Әлеуметтік желіні дұрыс пайдаланып жүрміз бе?
Бүгінгі таңда әлеуметтік желісіз өмірді елестету мүмкін емес. Жастардың күні смартфонға үңілумен басталып, солай аяқталады. Бірі бұл кеңістіктен пайдалы ақпарат іздесе, екіншісі көңіл көтеруді, ал енді бірі танымалдылыққа ие болуды мақсат тұтады.
Әлеуметтік желі адамзатқа жаңа мүмкіндіктер есігін айқара ашқанымен, кейде алтындай уақытты босқа өткізудің негізгі себебіне де айналып отыр. Осы ретте «Цифрлық әлем бізге шынайы бақыт сыйлай ма, әлде байқатпай тәуелділік тұңғиығына тарта ма?» деген сауалдың жауабы әлі де бұлыңғыр.
Мәселенің бір жағына үңілсек, әлеуметтік желі – қашықтықты жақындататын таптырмас құрал. алыстағы ағайын-туыспен, достармен жедел байланыс орнатуға болады. Бұл – желінің басты тиімділігі. Сондай-ақ әлем дегі жаңалықтардан дер кезінде хабардар болу адамның жан-жақты дамуына жол ашады. Талантты жастар үшін түрлі платформалар креативті идеяларымен бөлісетін үлкен алаң іспетті.
Алайда түйткілдің екінші жағы – қауіпті тәуелділік. Көптеген жас шынайы өмірін виртуалды әлемге айырбастап, телефонда тым көп уақытын өткізуде. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бекіткен ұсынымына сәйкес 2 жасқа дейінгі балаларға экран алдында уақыт өткізуге мүлде болмайды. Ал 2-6 жасар балалардың экран алдында өткізетін уақыты күніне 1 сағаттан аспауға тиіс. 7-12 жас аралығындағы балалар экран алдында 2 сағаттан артық отырмауы керек. Бірақ айналамыздан әлі тілі, бесіктен белі шықпаған сәбилердің телефоннан бас алмайтыны жиі байқалады.
«Kid Security» балаларға арналған киберқауіпсіздік қосымшасының сараптауынша, қазақстандық балалар күніне орта есеппен 130 минутын «Tik Tok»-та өткізеді. Киберқауіпсіздік қосымшасының негізін қалаушылардың бірі Асат Ашамановтың айтуынша, бұл – әлемдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Мәселен, ұлыбританиялық балалар күніне 127 минут «Tik Tok»-та отырса, жалпы әлемдік орташа көрсеткіш 112 минутты құраған. Бұдан бөлек ел балаларының виртуалды ойындарға әуестігі де әлемдік көрсеткіштен көп болып отыр.
Соның ішінде балалар белсенді қолданатын «Roblox» ойынына Қазақстан балалары күніне орташа есеппен 150 минутын арнаса, әлемдік көрсеткіш бұл уақыттан 20 минутқа аз. Сонымен қатар Қазақстанда «Tik Tok» қолданушыларының саны 15,7 миллион адамға жеткенін де айтпай кетуге болмайды, бұл – ел халқының 81,5 пайызы деген сөз. Өте жоғары көрсеткіш. Ал «Instagram» ды Қазақстанда 13 миллионға жуық адам, яғни халықтың 60 пайызы қолданады. Салыстырмалы түрде қарасақ, АҚШ-та бұл көрсеткіш 52,3 пайызды құрағанымен, ондағы ересек аудиторияның үлесі 64 пайыз екен. Бұл дамыған елдерде әлеуметтік желі тек ойын-сауық емес, кәсіби даму мен саналы ақпарат алмасу құралы ретінде қарастырылатынын көрсетеді.
Цифрлық тәуелділіктен құтылудың жолы – желіні саналы әрі жоспарлы түрде қолдану. Әрбір іс әрекетке уақыт өлшемін қою арқылы біз шынайы өмірдің қызығын сезініп, эмоциямызды еркін білдіре аламыз. Осылайша біз технологияның зиянын емес, тек пайдасын ғана көретін боламыз. Бұл өз кезегінде халықтың тұрмыс сапасын арттырып, еліміздің тұрақты дамуы мен болашақ қауіпсіздігінің кепіліне айналады. Америкалық медиа сарапшы Германи Кент: «Әлеуметтік желі – зерттеу жасауға, білім алуға және пікір алмасуға пайдалы құрал. Дегенмен оны шектеусіз қолдану тәуелділік пен қауіпке алып келеді», – деп баға берген. Бұл пікір – ғылыми және психологиялық тұрғыдан әбден дәлелденген ақиқат.
Жания ЕЛУАН