Қайдасың, ойлы оқырман?
Қазақтың қазыналы көркем әдебиетін парақтап отырсаң, кейбір әңгіме барысында «қарайып қалдым» деген сөз кездеседі. Бұл тіркес адамның оқудан алыстап кеткенін білдіреді. яғни бұрын адамдар газет-журнал, кітап оқушы еді. Содан екінің бірі сөйлегенде мақалдап, мәтелдеп, астарлап сөйлейтін әрі ол жалпыға түсінікті болатын.
Қайдасың ОЙЛЫ ОҚЫРМАН?
Қазір де оқырман қауым бар. Бірақ бүгінгі тіл барынша қарапайым, барынша ұғынықты болуы керек. Әрі ә дегеннен қызықтыра алмасаң, еңбегің еш кетеді. Әрине, бұл – заман талабы. Қазіргі әдебиет те, БАҚ та барынша жаңа дәуірдің сұранысына бейімделіп-ақ келеді. Телеарналар, газет-журнал, сайттар барынша түсінікті тілмен ақпарат таратуға тырысады.
Газет-журнал, кітапты қойғанда, елдің назары көгілдір экраннан да алыстағалы біраз жыл болды. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін телефонға телміріп, әлеуметтік желідегі «Instagram», «TikТok»-ты ақтарады да жатады. Тіпті 1 минуттық бейнежазбаны көріп болғанша көптің сабыры сарқылып бітеді.
Расында да бүгінде телеарна көріп, газет-журналға жазылатындардың саны азайды. Мәселен, қалалық, облыстық, республикалық газеттердің таралым саны 2-3 мыңнан басталса, мақтағаны 10-15 мыңнан әрі аспайды. Әрі кетсе кейбір газеттің таралымы 20 мыңға барар. Ал 20 миллион халқы бар еліміз үшін бұл – өте төмен көрсеткіш. Демек, оқу мәдениеті бізде жоқтың қасы. Ал блогер, тиктокерлердің парақшаларындағы оқырман санына таңдайыңды еріксіз қағасың. Мыңдаған, миллиондаған адамдар біреудің не істеп, не жеп жатқанынан, қайда жүріп, қашан қайда баратынынан хабардар болып отырады.
Осы ой жетегімен қолға қалам алу барысында біз балалық шағы технологиялық тамашасыз, кітап, газет-журнал арқылы мәнді өткен азаматпен тілдестік. Құрманбек Әбдіраймен пікірлескенімізде ол бізге балалық шағынан сыр шертіп, өз ойын бүкпесіз баяндады.
– Менің кітап оқуға деген құштарлығым мектеп қабырғасында қалыптасты. Ең алғаш оқыған туындым – Бауыржан Момышұлының «Адам қайраты» атты кітабы. Әрине, мектеп табалдырығын аттағанға дейін-ақ ата-әжеміздің аузынан талай ертегі мен аңыз-әпсаналарды тыңдап өстім. Ол кездің өзіндік бір тамаша дәстүрі бар болатын. 23 ақпан – Кеңес одағы әскері мен теңіз флоты күнінде қыздар қауымы бізге міндетті түрде кітап сыйлайтын. Оған дейін батырлар жырын, «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан» дастандарын күйтабақтан тыңдап ержеттік.
Жүніс есімді атам өте еңбекқор жан еді. Бақшада жүргенде бір жүйектің шөбін тазалап болғанша Абай атамыздың сырлы өлеңдерінен бір шумақ жаттататын. Сол өлеңдер әлі күнге дейін жадымда. «Абайды жаттасаң, сен қалай қисық жүремін десең де, ол кісінің өлеңі алдыңнан шығып, жол нұсқап тұрады» деуші еді, жарықтық. Расында да өмір жолымда кездескен неше түрлі қиындықтарда сол 8-12 жасар бала кезімде атам жаттатқан жырлар зор көмегін тигізді.
Сондай-ақ ол балаларға бағыт-бағдар сілтеу, олардың жақсы азамат болып қалыптасуына ықпал ету аға буынның міндеті екенін еске салды.
Уақыт қанша алға жылжығанымен, кітап адамның адал досы, ақылшысы, ал кітапхана жанға тыныштық сыйлайтын мекен болып қала бермек. Бұл тұрғыда біз де өңірдегі ең ірі руханият ордасының жұмысына тоқталғанды жөн көрдік. Осылайша Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Эльмира Әбдиновамен тілдескен едік. Ол өңірде ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатқанын айтты.
Кітап демекші, кітап оқитын жастардың қатары біртіндеп болса да артып келеді. Әлеуметтік желіде қазақ әдебиетінің түрлі туындылары талқыға түсіп жатқанын көргенде марқайып қаласың. Білімқұмар жастардың қатарында М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің 3-курс студенті Әділет Медерқұлов та бар. Оның жақсы әдетті жанына серік етуінің сырын өзінен сұрап білген едік.
Бүгінде кітап дүкендерінің дәурені жүріп тұр десек, жаңылмаспыз. Жеке кітапхана жасақтау әдісі әлі де үзілген жоқ. Осы орайда атақты «Кітап ал» дүкендер желісінің Тараз қаласындағы дүкенінде еңбек ететін сатушы Тоқжан Мәжитоваға хабарласқан едік. Оның айтуынша, кітап оқымайды деген сөз жаңсақ көрінеді.
– Бүгінгі таңда «кітап оқымайды» деген жаңсақ пікірдің тас-талқаны шығып жатыр. Күнделікті жұмыс барысында біз мүлдем бөлек көріністі көреміз. Бірі баласын қолынан жетектеп, рухани азық іздесе, бірі классиканы сағынып келеді. Біздің тұрақты оқырмандарымыздың 60-70 пайызы 30 жастан асқан буын. Бұл – қалыптасқан, саналы түрде кітап таңдайтын оқырман шоғыры. Әсіресе ата-аналардың балаларына кітап таңдатып, олардың талғамын қалыптастыруға тырысқаны көңіл қуантады. «Қандай кітап оқығың келеді?» деп баласына бағыт-бағдар беріп жүрген әке-шешелерді көргенде болашаққа деген сеніміміз нығая түседі. Ал студент жастар бұл жаққа аз келеді. Бәлкім, бұл шәкіртақының жетіспеуі немесе уақыттың тығыздығынан болар. Бірақ біз бұл мәселенің де шешімін таптық. Біздің дүкенде кез келген кітапты тегін оқып отыруға болады. Білімге ұмтылған жастың жолында қаржылық кедергі болмауы тиіс деген ұстанымдамыз.
Соңғы уақытта жастар арасында қазақтың классикалық әдебиетіне деген қызығушылық күрт артты. Әсіресе Дулат Исабековтің шығармалары – нағыз «хит». «Қарғын», «Гауһартас», «Сүйекші» сынды туындылары дүкен сөресіне түскен бойда, бір айға жетпей таусылып қалады. Бұл – жастардың шынайы сезім мен терең прозаны іздейтінінің айқын дәлелі. Сонымен қатар Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірі мен тұлғасын тануға арналған еңбектер үнемі жоғары сұраныста. Өзін-өзі дамыту бағытындағы «Атомные привычки» секілді әлемдік бестселлерлердің орыс тіліндегі нұсқасын іздеп келетіндер көп. «TikTok», «Instagram» әлеуметтік желілерінде тренд болған махаббат хикаялары мен жеңіл жанрларға жас буынның аңсары ауып тұрады. Біздің ардақты аға-апаларымыз бен зиялы қауым өкілдері көбіне тарихи-танымдық дүниелерді таңдайды. Сайын Мұратбеков пен Мұхтар Мағауин – олардың сүйікті авторлары. Сондай-ақ Өзбекәлі Жәнібеков, Қаныш Сәтбаев туралы еңбектер мен «Ұлы дала тарихына» қатысты зерттеулер үлкен буынның үстел үсті кітабына айналған. Біздің дүкеннің есігі әрбір оқырман үшін ашық. Біз тек кітап сатып қана қоймаймыз, оқырман мен автордың, өткен мен болашақтың арасындағы алтын көпір болғымыз келеді. Кітап оқитын қауымның бары – біздің ең үлкен жетістігіміз, – деді ол.
Өткен жылы өңірде «Ой шебері» зияткерлік ойыны бастау алған болатын. Білім ордаларындағы жастарды кітап оқуға баулуға бағытталған жоба биыл да өз жалғасын табуда. Осы игі бастамаға мұрындық болғандардың бірі – қоғам белсендісі Исламбек Дастанмен сөйлескен едік. Оның айтуынша, байыпты бастаманы қолға алу барысында ауқымды жұмыстар атқарылған екен. Алдағы уақытта да жобаның аясы кеңеюі мүмкін.
Оқу инемен құдық қазғандай десек те, кітап оқу – адамның рухани байлығының кепілі. Дегенмен заманымыздағы қалталы азаматтар мен жетістікке жеткен жанкештілердің баршасының ортақ әдеті – оқу мен ізденістен қол үзбеу. Асыл дініміздің мәйегі – қасиетті Құран аяттарының алғаш түскен «Алақ» сүресінде «Оқы! Сені жаратқан Раббыңның атымен!» деп өрнектелуінің өзі ғибрат аларлық жайт болса керек.
Мамандардың айтуынша, күніне 100 бет оқу міндет емес, шама-шарқыңызша 5-10 минут кітап оқуды бастаңыз. Соны әдетке айналдырып, игілігін көруге болады. Еліміз дамысын десек, әуелі өзіміз кітап оқып, жақсы әдеттерді бойымызда қалыптастыруымыз керек!
Нұрбақыт МҰСАТИЛЛАҰЛЫ