Тотықұс өсіру табысты кәсіпке айналды
Соңғы жылдары елімізде экзотикалық құстарды үй жағдайында асырау белең алып келеді. Әсіресе тропикалық тотықұстарға деген қызығушылық артып, оларды тек ермек үшін ғана емес, табыс көзі ретінде өсірушілер көбейген. Қала тұрғындарының табиғаттан алыстап бара жатқан өмір салты да осы үрдіске әсер етуде. Көпқабатты үйлерде тұратын адамдар үшін кішкентай тіршілік иесін асырау – бір жағынан, тыныштық пен эстетикалық ләззат сыйласа, екінші жағынан, балаларға тәрбие берудің тиімді жолы. Бұл кәсіптің ерекшелігі – экономикалық тиімділігімен қатар, эстетикалық, тәрбиелік және әлеуметтік мәнінің жоғары болуында.
Осы бағытта табысты еңбек етіп жүргендердің бірі – Тараз қаласының тұрғыны Нұржан Нұрмаханұлы. Ол ерекше кәсіпті небәрі бір жыл бұрын бастағанымен, бүгінде 200-ден аса тотықұсты баптап отыр. Кәсіпкер құстарға қолайлы жағдай жасау үшін арнайы құсхана салыпты. Құсхана ішіне әр құстың түріне қарай жеке торлар орналастырылып, олардың жайлы тіршілігі үшін барлық жағдай жасалған.
Нұржан бұл кәсіпті бастау үшін мемлекеттен 1,5 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз грант алып, өз жобасын сәтті қорғап шыққан. Айтуынша, бұл қаражат бастапқы кезеңде үлкен көмек болған. Қажетті құрал-жабдықтар сатып алынып, құстардың алғашқы партиясы әкелінген.
Қазіргі таңда оның құсханасында корелла, амадина, розелла, пенант секілді тропикалық құстардың 10-ға жуық түрі бар. Әр құстың күтімі мен өсіп жетілу ерекшелігі әртүрлі. Мәселен, ұсақ құстар жұмыртқадан 12 күнде шығып, 45 күн ішінде жетілсе, ірі түрлері баяу өседі екен. Бірақ өмір сүру ұзақтығында белгілі бір айырмашылық бар. Негізі тотықұстар 15-25 жыл өмір сүрсе, кейбір ірі түрлері 100 жылға дейін тіршілік ете алады.
Құстардың негізгі азығы – сұлы, бидай, жүгері және арнайы дәруменге бай жемдер. Сонымен қатар қызыл және сары тары, қара шемішке де рационға қосылады. Бір құсқа тәулігіне шамамен бір ас қасық жем жеткілікті.
Қазіргі таңда тотықұстарға деген сұраныс тек Тараз қаласында ғана емес, Шымкент пен Алматы қалаларында да жоғары екен. Әлеуметтік желілер арқылы да тапсырыс берушілер саны артып келеді. Бағасы құстың түріне байланысты әртүрлі. Қарапайым түрлері 4 мың теңгеден басталса, сирек кездесетіндері 60 мың теңгеге дейін жетеді.
Тотықұстардың мінезі де әртүрлі. Мәселен, бұйра тотықұс шулы әрі белсенді болса, корелла сабырлы келеді. Құстарды жеке де, жұбымен де, шағын топпен де асырауға болады. Дегенмен ірі құстардың ұсақтарына зиян келтіруі мүмкін екенін ескерген жөн.
Кәсіпкердің айтуынша, ірі тотықұстардың ішінде ара мен какаду секілді түрлері өте ақылды әрі сезімтал келеді, алайда олардың бағасы жоғары болғандықтан әзірге мұндай құстарды өсіру жоспарында жоқ.
Биылғы жылы кәсіпкер шамамен 50-60 тотықұсты саудалаған. Әзірге аса үлкен табыс болмаса да, бұл істен бір адамның жалақысына жететін тұрақты кіріс табуға болады. Сонымен қатар бұл кәсіп оған рухани ләззат сыйлайды.
Тотықұс өсіру – тек табыс көзі ғана емес, табиғатпен үндесіп, эстетикалық ләззат сыйлайтын, сондай-ақ бала тәрбиесіне оң ықпал ететін ерекше кәсіп түрі. Мұндай бастамалар өңірдегі кәсіпкерліктің дамуына да тың серпін беретіні сөзсіз. Сонымен қатар бұл бағыт адамдарды табиғатқа жақындатып, тірі жанға деген жауапкершілікті арттыруға ықпал етеді.
Айжан Өзбекова