентпей, тебірентпей қоймас, кінә тақсақ, кие айтатындай пәк жыр.
Ол ананың пейіліндей дарқан, ғашықтың жүрегіндей отты, сәбидің еңбегіндей нәзік, қарындастың көз жасындай мөлдір».
Иә, шынында да қазақ әдебиетінің абызы Әбіш Кекілбаев тебірене жазатындай Күләштің ақындығы ғажап құбылыс екендігі ақиқат. Оны оқыған сайын ерекше сезімге бөленіп, ақылыңа ақыл қосасың. Өмір жайлы көзқарасың айшықтала түседі. Жаратқан ием оған ерекше тағдыр сыйлады. Және өзі армандағанындай шуақты күндері де аз болған жоқ. Тағдыр оны жақсы азаматпен жұптастырды. Ол да ақын. Аты-жөні – Қайырбек Асанов. Олардың шынайы махаббаты, бір-біріне деген іңкәр сезімі аңызға айналды. Қос ақын жайлы талай қаламгер төгілте жазды. Екеуінің махаббатынан Жазира мен Жарқын дүниеге келді.
Алла жақсы көретін пендесіне сынақ береді дейді. 1989 жылы Күләштің құлындай қунақ денесіне дерт жабысты. Украинадан оралған соң ауырыңқырап жүрді. Суық тигізіп алған екен. Ауруханаға қаралған соң «ревмотоидті артрит» деген диагноз қойылды. Дәрігерлер қанша емдесе де ауру асқына берді. Жанына батқанда:
Наздана басып жүрдім мен,
Аз ғана жасып жүрдім мен.
Аз ғана, сосын аз ғана.
Аз ғананың да білдірмей,
Билеп алатынын кім білген?
Қазанат едім жүлде ілген,
Қазбауыр бұлтқа кірдім мен.
Қазығымды айналып,
Қақ ортасында ғаламның
Жалтылдап көзім тұрмын мен! – деп налыды ол.
Талша бойын сырқат дендесе де Күләш ақын туған Отанын, елін, халқын соңғы демі қалғанша жырлап өтті. Ақынның күрескерлігіне тәнті болған қазақтың Қадыр Мырза Әлісі былай деп тебіренді:
«Қай мезгілдің, қай әлемнің, қай елдің
Қараңдаршы жүріп өткен жолына:
Адамзатқа көрік болған әйелдің,
Азаматқа серік болған әйелдің,
Бейнет үшін жаратылған әйелдің,
Толғақ қысып, бала туған әйелдің,
Оған қоса қалам алып қолына,
Илхам кешіп ыхтиярлы кеңесте,
Жыр жазғаны бір ғаламат емес пе?».
Қадыр ақынның сүйсінетіндейі бар. Сонау бір жолы Қадыр Мырза Әлі, Серік Әбдірайымұлы, Берік Шаханов үшеуі Қаратауға келді. Сонда Қадыр аға Күләшті қайта қайта айтып, «Осындай ақыны бар Талас елі қандай бақытты!» деп еді.
Өткен жылы Тараздағы үйіне барып, көңілін сұрадым. Қашан да туған жерін Мекке-Мәдинеден артық санаған ақын әпкем:
Таңғы ауаның таусылмай таза лебі,
Жан даланың ашылып ажар, өңі,
Шаңырағыңнан төгіліп рахман нұры,
Жер бетінде мәңгі тұр, қазақ елі! –деп толғанды.
Жарты әлемді шарлаған Күләш ақын қазағын, Қазақстанын жырлап өтті. Оның мәңгілік ел болатынына жүрегімен сенді.
Менің ойымша, қазақ елі барда Күләш Ахметованың есімі бірге жасайды. Өзі:
Ғаламды сүйдім ғаламат сұлу қалпында,
Аман-сау болғай далам да, дарқан халқым да, – демекші, Ұлы даласы есімін ұлықтап, ұмытпайды.
Иә, Күләш ақынның шығармаларын оқырмандары іздеп жүріп оқиды. Таңдамалы шығармалары әр үйдің шаңырағында тұратыны анық. Егер адамшылықты, кісілікті, нәзіктікті, сұлулықты сүйсеңіз, онда Күләшті оқыңыз, құрметті оқырман!
Бір тебіренгенде:
Тыңдасын деп әлемнің сазын бердің.
Жырласын деп өлеңнің тәжін бердің.
Раббым, сенен бөлек осыншалық,
Нығметтерді мен үшін әзірлер кім?! – деп жазған еді ақын. Иә, өзі айтқандай, поэзия әлемінің падишасы Күләш Ахметова – өлеңнің тәжін киген ұлы ақынның бірі екендігі даусыз.
Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ,
ардагер журналист,
ҚР Ақпарат саласының үздігі