Тұтынушы құқығы басты орында
Азық-түлік бағасының негізсіз өсуі қарапайым халықтың қалтасына салмақ салып, тұрмысын қиындататыны белгілі. Сол үшін де мемлекет саудагерлердің заңды белшесінен басып, бағаны шарықтатып жіберуіне жол бермейді. Кез келген сауда орындарында кәсіпкер тұтынушының құқығын бұзатын болса, ол бойынша мәселе зерделеніп, кінәсі болса тиісті шара қолданылады.
Тұтынушылардың құқығын қорғау мақсатында облыс бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің мамандары Тараз қаласындағы бірқатар азық-түлік дүкенін тексерді. Нақты айтар болсақ, осы жылдың алғашқы тоқсанында мамандар «Е-өтініш» платформасына келіп түскен арыз-шағымдардың негізінде жоспардан тыс 33 тексеру жүргізді. Тексеріс нәтижесі көрсеткендей, қала дүкендерінде бағаны тұрақтандыру талаптары мен тұтынушы құқығы жиі бұзылатыны анықталды.
Атап айтқанда, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің (ӘҚБтК) 204-бабына сай 19 тексеріс бойынша құқықбұзушылықтар тіркелді. 14 тексеріс ӘҚБтК-нің өзге де талаптарына сәйкес заңсыздықтарды әшкереледі. Бұл әрекеттердің барлығы «Сауда қызметін реттеу туралы» заңның 9-бабына қайшы келеді.
Халыққа ұсынылатын тауар бағасының негізсіз өспеуі – заң талабы. Ал бұл қағиданы ескермей, өз кірісін арттыруды халықтың мұқтаждығын пайдалану арқылы, яғни бағаны көрсетілген шекті бағадан асыра қойған кәсіпкерлерге қатаң түрде әкімшілік шаралар қолданылады. Осындай жұмыстың нәтижесінде заң бұзған кейбір дүкен иелері айыппұл түріндегі жауапкершілікке тартылды.
Әлия АМАНГЕЛДИЕВА,
облыс бойынша сауда және
тұтынушылардың құқықтарын қорғау
департаментінің бас маманы