Әлемдік подиумдарды бағындырған Тараздық талант
Өмірде өз бағытыңды бағамдап, қабілетіңе қанат бітіретін даңғыл жолды табу оңай емес. Әсіресе арман қуып, алғашқы қадамын енді жасаған жас маманның үлкен бәсекелестікке толы әлемдік деңгейде мойындалуы мүмкін еместей көрінетіні жасырын емес. Алайда бойға біткен талант пен қажырлы еңбек кез келген кедергіні еңсеретінін тараздық Тимур Тұрсынқұлов өз жетістігімен дәлелдеп келеді.
Ол небәрі 21 жасында сән әлемінің төріне шығып, талғамы нәзік сәнқойларды таңдай қақтырған бірегей туындыларымен жарқырап көрінді. Халықаралық сахнада өз орнын тауып, «Timur Tursunkulov» брендінің негізін қалаған жас дизайнер бүгінде қазақстандық сән өнерінің жаңа есіміне айналды. Тимурдың басты мақсаты – төл мәдениетіміздің інжу-маржандарын паш ететін дүниелерді жарыққа шығару.
Кейіпкеріміздің айтуынша, алғашында сурет пәнінің мұғалімі шәкіртінің бойындағы қабілетті танып, талабына қанат бітірген. Жақындары да Тимурдың таңдаған жолының дұрыс екенін байқап, қолдау көрсетеді. Айналасындағы жандардың ықыласы жас дарынды жаңа белестерге ұмтылдырып, байқауларда бақ сынауға әрі Қазақстанның атын әлемдік сахнада асқақтатуға жігерлендіреді.
Әрбір сән топтамасының тарихы аппақ қағазға түскен алғашқы нобайдан басталады. Дизайнер қиялында пісіп жетілген бейнені алдымен қағаз бетінде бейнелеп, оның болашақ келбетін аңғартады. Алайда бұл шығармашылық жолдың бастапқы қадамы саналады. Ойға алған идеяны жүзеге асыру процесі әлдеқайда күрделі еңбекті қажет етеді. Бұл кезеңде төзімділік таныту, әрбір ұсақ детальға дейін мән беру, матаның табиғатын тани білу, пішу мен тігу әдістерін және заманауи технологияларды жетік меңгеру шешуші рөл атқарады. Қиялда туған бейненің дәл ойындағыдай болуы үшін еркін шығармашылық пенматематикалық дәлдіктің өзара үйлесімі талап етіледі.
Қазақстандық дизайнердің қолтаңбасы бүгінде әлемдік деңгейде танылып үлгерді. Ол Сербия, Қытай, Италия, Франция, Румыния, Германия, Сингапур, Тәжікстан мен Ресей секілді мемлекеттердің сән апталықтарында өз өнерін паш етті. Шығармашылық өрлеуі ерте басталған кейіпкеріміз 18 жасында Қытайда өткен ауқымды «Eurasian Fashion Week» халықаралық сән апталығында алғашқы топтамасын ұсынды. Дәл сол айтулы шарада «Eurasia» номинациясы бойынша алғашқы маңызды марапатына ие болды. Ал 21 жасында Италияның беделді «Celebre Magazine» басылымының таңдауымен «Үздік сән дизайнері» жүлдесін иеленді. Бұл жетістік оның еңбегінің халықаралық деңгейде мойындалуына жол ашып, кәсіби биіктерге ұмтылуына үлкен серпін берді.
Шетелдік аудиториямен жұмыс істеу тәжірибесі де өте сәтті қалыптасты. «Paris City Fashion Week», «MadMood Milano Fashion Week», «Mediterranean Fashion Week», «Fashion Open Air Berlin» сынды ірі мінберлерде көрсетілген жұмыстары жоғары талғампаздығымен ерекшеленді. Көрермендер мен кәсіби сыншылар әсіресе қазақтың ұлттық ою-өрнектері мен заманауи еуропалық сұлбалардың жарасымды үйлесіміне тәнті болды.
Жерлесіміздің ең елеулі жетістіктерінің бірі өткен жылдың соңына таман Парижде өткен сән көрсетілімі болды. Ауқымды іс-шарадан кейін қазақстандық жас дизайнердің атағы әлеуметтік желілерде кеңінен тарап, көпшіліктің назарын аударды.
Тимурмен «Paris City Fashion Week» сән үйінің негізін қалаушының өзі байланысқа шығып, сән көрсетіліміне қатысуға ұсыныс білдіріп, арнайы шақырту жолдаған.
Ал жоғары деңгейде өткен сән көрсетіліміне әлемнің түкпір-түкпірінен келген дизайнерлер, өндіріс мамандары мен сән әлемінің сарапшылары қатысады. Басқосу жаңа топтамаларды таныстырумен шектелмей, кәсіби тәжірибе алмасуға және халықаралық деңгейде серіктестік орнатуға жол ашты. Ең бастысы, жиын Қазақстанның төл мәдениеті мен отандық дизайн мектебінің өзіндік қолтаңбасын әлемдік деңгейде айшықтай түсті.
Париж сахнасында тараздық дарын Тимур Тұрсынқұлов нағыз сенсация жасап, сән әлемінің қалыптасқан қағидаларын қайта жазды. Қазақстандық дизайнер подиумға 40 жастан асқан нәзікжандыларды шығару арқылы шынайы сұлулықтың уақыт пен жасқа бағынбайтынын асқан шеберлікпен дәлелдеп берді.
Дизайнердің сөзіне сүйенсек, бұл тың идея өмірлік тәжірибеден туындаған. Сән индустриясының тек жастық жалынға ғана табынып, кемелденген шақтың тереңдігі мен парасатын назардан тыс қалдырып жүргенін аңғарған ол осы қадамы арқылы қоғамға маңызды ой тастауды мұрат тұтқан. Бұл көрсетілім толысқан сұлулықтың, ішкі үйлесім мен өмірлік даналықтың салтанат құруына айналды.
Сұхбаттасушымыздың айтуынша, Қазақстанда соңғы уақытта отандық дизайнерлердің туындыларына деген қызығушылықтың деңгейі жаңа сатыға көтерілген. Қазіргі таңда сатып алушылар танымал брендтің атауынан бұрын бұйымның сапасына, оның қайталанбас бірегейлігіне және авторлық еңбектің салмағына баса назар аударады. Көбіне өзінің дара стилі мен қоғамдағы мәртебесін айқындауды қалайтын, сонымен бірге өнер мен мәдениетті жоғары бағалайтын жандар дизайнерлердің тұрақты аудиториясына айналған. Мұндай эксклюзивті киімдердің құны топтаманың күрделілігіне, таңдалған материалдардың бағасына және әрбір детальға жұмсалған қол еңбегінің деңгейіне қарай белгіленеді. Шын мәнінде, бұл жай ғана зат сатып алу емес, сапа мен мәдени код сақталған өнер туындысына салынған инвестиция болып саналады.
Дегенмен отандық сән индустриясының даму жолында кездесетін өзіндік кедергілер де жоқ емес. Бүгінде дизайнерлер кәсіби өндірістік қуаттардың тапшылығы мен инфрақұрылымның әлсіздігінен қиындық көріп отыр. Халықаралық аренаға шығу үшін ірі көрмелер мен инвесторлардың қолдауы ауадай қажет. Сонымен қатар жас мамандардың арасында ұлттық құндылықтарды заманауи үлгімен ұштастыру мәдениеті енді ғана қалыптасып келеді. Десе де отандық шеберлердің әлеуеті мен жаңашыл топтамалар жасауға деген құлшынысы кез келген кедергіні еңсеруге қауқарлы. Білім мен өзара ынтымақтастықты нығайту арқылы бұл саланы жаһандық деңгейге көтеру әбден мүмкін.
Тимур Тұрсынқұловтың шығармашы лық миссиясы сұлулықтың жас талғамай ты нын көрсетуге негізделген. Ол әйел адамның кез келген жаста өзіне сенімді әрі тартымды болуына шабыт береді. Сән индустриясы ұзақ уақыт бойы тек жастықты идеал санап келгенімен, қазіргі әлемнің талабы өзгерді. Бүгінгі әйел өзінің өмірлік тәжірибесімен, нық сенімімен және ішкі мәдениетімен нағыз стиль символына айнала алады.
Шәкіртінің әр қадамын жіті қадағалап, тілекші болып отырған ұстазы, дүниежүзілік қолөнершілер кеңесінің Азия Тынық мұхиты бойынша Вице-президенті, «Aspara Fashion Week» халықаралық сән апталығының президенті Айдархан Қалиев жас сәнгердің жетістіктеріне ерекше тебіреніспен қарайды.
Тимурдың пайымынша, қазіргі таңда әлемдік нарықты бағындыру үшін тек талғам мен ниет жеткіліксіз, мұнда терең кәсіби білім мен еңбекқорлық бірінші орында тұрады.
Дизайн өнері – формамен, матамен және тарихпен жұмыс істеуді талап ететін күрделі үдеріс. Тимур Тұрсынқұлов ешқандай мемлекеттік немесе инвесторлардың көмегінсіз, тек өз күшімен жетістікке жеткендіктен өзге әріптестерін де табандылыққа шақырады. Оның стилі даланың еркіндігі мен шығыстың нәзіктігін заманауи ырғақта жеткізе білуімен ерекшеленеді.
Болашақта ол өз брендінің эстетикасын сақтай отырып, күнделікті өмірге қолайлы әрі көпшілікке қолжетімді киімдер желісін шығаруды көздеп отыр. Осылайша сапалы дизайн тек подиумда ғана емес, әрбір адамның күнделікті гардеробында орын алып, сұлулық пен мағыналы сән баршаға жақындай түспек.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ