Әлеумет

Кітап – рухани байлықтың алтын кілті

Халықаралық балалар кітабы күні 1956 жылдан бері 2 сәуірде әлемге әйгілі дат жазушысы, ұлы ертегіші Ганс Христиан Андерсеннің туған күніне орай жыл сайын аталып өтіледі.

Мерекеге орай Д.А.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында «Ертегілер әлеміне саяхат» тақырыбында «Ашық есік» күні ұйымдастырылды. Танымдық іс-шара оқырмандарға ерекше көңіл күй сыйлап, өскелең ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыра түсті.

Кітапхана қызметкерлері балаларды ертегі кейіпкерлерінің бейнесінде қарсы алып, «Андерсен әлемі» атты әдеби саяхатқа шақырды. Осы күні, кішкентай оқырмандар өздерінің сүйікті кейіпкерлерімен жүздескендей сезінді. Қиял мен шындығы астасқан көріністер олардың жүрегіне қуаныш ұялатқаны байқалды.

Балалар секторының қызметкерлері түрлі қызықты ойындар, библиошар, комикстермен таныстыру жұмыстарын өткізсе, жасөспірімдер бөлімі «Гарри Потер және пәлсапа тас» шығармасының желісі бойынша көрініс сахналады. Жас оқырмандар қойылымға белсене қатысып, сиқырлы әлемнің бір бөлшегіне айналғандай күй кешті.

Сонымен қатар облыстық орыс драма театрының әртістері балаларға арналған қызықты әрі тағылымы мол театрландырылған қойылым ұсынып, Андерсен ертегісі көрермендердің зор ықыласына бөленді. Сахнадағы әрбір образ, әрбір сөз балғын жүректерге ізгілік пен мейірім дәнін сепкендей болды.

«Ашық есік» күні барысында қатысушылар түрлі танымдық ойындарға қатысып, өз білімдерін сынады. Кітаптар көрмесіне шолу жасалып, сенсорлық панель арқылы мультфильмдер көрсетіліп, аудиокітаптар таныстырылды.

Осындай мазмұнды іс-шаралар жас ұрпақтың кітапқа деген сүйіспеншілігін арттырып қана қоймай, олардың ой-өрісін кеңейтіп, рухани дүниесін байыта түседі. Ертегілер арқылы берілген тәрбие – мәңгілік құндылықтардың бастауы.

Балалар үшін ашылған бұл сиқырлы есік олардың болашаққа деген сенімін күшейтіп, арманға жетелейтін жарық жолға бағыт бергендей.

Айдана СӘРСЕНОВА,
М.Х.Дулати атындағы
Тараз университетінің
4-курс студенті