Әлеумет

Республикалық олимпиаданың жеңімпаздары марапатталды

Жақында 9-11-сынып оқушылары арасында өткен республикалық пән олимпиадасы қорытындыланды. Оқу ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған білім бәсекесінде өрендер Қазақстан тарихы, қазақ тілі мен әдебиеті, орыс мектептерінде оқытылатын қазақ тілі пәндері бойынша білімдерін сынады.

Олимпиада 4-7 сәуір аралығында өтті. Дарынды балаларды анықтап, оларды қолдауды мақсат тұтқан сайыстың қорытынды кезеңіне 270 оқушы қатысты. Қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша 91 оқушы, орыс мектептерінде оқытылатын қазақ тілі мен әдебиетінен 86 шәкірт бақ сынаса, Қазақстан тарихы бойынша 93 білімгер қатысып, 121 жүлдені сарапқа салды.

Марапаттау салтанатында сөз алған облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбеков шәкірттерге ақ тілегін арнап, сәттілік тіледі.

Білім бәйгесінде бағын сынаған жамбылдық оқушылар арасында Тараз қаласындағы Әлихан Бөкейханов атындағы №1 гимназияның 11-сынып оқушысы Саматбек Қошқарбаев та бар. Ол қазақ тілі пәнінен үздік нәтиже көрсетіп, өзге дарынды өрендер арасынан озық шықты.

Сайыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер Оқу ағарту министрлігінің І, ІІ және ІІІ дәрежелі дипломдарымен марапатталды. Атап айтқанда, 24 оқушы І орын, 38 оқушы ІІ орын, 59 оқушы ІІІ орын иегері атанды.

Нұрбақыт ТҰТҚЫШБЕКОВ