Қой қоздап, қорада шу...
Қыстың қақаған суығы артта қалып, көктем келгелі де бір айдан асып барады. Жер бусанып, мал көкке іліне бастады. Енді бірер күнде төрт түлік алысқа ұзамай-ақ, ауыл іргесінде жатып жусайды, көкке тойынады. Бірақ табиғаты қатал қыстан төрт түлікті аман алып шыққан малшылардың иығынан ауыр жүк түсіп, арқа-басы кеңіді деуге әлі ерте. Себебі шаруа баққан елдің алды дала төсін дүбірге бөлеп, мал төлдету науқанына қызу кіріскен.
Шаруаларының дені ырзығын атакәсіптен айырып отырған өңірлердің ішінде Мойынқұм ауданының орны ерекше. Әулиеата өңірін Бетпақдаламен шектестіріп жатқан Мойынқұм ауданы – қойнауы қазынаға, өрісі малға толы құтты мекен. Облыстың солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан, жалпы аумағы 50,4 мың шаршы шақырым жерді құрайтын Мойынқұм ауданы Әулиеата өңірінің 43 пайызын алып жатыр. Бұйрат-бұйрат құмына қазына жасырынған осы Мойынқұмның даңқын кезінде екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, «Малшылардың маршалы» атанған Жазылбек Қуанышбаев одақтас 15 республикаға танытқан еді. 130 жылдық мерейтойы тойланғалы жатқан дала академигі кезінде 100 қойдан 144 қозы алғаны баршаға мәлім. Даңқты шопан Жаз атаның ізін басқан бүгінгі мойынқұмдық шаруалар малға қырсыз болуға тиісті емес. Өткен аптада Мойынқұм ауданына жасаған жұмыс сапарымызда аудан әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Ернұр Надиргужин Таразға жол жүріп бара жатты. Десе де біз мал төлдету науқанының барысы мен Жаз ата салған сара жолдың бүгінгі жалғасы туралы тәптіштеп сұраған едік.
Төскейде түлік түлеткен агроқұрылымның бірі – «Мерей» шаруа қожалығы. Оның басшысы Ғазиза Садырқұлованың айтуынша, аталған шаруа қожалық әкесі Стамқұлдан мұраға қалған екен. Шаруашылықта 1 200-ге жуық асылтұқымды қой бар. Малды асылдандыру жұмысы 2015 жылы қолға алыныпты.
Аталған шаруашылықтың малын бағып отырған 58 жастағы Бейшенбек Мамашарипов кезінде малдың қыр-сырына қанығып өскен екен. КСРО дәуірінде ата-анасы қырғыз елінде белді шопан болған көрінеді.
Кейбір шаруашылықтың малшы таппай жататыны жасырын емес. Ақысын жақсылап төлесең, малыңа бала-шағасымен бірге қарайтын отбасылар табылатынын «Мерей» шаруа қожалығының тәжірибесінен байқауға болады. Шаруашылықтың малын өз малындай қарауына шопанға төлден берілетін пайыз ықпал етіп тұрғаны анық. Осы арқылы шопанның да мал жинауына мүмкіндігі бар. «Мал баққанға бітеді» деген осы.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ