Түркістандағы тарихи сәт: фотоөнер мен жасанды интеллект тоғысы
Жасанды интеллект өмірімізге дендеп енгелі көптеген мамандық иелері, соның ішінде сценаристер, архитекторлар, дизайнерлер мен фотографтар «технология біздің жұмысымызды алмастырады» деп дабыл қағуда. Алайда жақында Түркістан төрінде өткен тағылымды іс-шара кез келген мамандық иесі шығармашылық қуаты мен технологияны шебер байланыстыра білсе, ешқандай мамандықтың жойылып кетпейтінін, керісінше, жаңа сатыға көтерілетінін дәлелдеп берді.
Киелі Түркістан қаласы 2026 жылдың сәуір айының басында отандық фотоөнер өкілдері мен шығармашыл жастардың басын қосқан ірі мәдени орталыққа айналды. «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен «Түркістан сапары – 2026» фотосапары аясында бір топ кәсіби фотограф пен студенттер ежелгі шаһарға арнайы ат басын бұрды. Сапардың басты мақсаты – қазақ фотожурналистикасының ардагері, танымал шебер Нақып Шынтеміровтың 60 жылдық мерейтойын лайықты деңгейде атап өту және Түркістанның тарихи-мәдени мұрасын фотообъектив арқылы әлемге паш ету. Қатысушылар іс-шара барысында, жас буынға арналған шеберлік сабақтарын өткізіп, кәсіби тәжірибе алмасудың бірегей алаңын қалыптастырды.

Мерейтойлық жиындардың шымылдығы 3 сәуір күні Нақып Шеріұлының «Таспаланған тарих» атты жеке фотокөрмесінің салтанатты ашылуымен түрілді. Көрменің ашылу рәсімі дәстүрлі лента қию салтанатымен басталып, жиналған қауым автордың көпжылдық еңбегінің жемісімен танысуға мүмкіндік алды. Көрме тұтас бір дәуірдің шежіресі іспетті әсер қалдырды.
Салтанатты жиында құттықтау сөз сөйлеген Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова мерейтой иесінің ұлттық өнерге қосқан өлшеусіз үлесін жоғары бағаласа, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің президенті Асылхан Әбдірайымұлы автордың кәсіби шеберлігі мен шығармашылық адалдығына тоқталып, жылы лебізін білдірді.
Мерекелік бағдарламаның ғылыми-тәжірибелік бөлімі «Фотография және жасанды интеллект: шығармашылық пен технологияның тоғысуы» тақырыбындағы «дөңгелек үстелге» ұласты. Жиында заманауи технологиялардың фотоөнердегі рөлі мен болашағы туралы терең пайымдар айтылды. Атап айтқанда, «Фотоөнер» бірлестігінің президенті Асылхан Әбдірайымұлы, PhD докторант, NYFA түлегі, Ақпарат саласының үздігі, Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының қауымдастырылған профессоры және онлайн байланыс арқылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Журналистика» факультетінің аға оқытушысы Дәурен Мұхамеджанов қатысып, тақырып аясындағы ойларымен бөлісті. Сондай-ақ Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің баспасөз қызметінің бас фотографы Марат Жүнісбеков, этнофотограф Оңғарбек Алхаров және фотосуретші Жеңіс Ысқабай мазмұнды баяндама жасады. Сарапшылар жасанды интеллектінің сәулет мұрасын сақтау мен визуалды тілді байытудағы мүмкіндіктерін талқылап, бұл технологияның фотографтар үшін қауіп емес, шығармашылық көкжиекті кеңейтетін құрал екенін алға тартты. Профессор Бекжігіт Сердәлі фотоөнерді білім беру жүйесіне тереңірек енгізу мәселесін көтерсе, Оңғарбек Алхаров жаңа дәуірдегі этика мен авторлық құқық мәселелеріне баса назар аударды.
Келелі кеңес соңында Нақып Шынтеміров фотоөнер саласына сіңірген көпжылдық елеулі еңбегі үшін «Фотоөнер қайраткері» медалімен марапатталды. Сонымен қатар ұрпақтар сабақтастығын нығайту мақсатында ұйымдастырылған «Сәтті портрет» атты факультетаралық фотобайқаудың жеңімпаздары анықталып, үздік шыққан студенттерге лайықты сый-сияпаттар табыс етілді.
Фотосапарға қатысушылар университет қабырғасындағы Наурыз мерекесінің көріністерін тамашалап, ұлттық салт-дәстүр мен заманауи өнердің үндестігіне куә болды. Іс-шара барысындағы тарихи сәттерді мерейтой иесінің ұлдары Мұхаммедәлі мен Серікболсын, сондай-ақ республиканың әр түкпірінен келген «Фотоөнер» бірлестігінің мүшелері таспалап, сапардың маңызын арттыра түсті.
Түркістандағы басқосу отандық фотоөнердің даму бағытын айқындап, кәсіби шеберлікті шыңдаудың жаңа белесіне айналды.
Алтынбек ҚАРТАБАЙ,
фототілші
Тараз – Түркістан – Тараз