Әлеумет

Еріктілер еріккен жандар емес

Қоғамдағы жанашырлық пен өзара көмек мәдениетін қалыптастыруда волонтерлік қызмет ерекше рөл атқарады. Еріктілердің еңбегі әрдайым көзге көрінбесе де, олардың іс-әрекеті қоғамға нақты үлес қосады. Бұл қызмет тек жастардың ғана емес, әр жастағы азаматтардың қатысуына ашық. Қазақстанда волонтерлік қозғалыс соңғы жылдары қарқынды дамып, әр өңірде түрлі бағыттағы жобалар жүзеге асырылып келеді.

Өткен аптада Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Ұлттық волонтерлік желі» заңды тұлғалар бірлестігінің өкілдері облысымызға жұмыс сапарымен келген болатын.

Жұмыс сапары аясында «Ұлттық волонтерлік желі» ЗТБ өкілдері өңірлік волонтерлік фронт-офистерінің басшыларымен кездесіп, волонтерлік қызметті дамыту, тәжірибе алмасу және алдағы жоспарларды талқылау жұмыстарын жүргізді.

Іс-шаралар қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге, мұқтаж жандарға қолдау көрсетуге, қоршаған ортаны қорғауға және жастардың әлеуметтік жауапкершілігін қалыптастыруға бағытталды. Волонтерлік қозғалыстың осындай қарқынмен дамуы – өңірдегі бірлік пен жанашырлықтың айқын көрінісі.

Жамбыл ауданында жүзеге асырылып жатқан «Pythagorean_math» математикалық курсы оқушылардың математикалық сауаттылығын арттыруға, логикалық ойлау қабілетін дамытуға және пәнге деген қызығушылығын күшейтуге бағытталған тегін білім беру жобасы болып саналады. Аталған үйірме дарынды балаларды қолдап, оларды олимпиадалық деңгейге дейін дайындауды көздейді. Сонымен қатар жоба аясында жастарға әлеуметтік желілерді тиімді пайдалану жолдары үйретіліп, қысқа әрі мазмұнды бейнероликтер арқылы білім тарату қолға алынған.

Ал Меркі ауданында «Ізгі іс» қайырымдылық жобасы жүзеге асырылуда. Бұл жоба мұқтаж жандарға көмек көрсетуді, қоғамда мейірімділік пен жанашырлық құндылықтарын нығайтуды мақсат етеді. Ал Мойынқұм ауданында «Эко волонтер» жобасы табысты іске асырылып келеді. Жоба жастарды қоршаған ортаны қорғауға, табиғатты аялауға және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған.

Атаулы жыл аясындағы іс-шаралар волонтерлік қозғалысқа ұлттық, аймақтық және жаһандық деңгейде қуатты серпін береді. Бұл еріктілер қызметі саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және оны одан әрі дамытудың негізгі векторларын айқындауға үлес қосатын болады.

Қазіргі таңда еріктілер экология, білім, мәдениет және басқа да салалар бойынша маңызды бастамалар көтеруде. Соның ішінде «Жас ағаш», «Эко бақылау», «Білім волонтерлері» жобаларын ерекше атап өтуге болады. Сондай-ақ биыл «Volunteer FEST – 2026» республикалық волонтерлер фестивалі өтеді. Бұл фестивальға әрбір өңірден белсенді волонтерлер қатысады деп күтілуде.

Өңірде волонтерлік қызметтің негізгі бағыттары ретінде әлеуметтік көмек, білім беру, экология, денсаулық сақтау және төтенше жағдайлардың алдын алу салалары қамтылып отыр. Волонтерлер қарттар мен жалғызбасты азаматтарға көмек көрсетіп, балалар үйлерімен, әлеуметтік мекемелермен тұрақты жұмыс жүргізуде.

«Ұлттық волонтерлік желі» заңды тұлғалар бірлестігінің Ұлттық волонтерлік фронт-офисінің жетекшісі Айбек Аяпбергенұлының айтуынша, бұл игі іске ата-анасының рұқсатымен 14 жастан асқан жеткіншектердің қатысуына болады. Ал жалпы ел бойынша волонтерлікпен айналысу 18 жастан бастау алады және бұл жолда жасқа шектеу қойылмайды. Бүгінгі таңда еліміздегі волонтерлердің орташа жасы 42-ні құраса, ең егдесі 72 жастағы әжей екен.

Мемлекет басшысы атап өткендей, еріктілер – өз елінің шынайы патриоттары. Олар адамгершілік құндылықтарды бәрінен жоғары қойып, мемлекет пен қоғам арасында сенімді серіктестікті нығайтуда ерекше рөл атқарады. Жанқиярлық пен мейірімділік қазақ халқына тән қасиет екенін Президентіміз бірнеше рет баса айтқан.

Өз сөзінде Айбек Аяпбергенұлы волонтерліктің бағыттарына кеңінен тоқталды.

Волонтерлік – жүректен шыққан игі іс, қоғамға пайдасы зор, адамгершілік құндылықтарды қалыптастыратын, жастар мен ересектерді біріктіретін іс-шаралардың негізгі қозғаушы күші. Сондықтан да ортақ мүдде төңірегіне топтасқысы келетін жандардың қатары толыға беретіндігіне сенеміз.

Айжан ӨЗБЕКОВА