Жамбыл жаңалықтары

Тазалық мәселесі тасада қалмайды

Сәуір айының 13-17 күндері аралығында Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы бастаған арнайы жұмыс тобы облысымызға іссапармен келіп, бірқатар бағыт бойынша зерделеу жұмыстарын жүргізуді жаспарлап отыр. Осыған орай кеше облыс әкімдігінде аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен аппараттық кеңес өтіп, алдағы тексеріске дайындық барысы пысықталды.

Жиында алғашқы болып облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дамир Тұңғатов баяндама жасап, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының іске асырылу барысы туралы есеп берді. Айтуынша, былтыр облыстық мәслихаттың шешімімен 2030 жылға дейін «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасының өңірлік жоспары бекітілген. 47 іс-шарадан тұратын аталған жоспар негізгі үш бағытты қамтиды.

«Таза Қазақстан» акциясының ақпараттық сервисі бойынша телеграм-бот арқылы жыл басынан бері жалпы 263 өтінім түскен. Оның ішінде 251 өтінім мерзімінде қарастырылса, 3 өтінімнен шағымданушылар бас тартқан. 9 өтінім қазір қаралып жатқан көрінеді.

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында көктем айында облыс бойынша 10 акция өткізу жоспарланса, бүгінгі күнге дейін «Тазарту күні», «Мөлдір бұлақ», «Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу күні» акциялары мен «Жер сағаты» іс-шарасы өткізіліпті.

Баяндамашының сөзінен кейін Ербол Шырақпайұлы бұған дейін Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Меркі аудандары мен Тараз қаласында анықталған кемшіліктерге тоқталып, өзге аудандар бойынша да жүргізілген зерделеу жұмыстарының барысын сұрады. Дамир Сейсенбекұлы аталған 4 аудан мен облыс орталығындағы кемшіліктерді жою бойынша ақпараттар жинақталып, шешімін тапқанын, сондай-ақ қалған аудандарда да тексеру жұмыстары жүріп жатқанын жеткізді. Сонымен қатар аймақ басшысы Жаңатас пен Шу қалаларында жасыл желектерді цифрландыру жұмыстарының әлі басталмағанын сынға алып, бір апта бұрын берілген тапсырманы дер кезінде орындауды талап етті.

Сол секілді облыс әкімі Тараз қаласында экобокстар мен фандоматтар орнату бойынша тиісті жұмыстардың не себепті сылбыр жүріп жатқанын сұрады. Сондай-ақ қалада экопарк ашу қажеттігін еске салды. Шаһар басшысы Бақытжан Орынбековтің сөзіне сүйенсек, бұл бағыттағы жұмыстарды бастау үшін кәсіпкерлермен келісімшарттар жасалып, бюджеттен тыс бизнес есебінен қаржы қарастырылған. Қазірге дейін қаладағы ірі сауда орындарында 7 экобокс қойылған, негізгі жұмыстар сәуір айының соңына дейін толық аяқталады. Сонымен бірге «Мамыр» саябағы аумағында Экология және табиғи ресурстар министрлігінің стандарттарына сай келетін экопарк құру жобасы мемлекеттік сараптамадан өткізілген. Алдағы аптада мердігер анықталып, құрылыс жұмыстары басталмақ.

Келесі кезекте облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нартай Егембердиев Мемлекет басшысының орман қорында 2 миллиард ағаш отырғызу тапсырмасының облыста орындалу барысын сөз етті. Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, өңірдегі мемлекеттік орман қорының жалпы ауданы 4,4 миллион гектарды құрайды. Оның 52,3 пайызы орманмен көмкерілген. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында қабылданған кешенді жоспарға сәйкес 2027 жылға дейін облыс аумағында 143 миллион ағаш отырғызу көзделіпті. Мәселен, 2021-2025 жылдар аралығында 60,9 мың гектар алқапқа 112,8 миллион ағаш отырғызылып, жоспарлы көрсеткіштер толық орындалған. Сонымен қатар Н.Егембердиев саладағы өзекті мәселелерге де тоқталды. Мысалы, басқармаға қарасты 16 мекемеде 1 200-ден астам маман еңбек еткенімен, материалдық-техникалық жабдықталу деңгейі небәрі 38 пайызды құрайды екен. Техникалардың көбі тозған, сондай-ақ 10 мекеменің ғимараты күрделі жөндеуді немесе жаңадан салуды қажет етеді. Оған қоса орманшылар үйі жетіспейді.

Кеңес отырысында Д.Тұңғатов «Жасыл белдеу» өңірлік жоспарының орындалу барысы жайлы, облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев өңірдегі туризм саласында атқарылған жұмыстар жайында егжей-тегжейлі есеп берді. Шаһардың сәулеттік келбеті бойынша Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің баяндамасы тыңдалды.

Ербол Шырақпайұлы жиын соңында жауаптыларға «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын сапалы орындауды, елді мекендерді абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарын жүйелі жүргізуді және Президенттің орман қорын молайту жөніндегі тапсырмасын мүлтіксіз жүзеге асыруды жүктеді. Сонымен қатар өңір басшысы қалалардың сәулеттік келбетін реттеу үшін бірыңғай дизайн-код енгізуді, туризм инфрақұрылымын дамытуды және анықталған кемшіліктерді жедел жоюды қатаң тапсырды.

Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ